Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсия мен Бекарыс айтысы (4-бөлім)

Әсия Беркенова, Бекарыс Шойбеков · 3 мин оқу

Ер жігіт намысы үшін алыспай ма?
Ауылы айбаттының алыстай ма?
Әкеп бер деп отырсың қызыңды сен,
Шымкенттік жігіттер-ау, намыс қайда?

Бөрікті көп ұлыңды құрайықшы,
Айтыстың басын басқа бұрайықшы.
Бұл заман қай заман деп айтып жатыр,
Заманға енді бетті бұрайықшы.

Ойласам өмір жайын жанар денем,
Әз халқым әз бақытын табар деп ем.
Еріксіз сүймесіне қосқан қыздай,
Жүрміз-ау үйлесе алмай заманменен.

Еліңе тәтті сөзді арнасайшы,
Жел сөздің базарына бармасайшы.
Осымен доғарайын мен сөзімді,
Өзің-ақ бірер сөзді жалғасайшы.

Өнерді тек өресіз қызғанады,
Өзіңді деуші ем айтыс мұзбалағы.
Есті сөз ел есінде қалдырсайшы,
Шыбыннан шырын жұққан із қалады.

Бекарыс:

Тәңірі беріп қойса бар киесін,
Ойламаған жерден де жар сүйесің.
Қостанайдың бір қызын берейін деп,
Босатып ең балаңның жан жүйесін.
Жеме-жемге келгенде апажан-ау,
Өз қызыңды берердей бәлсінесің.

Апамыз желдіртеді, желдетеді,
Өзің ең ақындардың ең бекемі.
Бір қызды алатындай хәліміз бар,
Ат емес ақын сөзін селдетеді.
Меселімді қайтармай бұл Наурызда,
Ала ғой десең апа нең кетеді.

Жылжысақ жылжиықшы ілгері біз,
Әзірге жығылмасын жүндеріңіз.
Заманды айтпай кетсек сахнадан,
Кем болып қалатындай бір жеріміз.

Ұмтылмай жүргендіктен ниетті сап,
Айналып өзімізге тиед пышақ.
Өтпелі мынау заман өтпей қойды,
Тамаққа тұрып қалған сүйек құсап.

Шаншыла қалатұғын шапса нәлет,
Қайда әлгі бір кездегі бақша мәлек.
Тұралаған заманды тұрғызсақ деп,
Бүгінде басшы да әлек, басқа да әлек.
Айлықтың аруағын күтуменен,

Бұқара сақтап отыр асқан әдеп.
Жылы-жылы сөзімен алдарқатқан,
Үкіметтің бұнысы жақсы-ақ әдет.
Тыныш жүрсең тиын да көрсетпейді,
Көтеріліс жасасаң ақша берет.
Соны көріп тілеймін бір құдайдан,
Дұшпанның табасына тастама деп.

Мемлекет аяқ-қолын мықтаса екен,
Сағы сынып жігерін жықпаса екен.
2030 деген бағдарлама,
Босаған уықтарды мықтаса екен.
Барыстың бойындағы қасиеті,
Түлкінің қулығы боп шықпаса екен.
Отыз күн оразасын тұтқан елім,
Енді отыз жыл ораза тұтпаса екен.

Ал, апа, осыменен қоштасалық,
Шаршаған болмайықшы босқа шауып.
Кикілжің болғанменен арамызда,
Соңында қол алысып достасалық.

Кетпейік бұл сүреңсіз замандай боп,
Қалайын мына сенің балаңдай боп.
Дәл осы қалыбыңда қала берші,
Тумасаң да туғандай анамдай боп.

Әсия:

Айтыстың қызды деп ем майдандағы,
Хабарды бердің сен де жайдан-дағы.
Жырыңның балауызы таусылды ма,
Күн шықса нұр қашады айдан-дағы.

Айтыссам тап боламын шүрегейге,
Қайтеді енді Әсия дүрелей ме.
Азамат арқа сүйер деп отырсам,
Таудағы тасқа табан тіремей ме.

Бұл апаң айбын сөзден бұға алмайды,
Болса да сөзің семсер ыға алмайды.
Айтыссаң жігіттермен сахнада,
Қызбенен тоқалдан тек шыға алмайды.

Будадай будақ-будақ бұйратылып,
Қалмаспыз осы жерде қиратылып.
Сөздерің жаңа балам келе жатыр,
Шыңдыққа таңып жаңа ширатылып.

Табармыз түлкі заман амалын-ай,
Қалмасақ бұл заманның қамалында-ай.
Тілегім тек ұлтымның тектілігі,
Тексіздің тапталмасын табанында-ай.

Күдікті жүрміз бе тек жиып бекер,
Бұл сөзім көрерменді күйікті етер.
Зорласа ақыл берер ақыны да,
Ер қайда ел еңсесін биіктетер.

Теңгелік тептеліме жамбасты ұрар,
Бұл ғасыр мұң ғасырды алмастырар.
Қазақтың қасиеті көк бөрідей,
Бабасын баласымен жалғастырар.

Арының ақын балам басылмасын,
Айтылмас анық болса асылға сын.
Сапырма сұйық сөздің сабасын тек,
Тау жаншып, тас илейтін жасыңдасың.

Баспасын мұнардайын мұң даланы,
Ақынның сөз болмасын бұлдағаны.
Шабытың шарықтасын шаңға бөкпей,
Шын жүйрік шабыстарда шыңдалады.

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз