Шорабек пен Қуаныш айтысы (1-бөлім)
Шорабек Айдаров, Қуаныш Мақсұтов · 2 мин оқу
Шорабек:
Шетіңнен қырансыңдар шыңға самғар,
Алмайтын қамалың жоқ шыңдасаңдар.
Айтысқа қиып келген мың теңгесін,
Ағайын, айналайын, мың жасаңдар.
Жарасты әніміз бен сәніміз де,
Түк қылмас қиындықтың бәрі бізге.
Бабамыз біздің батыр болған ғой деп,
Өлсек те қарамаймыз әлімізге.
Армысың, алматылық ағайын-жұрт,
Сәлем бердім кіші мен кәріңізге.
Алайда, аңсарымыз алтын боп па,
Түспесе деп тілеймін халқым отқа.
Тіршілік үшін күрес жүріп жатыр,
Басылып бас ішінде бар кнопка.
Қарамай қарыны ашып жатқанына,
Қазақтың ән салатын салты жоқ па?
Асығып жеттік мынау айтысқа да,
Жүрсінді отырғызып банкротқа.
Жүйрікті жюри бүгін шеттетпесін,
Ел-жұртым оларға өкпе етпесін.
Айтыстың арты тағы опыр-топыр,
Төбелес «без правил» боп кетпесін.
Шын талант бағы бүгін ашыла ма,
Айласын алаяқтар асыра ма.
Айтысты қайдам енді, ал әйтеуір,
Ел-жұрттың екі көзі машинада.
Қуаныш, сенің шығар шоқың қандай,
Қалмасын жүрегіңде отың жанбай.
Шыдай біл шымшып айтқан сөздеріме,
Екі жүз жиырма вольттық тоқ ұрғандай.
Сызылып қалыпсың ғой, Қуаныш-ау,
Бастықтан қызмет сұрап отырғандай.
Бұл сөзім көңіліңе жаққан шығар,
Әзілім жарасымын тапқан шығар.
Сызылғанның бірақ та сыры мәлім,
Ішіңде бір бау жантақ жатқан шығар.
Қуаныш:
Адам – шәкірт, өмір – ұстаз, Алла – ғалым,
Жария ойдан білім сөз талғағаным.
Япырмай, көктем келіп қалыпты ғой,
Наурыздың қоса шырқап арман әнін.
Ассалаумағалейкүм, текті ұрпақ,
Осы болсын өлеңмен арнағаным.
Көктемде қыздар келіп қастарына,
Жігіттер жорға мінер астарына.
Жайбарақат жарда жатқан қара бура,
Желпінсе көтереді бастарын да.
Әнім көп осындайда басатұғын,
Кездерде шабыттанып тасатұғын.
Шөкеңе кез болыппын, рухыменен,
Кімнің болсын мыстарын басатұғын.
Дәстүрдің әрқашан да серті болған,
Заманның жасалмасын дерті қолдан.
Бұл Шөкең, қазағымның мықты ақыны,
Тіліне де, дініне де берік болған.
Байзақ датқа сияқты бабаларың,
Наурызбай, Кенесарыға серік болған.
Байзақ датқа ұрпағы, армысыңдар,
Айдынға аққуға ұқсап келіп қонған.
Тимесін жүректерге салқыныңыз,
Бәріміз бұл айтыстың алтынымыз.
Айтыста батыл сөйлеп көрейікші,
Шыдаса жүйке менен балтырыңыз.
Орауы құнан пілдің терісіндей,
Қамшы құсап ойнасын жарқыныңыз.
Отырмыз ұлы өнердің кемесінде,
Сөгеміз талай ойдың көбесін де.
Кездескен қандай жақсы мықты ақынмен,
Көктемнің көгілдір бір белесінде.
Шорабек:
Қуаныш, жалау жырды желбіреттің,
Қозғадың бар сезімін сен жүректің.
Бабаңды айтсаң жырларың бұрқ-сарқ қайнар,
Шәйнектей үстіндегі кемпіректің.
Білесің бе, сен осы, Байзақ бабам,
Әрекетін істеген ержүректің.
Арттағы ұрпағының бақыты үшін,
Ауызына тығын болған зеңбіректің.
Жан едің кісі мінін санағыш-ақ,
Боп қапсың енді маған қара пышақ.
Екі көздің арасын жаралапсың,
Қашаған қайыс ноқта тана құсап.
Тырнағы ұзын қыздарға тырнаттың ба,
Біріншіде оқитын бала құсап.