Әселхан мен Мұхамеджан айтысы (1-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Әселхан:
Әнім бар Оңтүстіктен қалықтаған,
Тыңдаушым өз сөзімнен жалықпаған.
Қуанып Абай тойға келгеніне,
Көңілім нәрестедей шарықтаған.
Әселхан дегендерің осы екен деп,
Қол соғып жатыр мына халық маған.
Қасымда қаршығадай қара бала,
Ғұмырын осы өлеңге бағыштаған.
Алдыңа қос перзентің шықты, халқым,
Айтыстың арғымағын арытпаған.
Анамыз қызықтаған бала бөркін,
Шырқасын бала да еркін, дана да еркін.
Ұлы той өтіп жатыр Шыңғыстауда,
Жырлайтын соны бізге сана берсін.
Тізілген жұмыртқадай ақ отаулар,
Түндігін желпілдетіп баға берсін.
Шарт түйген құйрық-жалын арғымақтар,
Алысып ауыздықпен шаба берсін.
Мықтының біреуі едің, Мұхаммеджан,
Ал енді, қыздырайық айтыс көркін.
Мұхамеджан׃
Қоя алмас қара балаң аяп жанын,
Жаудырсын жырдан жасын, жай оттарын.
Ассалаумағалейкүм, тұрқы биік,
Тұлпардан туа салған саяқтарым.
Дәл бүгін біздің қазақ күтуші елміз,
Байлайтын жігіттердей бай аттарын.
Абай құсап Алты алаш оқыса екен,
Құранның сүресі мен аяттарын.
Жерұйық қып қойғандай Жидебайды,
Тұскиіздей түр-түске бояп бәрін.
Қазағым, қайрат-күшің бар екен ғой,
Тағдырдың жесең де көп таяқтарын.
Көрпеңе қарай елім көсіліп ең,
АҚШ-тан бір-ақ шықты аяқтарың.
Кеп жатыр шетел жұрты шартараптан,
Сарқытын қайтаратын сар табақтан.
Өткесін халық жиып Қарауылда,
Қарау ұлдың тойы емес қалта қаққан.
Әлемге үлгі сыйлар жиын болсын,
Наубайдың шаңырағындай нан таратқан.
Алақанын толтырып қуанышқа,
Ағайындар кеп жатыр арқа қаққан.
Болғасын «ойын арзан, күлкі қымбат»,
Қашпаймыз сауық пенен салтанаттан.
«Беу, дүние!» деп ән айтар қазақпыз ғой,
Құлап бара жатсақ та жарқабақтан.
Халықтың біз болмайық Ұлтандары,
Ортадан озып шықсын тұлпарлары.
Барымызды сіздермен базарлаймыз,
Ізгі өнердің мұндағы іңкәрлары.
Сегіз ақын келіп ек сұрыпталған,
Секілді сұлу ойдың сұлтандары.
Бірімізді-біріміз толықтырдық,
Сегіз тұяқ секілді сұңқардағы.
Өнерім өмірдегі өз қанатым,
Өзгенің мойындармыз озған атын.
Армысың, Әселхандай ардақты апа,
Әрдайым артында асыл сөз қалатын.
Өзіңізден қанатты сөз естуге,
Алатаудан ақ бұлттар қозғалатын.
Айбары елден бөлек апам едің,
Арыстанның аузынан олжа алатын.
Жылы сөз – жүректердің дәрігері,
Абайдың қабылдаса қалың елі.
Осынау халық ақыны болғаннан соң,
Атағыңыз Алашқа мәлім еді.
Топтан торай бермейтін өзің едің,
Қасқа тісін қандаған кәрі бөрі.
Бойдағы қалған күшті сығымдап көр,
Бөлтірікті лақтырып әрі-бері.
Аяғын тастамаңыз жастың тұсап,
Арамызға үлкендік дәстүрді сап.
Баланың әр сөзінен күдіктенбе,
Қашқариядан келе жатқан қашқын құсап.
Тартысқанға тақымым берік еді,
Сыйласқанға сиярдай ашшы құшақ.
Өз балаңды жұлмалап тастамассың,
Өз құйрығын талаған қасқыр құсап.