Мұхтар мен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Мұхтар Құралов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Мұхтар:
Ассалаумағалайкүм, асыл халқым,
Қуаныш, шаттық күткен күннен әр күн,
Кировтен сары балаң сәлем берді,
Қазақтың ұмыстпастан ата салтын.
Халқым-ау асықпайтын қашандағы,
Қазақпыз күтетұғын істің артын.
Осылай жүргенімде Оңтүстігім,
Кеп қалды «алпыс жасқа» ашық жарқын.
Қаншама ұл өсірді, қыз өсірді,
Түсінетін сөз бенен істің парқын.
Нұрсұлтандай азамат аман болсын,
Танытқан жер жүзіне елдің даңқын.
Егеменді ел болдық қазақ елі,
Кез болды көтеретін жүгін нардың.
Ұлыстар ұйымына мүше болдық,
Қарамай уысына сығымдардың.
Халқым-ау, қолды соғып қарсы алайық,
Тегінде жаман болмас ұғынғаның.
Әселхан, амансыңба, нар тұлғалым,
Мұхтардан өлең менен ән тыңдағын.
Ауыл аймақ,үй ішің дін аман ба?
Сені көріп мен бүгін шарқымдамын.
Қайда жүрсең қатайып айтыс десе,
Белгілі сымдай болып тартылғаның.
Білемін талай-талай ақындардың,
Алдыңда көбелектей шарпылғанын.
Бір ыстық мейірім бар жанарыңда,
Байланар жігіт түгіл қартың дағы.
Жігіттердің бәрімен айтысып ең,
Жөн болмас енді менің тартынғаным.
Жырыңа өзек қылып айта отыр,
Комерсантты байлаған жұрттың бағын.
Айлығың бір көйлекке жетеді ме?
Сол айлыққа жүрмісің, сойып соғым.
Бар байлық комерсантқа өтіп кетсе,
Бұл халқым жүрмеспе бос созып қолын.
Әселхан ақынсың ғой,ел сыйлайтын,
Халқыңа түсіндірсей соның жолын.
Әселхан:
Қызыл тіл сөйле енді жағынбай құр,
Асыл сөз, асыл тілек ағындай тұр.
Әселхан нар тұлғалы болғанменен,
Жігіттер нар тұлғалы табылмай тұр.
Болса да замананың жүгі ауыр,
Диірмендей зырылдайды біздің дәуір.
Көктеменің иісі бұрқырайды,
Шуақты Наурыз келіп туса сәуір.
Айналдым айтысына келген елден,
Болса да қиындықтан арқаң жауыр.
Аман ба? Малың, жаның, қора-қопсың,
Көп болды көрмегелі туыс-бауыр.
Оңтүстік талай тұлпар тарпыған жер,
Қырандар көк жүзінде қалқыған жер.
Сырыңда жұпар жиде шешек атып,
Қырында жусан иісі аңқыған жер.
Кепкен жоқ топырағы қабірінің,
Шәмшінің сұлу сазы шалқыған жер.
Толыпты облысым алпыс жылға,
Ұқсайды қарап тұрсам асқар шыңға.
Ғажайып сарай болса Қазақстан,
Тіреген бір бұрышын біз бір тұлға.
Киелі Қазығұртым, Қаратауым,
Секілді бұлақтары күміс сырға,
Шырайлы Шымкентім туған өлкем,
Құтты қоныс, бейбіт өріс болған ұлға.
Сен едің Кировтегі Мұхтар ақын,
Өлеңі сұлу сөзбен жұпталатын.
Көпекең, Тәушен, Кәрім, сен, мен болып,
Айтыстың туы биік ұсталатын.
Біріміз-бірімізді қамшылаушы ек,
Болғансоң бір аймақтан шыққан ақын.
Бір жедік қазылардың таяғын да,
Болсақта қарсыласты ұтқан ақын.
Кәрім де ауырдым деп қатыспай жүр,
Кетпейтін көкіректе дық қағасын.
Амалдап енді екеуміз айтысайық,
Сеніңде дарымайды-ау жұтқан асың.
Мұхтар:
Әсеке барлық сөзің ойға қонар,
Бұл көңіл шарықтаса Айға қонар.
Екі ақын қағысқанда сахнада,
Әдемі шырайлы сөз пайда болар.
Таяқты талай-талай жесек дағы,
Халқым аман болсыншы айналайын.
Қазылардың таяғы қайда барар.
Сөзіңе әлгі айтқан ахау қосыламын,
Қалайша қосылмастан тосыламын.
Әселхан айналайын айтысқанда,
Қол соғып ырза болып отырамын.
Нар тұлғалы деп едім байқадың ба?
Сонымен қатар шықты батыр атың.
Ақынды анау-мұнау қарсы келсе,
Нұқып қап шынашақпен қатыратын.