Әселхан мен Абаш айтысы (3-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Абаш Кәкенов · 3 мин оқу
Ешкімге керек емес, доғал арман,
Қаға бер қанатыңды одан арман.
Жұғысып, немерелі болу саған,
Ата бол ақ сақалды домаланған.
Тәуіп боп ағаңызға ел кеп жатыр,
Дәрі жоқ, дертімізді көр деп жатыр.
Зауқы жоқ, кемпір шалға оншалықты,
Қырықтан төмен қарай емдеп жатыр.
Ағаңды тәуіп қылып отырғызып,
Жеңешең қора-қопсы, жөндеп жатыр.
Ал, енді, бақыт тілеп ботамызға,
Қосайық ағайынды батамызға.
Шет жайлап қиыр қонған туыстармен,
Артады санымыз бен сапамызда.
Егемен болып енді ес білгенбіз,
Құл болып жүргенді де кеш білгенбіз.
Байқасаң бірі ұзын, бірі қысқа,
Біз деген, өрттен қалған өскіндерміз.
Заманның жеттік жаңа кезеңіне,
Ойланбай ұмтыл, баурым кезегіңе.
Сарғайып сары аурудай жұртың жатыр,
Құрт түскен алмадай боп өзегіне.
Тозаққа су тамызған қарлығаштай,
Ұшады әркім енді өз еліне.
Бойында ар-намысы дуылдаған,
Ер болса, елге келмей төзеді ме.
Күшіне, өз жұртына сенген келер,
Сарабдал дүниені көрген келер.
Пәлегі, жаны таза, тегі таза,
Ананың ақ уызын емген келер.
Алыста туылса да, жерім бар деп,
Атасы ақ батасын берген келер.
Ұмытқан тілді, дінді мәңгүрт болса,
Пайда ойлап қалып қояр шерменделер.
Алшайтып төрт аяғын арғымақтың,
Елім деп, еңіреген ерлер келер.
Абаш:
Көңілін жеңешенің кең демей ме,
Еркелесе қайнысы сен демей ме.
Елімді сары аурумен ауырды дейсің,
Аға екем үйіңдегі емдемей ме.
Несіне айтар сөзден жасқанамын,
Құтты болсын деп жатырсың жас қадамың.
Қыз қызығады – деп Абашқа ойлай көрме,
Күйеу баласы боламын Астананың.
Өзіңдей асыл болсын жеңгелерім,
Шешемнен сізді қалай кем көремін.
Ел алдында жеңгеге еркелейді,
Біз сияқты ербеңдеген делбелерің.
Жөн болды жеңешежан, осыныңыз,
Тілегіне қайыныңыздың қосылыңыз.
Шабыттанып, шырқатып осы жерде,
Жолға түскен жүйріктей жосылыңыз.
Домаланған ата бол, деп жатырсыз,
Өзіңізге ұқсап туған, пошымымыз.
Бейкүнә, саған деген Абашың-ай,
Қара өлеңге жеңеше, данасың-ай.
Құйтырқы қайындарың қытықтаса,
Тезіңе өзің мықтап саласың-ай.
Пейілің де, денең де, кең болып тұр,
Қазағымның кең байтақ даласындай.
Жеңгені әзіл сөзбен түйрелерміз,
Өйткені біз өнерді сүйген елміз.
Жеңілмей, жеңешемнен аман қалсам,
Өнерін кейін бізде үйренерміз.
Белгілі қызыл сөзден жаңылмағы,
Шырқады айтқан сайын әнің тағы.
Қоштасар кезде таяп қалды білем,
Қуанамын жеңгемнен жаным қалды.
Көбейсін жеңешежан, ұрпағың-ай,
Беделің биік болсын жұрт алдында-ай.
Бәйгелерден жүйрігің келе берсін,
Баптаған Бошай шалдың тұлпарындай.
Қарайтын ақын едік шамамызға,
Өлеңмен елдің көңілін табамыз ба.
Жеңгенің қытығына тиіп кетсек,
Өкпелетіп, білмеймін аламыз ба.
Дегенмен қайда жүрсең аман жүргін,
Аман жет ауылдағы ағамызға.
Әзілін бұл қайныңның ұға аласың,
Абаштың да әр сөзін құп аласың.
Ел алдында өзіңді мойындаймын,
Беріп кет қайныңның бір сыбағасын.
Әселхан:
Абаш-ау, мұның қалай еліккенің,
Соншама жұрт алдында желіккенің.
Жұртыңа есте қалар бір сөз айтпай,
Қылуға жаныңды олжа, келіп пе едің.
Жиналсын енді халқым шашылғаның,
Бұйырсын өз еліңнен асыл дәмің.
Жұмылмай алақандай жайылғаннан,
Көп көрдік, көлденеңнің басынғанын.
Алатау, Қаратаудың етегіне,
Жағалай қонса деймін шатырларың.
Ағалар кеңес құрып көрер болсақ,
Жеңгелер сары қымыз сапырғанын.
Астына көк байрақтың жиылмасақ,
Мұндай сәт туа бермес, жақындарым.
Бас қосып күллі қазақ біріксін деп,
Қағады ортаңызда ақын дабыл.
Бірлігін, амандығын ел-жұртымның,
Жырлармын таусылғанша ақырғы әнім.
Ақынға айтылсын деп сөз берілген,
Жалықпас құлақ естіп, көз көруден.
Уақыт бітіп қалса ризамыз,
Ал халқым, қоштасамыз өздеріңмен.
Абаш:
Ақының мен емеспін жаңылатын,
Маңдайыма кез келді халық ақын.
Соңындағы тайларын сынап жатыр,
Керек қой, бізге ұғыну мағынасын.
Күнде қызық мұндай бізге табылмаған,
Сөнбесін шабытыңыз жалындаған.
Осымен қоштасайық, ал жеңеше,
Қазыда қой деп жатыр Қадыр ағам.
1992 жыл.