Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Әселхан айтысы (1-бөлім)

Серік Құсанбаев, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Серік:

Желпінтіп желмая жыр желгеннен соң,
Тереңнен сөз маржанын тергеннен соң,
Айтысты «бисміллә» деп бастап кеттім,
Сөйле деп апам кезек бергеннен соң.

Жаным жоқ енді сөзден тарығатын,
Шығады сөзін жанып анық ақын,
Түнжарым болса дағы мынау халық,
Түрі жоқ бұл айтыстан жалығатын.
Мен дағы бір бақытты адам болдым.
Екі бірдей жолыққан халық ақын.

Әлі де бүлкілдейді салар әнім,
Апасы өлеңіңді бағаладым.
Төсінде Алатаудың дүбір салып,
Үкілі жыр тұлпарын тағаладым.
Болғанда халқым теңіз тебіренген,
Төсінде шарықтаған шағаламын.
Осындай қос ақынға жұптап салған,
Жасай бер ортадағы ағаларым.
Сіздерден үлгі алсақ жаңылмаспыз,
Дұшпанға жыртылмасын жағаларың.

Көңілің аш бөрідей жалақтасын,
Өлеңде бірге жүрген табақтасым.
Шалғайда жатсадағы Әсел апам,
Көңілі жақын әрі қабақтасым.
Інісі осыменен сәл дамылдап,
Әселхан апам жырды сабақтасын.

Әселхан:

Жырлайық жалықтырмай халықтарды,
Уақыт талай жерге барып қалды.
Әруағына екі сөз айтайықшы,
Осы айтыс арналған алыптардың.

Абай бас, Жамбыл жамбас, Мұхтар мойын,
Бірінің алға апарған бірі ойын.
Ғаламның қарашығын қарықтырып,
Қаптаған інжу-маржан тұла-бойын.

Жақсыдан өшпейтұғын іс қалады,
Кейінгі ұрпаққа үлгі нұсқағаны.
Халқымен көзайым боп жасай бермек,
Алаштың аласармас үш тағаны.

Жасқанбай ағалық бір атағынан,
Бұл Серік сөз бастады шатағанан.
Сұққылап саусағымен түк қоймады,
Жұлмалап Қонысбайдың сақалынан.

Көрсеттің осы жерде ағаң қандай,
Беретін бұл өнерге бағаң қандай.
Халық ақынның бәрі саған бұйырып тұр,
Ал енді сыбағаң бар маған қандай.

Серік:

Өлеңнің түскеннен соң сапарына,
Кеп қалдым ақын апа қатарыңа.
Бәйгеде біреу қалар, біреу озар.
Ол сірә, күндегенге жатады ма?
Абайлап тамыр басып сөз сөйледім,
Ағамның жармасқам жоқ сақалына.

Бұл сөзді зерделеп жұрт тыңдайды ма?
Шоққа сап шар болатты шыңдайды ма?
Ағамның сақалына қол салғанша,
Ағайын мұндай қолым сынбайды ма?

Қашанда ағаларды саялаймын,
Сөзіңді, өзіңді де аялаймын.
Деген бар күш атасын танымайды,
Жаңылған жеріңді апа аямаймын.

Көңілің жадырап тұр күз емес қой.
Мынау ел жер ортасы түз емес қой.
Он бес жыл көріп жүрген сан сыбаға,
Оған жасып қалатын сіз емес қой.

Әселхан:

Қашанда жүзі сынбас елі бардың,
Айбынды Алатаудай төрі бардың.
Қарағым, аямасаң аямағын,
Бәлені сеннен келген көріп алдым.

Апаңды онда тыңда ау, қарағым,
Жырыммен жақсыларды баурағанмын.
Қызмет мансап емес, дүние емес,
Тағдырдан өлең ғана даулағанмын.
Көркімді көк аттыға пұлдағам жоқ.
Жұртымды өнеріммен жаулағанмын.
Ергөбек, Майлықожа, Құлыншақтың,
Жұртына талай барып аунағанмын.
Ел жеген әкімдерге қарсы шықтым,
Асынып Махамбеттің жау жарағын.
Халқыма кебегімді көрсетпеуге,
Елекке түсіп талай саулағанмын.
Мен бүгін жақсылардың жалғасы боп,
Назарын дүниенің аударамын.

Серік:

Ел ойлар ақын жырын толғайды деп,
Жалынды жырдан сәлем жолдайды деп.
Менің де жүрегім апа сезіп отыр,
Сүрінсе Серік қазір сорлайды деп.

Атың бар Әселхандай қазағымда,
Әзірге тарқаған жоқ базарыңда.
Қырықтың қырқасына шықсаң дағы.
Қыздай боп нұр төгеді ажарың да.
Әуелде домбыра алып топқа түстің,
Келесің жақсы-жайсаң назарында.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз