Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Серік айтысы (1-бөлім)

Шорабек Айдаров, Серік Құсанбаев · 2 мин оқу

Шорабек:

Армысың, аты-шулы Серік ақын,
Жүр сенің жыр-бәйгеден келіп атың.
Талайды тас қаптырып кетіп едің,
Ойың бар бүгін мені не қылатын?

Серік-ай, өлмес суын ішкендейсің,
Ақынға анау-мынау түс бермейсің.
Сен едің сыйлас інім, сіз-біз дескен,
Сондықтан қабағымнан сұс көрмейсің.
Ұқсайсың тіфә-тіфә тілім тасқа,
Абайдың ауызынан түскендейсің.

Жүресің дәйім менің жүрегімде,
Ақыннан сыйласым сен бұл өмірде.
Режиссер болсам егер, сені Серік,
Абайдың ойнатар ем рөлінде.

Айып па ақынды ақын бағаласа,
Дос емес, бірін-бірі табаласа.
Ойыңды қайдам сенің Серік інім,
Абайдан бойың сенің сәл аласа.

Сөзіме жүрмеу үшін алданып құр,
Абайша шындықты ұқтыр, жалғанды ұқтыр.
Қолыңда «Абай домбыра» Серік сенің,
Ұқсамай Абайға енді нең қалып тұр?

Не айтам, енді өзің де жобалайсың,
Абайға ұқсас десем тобалайсың.
Абайдан ең негізгі айырмаң сол,
Әттеген, домбыраға солақайсың.

Серік:

Ұрпағы Ер түріктің даңқың басым,
Қияңда қырандарың саңқылдасын.
Әр елдің ақ сұлымен жемдеп қосқан,
Жүйрігі орта жолда алқынбасын.
Соңына будақ-будақ шаң қалдырып,
Шабысы шапқан сайын қарқындасын.
Алдында надандықтың биік тұрсын,
Өнерге, – деп иілген алтын басың!

Ризамын көпшігіңе, Шорабегім,
Өлеңнің дүлей дауыл, бораны едің.
Домбыра ап, сахнаға шыққаныңда,
Көргендей Никулинді болады елім.
Сен құсап сатираны сапырар ем,
Келмей жүр сорым қайнап, соған ебім.
Абайға шыныменен ұқсап тұрсам,
Армансыз бұл жалғанда болар едім.

Өзгерді өлеңіңнің түсі қалай?
Туғандай тереземнің тұсынан ай.
Сыртымның ұқсастығын мен қайтейін,
Дариға-ай, болмаған соң ішім Абай.

Өмірден өткен дейді талай қасқа,
Сенбесең тарих бетін санай баста.
Бақыт қой болмасаң да ұқсап баққан,
Алайда Серік басқа, Абай басқа.

Заман да қу түлкідей бұлаңдай ма?
Бақ тайса ерге дәулет құралмай ма?
Абайдай алыпқа әкеп теңегесін,
Ағайын, аттың басын бұрам қайда?
«Сыйға – сый, сыраға – бал» дейтін болсақ,
Шорабек, сен де ұқсайсың Құнанбайға.

Аңсасаң Ақтөбенің тойын аңса,
Жабырқап жоқ заман деп мойығанша.
Астарлап топ алдында маған айтқан,
Шөкеңнің шабыт берді ойы қанша,
Сен дағы Құнанбайдан аумас едің,
Бас салып бір көзіңді ойып алса.

Шорабек:

Ақын ба қалжың сөзді көтермеген,
Серікжан, әзілің тең шекерменен.
Қашанда қанағатшыл біздің қазақ,
Бір басқа бір көзді де жетер деген.

Ұқсаса Құнанбайға ісім анық,
Неге соқыр болуға қысылалық.
Құнанбайға шын ұқсап қалар ма едім,
Бір көзді айтысайын қысып алып...

Демесек те көреген тәуіп болған,
Құнанбай болжай білген қауіпті алдан.
Құнанбайдан бәрібір қырағы жоқ,
Бір көзбен Меккені де тауып барған.

Бұл күнде Құнанбайды ойшыл ақтар,
Алмаған «Аға сұлтан» қай сынақ бар?
Қажы боп қайтып жүр ғой бұл күндері,
Көзі сау, көңілі соқыр байсымақтар.

Олар да қажымын деп мақтанады,
Құдаймен теңесуге шақ қалады.
Қажы боп қайтқан сол бір қалталылар,
Өздері жағымсыз іс атқарады.
Кезінде Құнанбайлар бір көзбен-ақ,
Айыра білген екен ақ-қараны...

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз