Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Оразалы мен Бекарыс айтысы (2-бөлім)

Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу

Бекарыс:

Сөздерің ә дегеннен ірең беред,
Бас жағы айтқан кезде түгел боп ед.
Ораз ақын алдында айбаттанып,
Өзінше Бекарысты жүгендеп ед.
Ақын қып аттандырған Оңтүстігім,
Тауық боп қайтасың деп жібермеп ед.

Ақынның жолықтырды амалдысын,
Бұзуға жарайтындай қамал-күшін.
Аруақ емес біледі жаратушым,
Осы айтыста жолықса жаналғышым.
Жұртымыз жүрсе-дағы назаланып.
Жетеді мақсатына қазақ анық.
Кешегі отыз күнгі оразада,
Жаныңыз қалған шығар тазаланып.
Ораз-ау, елге барсам сұрайды ғой,
Ал енді Алматыда не жаңалық?

Оразалы:

Жатырмыз біздер барыс боламыз деп,
2030-ға дейін оңамыз деп.
Баттитып сөйлеп едің бастан келіп,
Ау, Беке , бара жатсың добал із боп.
Тауық боп қайт деп сені жібермесе,
Қайтесің бұл Ораздан қораз іздеп.

Сиқырын түрлендірсем сырлы әуеннің,
Жырласам жаңалығын туған елдің.
Әйтеуір халқым аман-есен отыр,
Жатырмыз біз тілегін тыңдап елдің.
2030-ды ойға жиі алады,
Көңілі көншігендей сұңғақ елдің.
Сары бидайын сапырған сары қымыздай,
Сұлыға зар болып тұр қырманы елдің.
Мемлекеттің бар малы жоқ боп жатыр,
Тоз-тоз боп тоқымындай сынған ердің.
Шаршаған жұрт көңілін құлазытпай,
Айтыспен көтергелі мұнда келдім.
Қызылшаны сүбедей сүйкеп отыр,
Қызыл еті таусылып қырдағы елдің.

Тілегі бір халқымның, арманы бір,
Сөзімізді тыңдап отыр залдағы дүр.
Әйтеуір ашық-жарқын ниеттері,
Асқақтап Алатаудай арманы жүр.
Біздердей балаларын баптап келіп,
Додаға осындайда салғалы жүр.
Көбейген коммерсанттар Алматыда,
Әйтеуір әйтіп-бүйтіп жан бағып жүр.
Қытайдың қызылына өзі алданып,
Содан кейін халқың көп алданып жүр.

Баяғы импорт сондық заманыңыз,
Елес боп түсте көрген қонғалы жүр.
Бесіктен танығанын тастап бала,
Есіктен аңдығанын алғалы жүр.

Бекарысқа қарасам батыр екен,
Айтатын сөздері де асыл екен.
Ақын болсаң, ел мұңын көтеруің –
Әрқашан да айтыста ақыл екен.
Өзіңнің еліңізде не жаңалық,
Әкімдерің ауысып жатыр екен?
Сынған, шіркін, шипырын алып тастап,
Шатырын елің жамап жатыр екен.

Бекарыс:

Айтылып бүгінгі мен өткендегі,
Шығып бара жатқандай шектен бері.
Ел мұңын жырлағанда Ораз ақын,
Дауысың осыншалық өктем бе еді.
Айтатын адамыңа жолыға алмай,
Ішің толып қалыпты-ау көптен бері.

Бүгін біз егеменді ел дейміз де,
Сол елдің жағдайына келмейміз бе?
Бұйырса келер ғасыр ширегінде,
Көркейген қазақ елін көрмейміз бе?
Нострадамус болжаса сенеміз де,
Назарбаев болжаса сенбейміз бе?

Сұрадың Оңтүстіктей жақын жерді,
Ел жайын сұрағаның ақыл болды.
Әзірге жаңа әкімім жайлы боп тұр,
Сол жағын қалың қауым мақұл деді.
Сең бұзылды деп жатыр зиялылар,
Бізге бір алып дене батыр келді.
Сеңіңді де, тоңды да бұзатұғын,
Бізге бір мұз жаратын әкім келді.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз