Бекарыс пен Оразалы айтысы (2-бөлім)
Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Қатағандай өзіңді құлатармын,
Өйткені, Сүйінбайдың тұқымы едім.
Тұрсаң да тулап бүгін қанша аттай боп,
Жұмыларсың жырыма саусақтай боп.
Ін қазып отырсың ғой құлағыңмен,
Дәндеген даладағы қарсақтай боп.
Бекарыс:
Өлеңде ақын болсаң өрістеген,
Қалайша өнеріңді теріс көрем.
Қатағандай құлатам деп отырсың,
Мен бірақ ниетіңмен келіспегем.
Ақындық тұқым қуып біткенімен,
Тұқым қуаламайды «жеңіс» деген.
Қайтеді тереңдерден ой шұңғысақ,
Қоярсың қадамымды қайсың тұсап.
Сен келдің төрт ақынды тұралатып,
Мына жұрт екеуімізге жайсын құшақ.
Жұрттың бәрін жапырып барасың ғой,
Кәдімгі таңқы танау Тайсон құсап.
Оразалы:
Түсіріп тәйке, алшымды-ай,
Өлең айтам алқынбай.
Арлы да берлі жортайын
Тізгінімді тартынбай.
Табағыңа салайын
Сөздерімді бал шындай.
Ерегессем, інішек,
Нокауытқа түсірем
Бір-ақ ұрып Тайсондай.
Қатып-семіп қалмағын,
Сарғайып тұрған күздегі
Атаңның сары қайысындай.
Маңызды сөз айтайық марғасқалық,
Аталар салған жолдан алжаспалық.
Барымтаға келген соң өлеңменен,
Балуандай батырлық қыл жамбасқа алып.
Жағың түсіп жатса да жаутаңдамай,
Отыратын түрің бар жаңғақ шағып.
Қаншама жортқанменен кәрі қасқыр,
Ін қазады дейді ғой аулақ барып.
Осы жолы түсерсің қақпаныма,
Қарық бол қақпанымнан тапқаныңа.
Өлеңнің көшін енді саған бұрдым,
Баса бер тақылдаған тақпағыңа.
Бекарыс:
Пейілі Оразымның жарқын ба екен,
Мен оның түсірмеймін нарқын бөтен.
Көргенбіз талайлардың қақпанын біз,
Несіне Ораз ағам шарқ ұрды екен.
Түсердей сенің келіп қақпаныңа
Қақпаныңның тістері алтын ба екен?
Арзан сөзге өзің де барып жүрме,
Халқыңның ниеті ғой – анық жүлде.
Бекарысты бөктере қоямын деп,
Өзіңе зиян тауып алып жүрме.
Шын ақынның уәжі шын қашанда,
Жетермін оған өнер шыңдасам да.
Сыртын беріп отырса Ораз ағам,
Мен оған ішті беріп сырласам ба.
Сыйға – сый, сыраға – бал деген екен,
Айтыстың әдеті ғой бұл қашанда.
Құрдастың арам терін шығарайын,
Аузын жиде жегендей қылмасам да.
Оразалы:
Бұл інім қарап тұрсам не біледі,
Әйтеуір әрі-бері егіледі.
Қайдағы Холифилд пен Тайсонды айтып,
Сахнада неліктен желігеді.
Шын тұлпар додаға кеп шапқан кезде,
Шашадан ащы тері төгіледі.
Тер де шықпай, төгіліп сөз де шықпай,
Бұл інім қу сүйекті кеміреді.
Айтыста сөзді асықша ойнатқан бар,
Ойнатып ордалы елді тойлатқан – нар.
Еліңде не жаңалық болып жатыр,
Көбейді ме бойдақ ұл, бойдақ шалдар?
Бекарыс:
Мына сөз халқымызды ойландырсын,
Ойландырсын, көңілін жайландырсын.
Тайсонды айтып кеттің деп өкпелеме,
Құдай сені Тайсонға айналдырсын.
Өнер менен спорттың егіздігін,
Әй, бірақ, Ораз ағам, қайдан білсін.