Аманжол мен Әсия айтысы (2-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Әсия Беркенова · 2 мин оқу
Тарихта өтсе-дағы талай дана,
Ішінде Абай ұлы, Абай дара.
Қазақтың қандай халық екендігін,
Дәл басып айтып өткен Абай ғана.
Өріне домаласын тасың, апа,
Анамдай оның рас жасың, апа.
Бауырың соңыңыздан тайраңдасын,
Алдымнан жол басташы, асыл апа.
Әсия:
Аналық бой ұрайын бір сезімге,
Тұсауды салайын мен бұл төзімге.
Аманжол, анаңды өзің бастап отыр,
Сыйластық сандығының кілті өзіңде.
Ұлжанға балам мені балап жатыр,
Алдымда үлкен міндет, талап жатыр.
Ұлжанның өзі болмай, сөзі болсам,
Сол жүктің салмағы да жарап жатыр.
Мойыма, бір кәдеге жара енді,
Ән болып тербетейін сарайыңды.
Дәріс беріп жүрсің ғой, Аманжол-ау,
Танытшы сен жастарға Абайыңды.
Жағымды Жаратқаным жаңылдырман,
Көмейім тоя шашыл лағыл жырдан.
Қазағым мәңгі биік бола бергін,
Даналық бұл әлемге табындырған.
Алатын тайталасса талайыңмен,
Келмес-ау айтыс күйі жаяу үнмен.
Қазақты биік десе, әлем бүгін,
Биік тұр Ұлы ақын Абайымен.
Ішкендей кәусар суын ұлылықтың,
Сындарлы сұлу сөздің құнын ұқтым.
Алты алаш аман болса өшірмейді,
Алауын Абай атты ұлылықтың.
Аманжол, айттым мен де өз ойымды,
Кернеген көкіректе көз ойымды,
Бүгінгі жастың бірі сенсің, сірә,
Сен айтшы жаңылмаған өз ойыңды.
Аманжол:
Көңілің болашаққа зерек екен,
Өлеңің байқағанға берен екен.
Қазақтың қарапайым бір сөзі бар,
Ұқсап бақ, болмасаң да деген екен.
Жырларың тереңдерден сүзілгендей,
Ойларың ойландырып тізілгендей.
Кешегі Мұхтар салған ұлы жолы,
Байқасам талай жылдар үзілгендей.
Ел едің ырыс кірген есігінен,
Айрылды қазақ қалай несібінен.
Әкеден ұлы Абайды алыстатқан,
Ол-дағы саясаттың кесірінен.
Жал кетті-ау, арғымақтың шоқтығынан,
Балағын жартастарға соқты қыран.
Бұл кезде талай қиқым бастық болды,
Алшынбай, Құнанбайлар жоқтығынан.
Әсия:
Тоқтатып сені балам сабыр демен,
Төгілді көкейіңнен дауылды өлең.
Тілегің маған жетсе қасиетім,
Тілегі бек жастардың қабыл деген.
Таңданттың тәтті сөзбен талайыңды,
Шаттыққа бөледің де маңайыңды.
Ұлжандай ақылды ана бола алсам мен,
Ағайын көрер ме ең сен Абайыңды.
Өмірдің ой тоқтатып дәрісіне,
Қараймын күдікпенен әр ісіңе.
Аманжол бүгінгінің азаматы,
Қалайсың жерді сату мәнісіне.
Осы жай қалдырып жүр қайран мені,
Тағдырдың тауқыметін салған көрді.
Хақылы осы күні кім сатуға,
Бабалар қанмен қорғап қалған жерді?
Той жасап жатсақ-тағы думандаған,
Жаналғыш қарауытқан сумаңдаған.
Алтай мен Атыраудың арасында,
Қазақта жер қалды ма уланбаған.
Кезінде мына жайды ол ұқпаған,
Қаһарлы тойтарыстан қорықпаған.
Семейді сілкіндірді сынақтары,
Абайдың аруағынан қорықпаған.