Шорабек пен Қуаныш айтысы (3-бөлім)
Шорабек Айдаров, Қуаныш Мақсұтов · 2 мин оқу
Қызықты жасағансың талай-талай,
Алдыңменен артыңа қарайламай.
Айтыста айтқан сөзің бұрындары,
Жататын нысанаға маңайламай.
Осы жолы күш жинап келдің бе екен,
Сөйлейсің Шорабекке қалай-қалай.
Жүрсең де жырларыңды жиі ақтармай,
«Ламбада» билеп кетсең ұят қандай.
Газетте істеген соң қиын екен,
Айтқаның айтыста бұл кіл ақпардай.
Екі қолыңды ербеңдетпей отыршы тек,
Жүгенсіз Жириновский сияқтанбай.
Қуаныш:
Өсер бала несібеден кеш қалар ма,
Шорабек шахматты еске алар ма?
Егер де ақылменен жүре білсең,
Ферза болып шығады пешкалар да.
Таң қалам тараздықтар істеріне,
Кіре ме Мәскеу жиі түстеріңе,
Несіне Жириновскийді сөз қыласың,
Ауызыңа батыр қазақ түспеді ме?
Қонар ма аққу қайта көлімізге,
Құрар ма гүл салтанат белімізге.
Мысал қып Бауыржанды неге айтпайсың,
Батыр тұлға боп кеткен елімізге.
Қарсылас, өлеңді сен тез құрасың,
Қалайша алтыныңды жез қыласың.
Бауыржандай батырым тұрған кезде,
Қайдағы сасық орысты сөз қыласың.
Ақындар танылады зерек болса,
Келтірер ел алдында дерек болса.
Айтыстан шал кетті деп мұңаймаймыз,
Батаға шақырамыз керек болса.
Тәңірім ісімізді оңдайды ғой,
Қуаныш тереңінен толғайды ғой.
Мен тоқтадым, ағайын, осыменен,
Сапырғанмен су сорпа болмайды ғой.
Шорабек:
Айтыс та айтыс болмас ұсталмай шын,
Қуаныш, осыменен тұспалайсың.
Өзіңді Бауыржанға теңер едім,
Бірақта оған түк те ұқсамайсың.
Қолыңды селкілдетпе, сереңдетпе,
Тамыңды өз қолыңмен көлемді етпе.
Жириновский садаға кетпейді ме,
Бағасын батырлардың төмендетпе.
Көзге ұрып көрінбейтін бар наласы,
Ішінде көпшіліктің жан жарасы.
Сигареттің суретін іліп қойған,
Қазақтың әр көшесі, әр қаласы.
Бейнелеп бере алмасаң қоғам мінін,
Қуаныш, құр бекерге сарнамашы.
Өзіңді өзің отырсың насихаттап,
Секілді темекінің жарнамасы.
Айтасың фактілердің ең ескісін,
Ең ескісін және де көмескісін.
Факты менен цифрды ұмытпайтын,
Сен осы, робот адам емеспісің?
Фактінің қалдырмадың ешқандайын,
Сонда да мына сенен жасқанбайын.
Жұрт пікірін ауызынан жырып айтып,
Отырсың Америка ашқандайын.
Биікке жетелемес соқыр арман,
Аспайды асулар мен шоқылардан.
Тың ойды тауып айтар табан асты,
Жүрегінде жылт еткен оты бар жан.
Әлгі айтқан әңгімеңді мына халқым,
Газеттен бір ай бұрын оқып алған.
Қуаныш:
Өлеңім көңілімнің шуағы ғой,
Немесе ниетімнің бұлағы ғой.
Қасқа айғырдың баласы құрығанда,
Туғанда төбел болып туады ғой.
Шореке, басқан ізің білінбеген,
Сын бар ма көздеріңе ілінбеген.
Көсемнің суретіндей жарқырайсың,
Төрлерге ұмыт болып ілінбеген.
Арнама айтыс сайын тола айтамын,
Халықтың көңіліне бола айтамын.
Тоқтаған дұрыс шығар осы жерде,
Әйтпесе таң атқанша қона айтамын.
Шорабек:
Кетіп ек көптен бері қатынаспай,
Отырмыз енді біздер ақыл аспай.
Мақтаса бермейікші бір-бірімізді,
Бөліскен бөтелкені екі мастай.
Біреуге бұл Қуаныш пірдей ме екен,
Біреуге бұл Қуаныш дүрдей ме екен?
Бірде әкім болатын, бірде өкім,
Байлық пен қулығыңа бірдей ме екен?
Ал, енді қол алысып біз тұралық,
Бұл уақыт жетегіңе жүрмейді екен.
1998 жыл.