Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхтар мен Әселхан айтысы (2-бөлім)

Мұхтар Құралов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Ал шүкір дінім келді, тілім келді.
Құлпырып екеуімен гүлім келді.
Жетпіс жылдай сығалап енген дерттен,
Зорға жамап келеміз тілінгенді.
Папа, -демей бұл күнде «әке», -деген,
Құлаққа жағымдырақ үнім келді.
Өз атын қазақшалап жаза алмайтын,
Әлі жөндеп келеміз бүлінгенді.
Пушкин мен Лермонтовтан кем емес деп,
Тақтаға Ахмет, Мағжан ілінгенді.
Қазақтың асылдарын жалау етіп,
Жөн көрдік болшаққа күлімдеуді.
Әсеке осындаймен қуантайық,
Кеп қалған осы тойға дүйім елді.

Демегін терең сөзге ойың қандай,
Айтысып қуанышта ойым балдай.
Газеттен оқып едім, онша емес –деп,
Әселхан ауылыңның жайы қандай.

Әселхан:

Жігіттер жер таниды аты барда,
Асылдар мың жыл жатса тотығар ма?
Қираған төбе шығар білместерге,
Кезінде бәрі болған Отырарда.

Дау жоқ қой мәдениет өскеніне,
Өткенді бүгінгілер екшеді ме.
Еріксіз көргеніңде таң қаласың,
Ғаламат керамика пештеріне.
Яссауи күмбезінің өрнектерін,
Жасалған сол пештерде деспеді ме.
Әлемде теңдесі жоқ мұндай өнер.
Сия ма жаза берсең дәптеріңе.
Тастадық сол байлықты жалаңаштап,
Далаға дауыл желдің өкпегіне.

Бүгінгі хрустальға мәз боламыз,
Шынысы Отырардың болған аңыз.
Тағы да табылды бір шеберхана,
Сынығын ұстап көріп таң қаламыз.

Зерттейді, мұның бәрін, білу керек,
Ертерек үдесінен шығу керек.
Ежелгі Отырардың күйрегенін,
Қазақтың күйреуі деп ұғу керек.

Болмайды шағыруға естен мұны,
Мұздаған қоламтасы өшкен нұры.
Шырағын Отырардың қайта жақсақ,
Қазақтың қайта түлеп өскендігі.

Күлі көп, қойнында күйігі көп,
Көргенде шымырлайды жиі жүрек.
Дегенмен Отырармен, Фарабимен,
Аспаны халқымыздың биігірек.

Тағдырдың кезі бізді азба қысқан,
Ақиқат шындық деген көзден ұшқан.
Кешегі Хрущевтің заманында,
Құрыды қарсы келіп сөз бағысқан.
Еліңмен, жеріңменен, суыңменен,
Олжа қып кеткен еді Өзбекстан.

Осылай шаруамыз шайқалғанды,
Күштінің күштілігі байқалғанды.
Мінбеге Брежнев атаң келіп,
Қонаев өздеріңді қайтарғанды.

Бұл өзі кеше тарих тот баспаған,
Ұлтшыл – деп бас көтерсе от тастаған.
Ел үшін еңіреген азамат ед,
Орнынан Тәшеновты ап тастаған.

Салғанға басымызға төзбек болып,
Кетеміз өзбек көрсек, өзбек болып.
Бір кезде келімсекке қоныс толып,
Орыспен шыға келдік, орыс болып.
Бұл күнде бала арманда, ана арманда,
Ізі бар қасіреттің алаңдарда.
Бойыңда таза қаны дуылдаған,
Не жетсін «қазақ» болып қала алғанға.
Бүгінгі Мырзашөлдің күйі қалай?,
Сілкініп ұқсайды ма жаңарғанға.

Мұхтар:

Ол рас бүгін халқым жайнап отыр,
Ақыны алдарыңда сайрап отыр.
Бүгінгі басталынған мына тойды,
Қуанып Мырзашөлде тойлап отыр.

Сөздері айтатұғын ойларында,
Жігері білегі мен бойларында.
Отырған бұл халықтың бәрі сияр,
Мырзашөл мырза құшақ жайғанында.

Сарғайса да дәуірдің парақтары,
Еңбегін етіп жатыр қарақтары.
Шетінен Мақтаралдың кіргеннен -ақ,
Қарсы алар көкке бойлап дарақтары.
Халқына құт береке болып жатыр,
Еңбектің еселеніп жарасқаны.
Бүгінгі қайта құру заманында,
Зымырап ілгеріге барат дағы.
Мырзашөлім қашанда мейірімді,
Пейіліне тойып қайтар қонақтары.

Әселхан:

Ал енді көрермендер күтіп қалды,
Аузымда сөйлей берсем, үтік барды.
Сұйылтпа енді сөзді Мұхтаржан-ау,
Толғағың түрткілеген бітіп қалды.

Бөлмесін енді ешкім жермізді,
Танысын «қазақ» деген елімізді.
Жалғассын ата-баба дәстүріміз,
Толтырып тектілікке төрімізді.

Айтысы ақындардың болып тұрса,
Шығарар әлі талай шеріңізді.
Ағайын көріскенше қош болып тұр,
Басайық енді бізде терімізді.

1992 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз