Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Оразалы мен Бекарыс айтысы (3-бөлім)

Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу

Болсаңыз жағдайды шындап қыстар,
Шешуін таппай жатқан мың шақты іс бар.
Жаңа әкім осы кезде атқа мінді,
Ісіне болып қалдық бір сәт құштар.
Бүгін де тегеуірінді тың тірлікке,
Оразжан, осы отырған ұрпақ құштар.
Тәспісінен жаңылып бара жатса,
Менсіз де жетеді ғой мін тапқыштар.

Естиміз, жаңа әкімді ер көңіл деп,
Парасат, пайымына сенген ұл деп.
Келе сап зиялымен қауышам деп,
Абыройы асты да ерледі көп.
Оңтүстікке жақсылық жасаймын деп,
Жаман болған адамды көргенім жоқ.

Жарасар жағдайды саптай тізсек,
Жасауға әкеледі жаппай тізбек.
Тірлікке ұмтылатын ерлер де бар,
Халықтың аманатын ақтаймыз деп.
Кертартпалық жасайтын кесір де бар,
Басшыларға қаламыз жақпаймыз деп.
Оңбастан қаншама рет опық жедік,
Ауруды ішімізде сақтаймыз деп.
Бізге біткен басшының бағы да бар,
Тірісінде көзіне мақтаймыз кеп.
Соры да бар, өйткені өлгеннен соң,
Ит терісін басына қаптаймыз кеп.

Казақта жаны дархан жан аз емес,
Жер аз емес, Оразжан, мал аз емес.
Ал, соны тіршілікке жаратуға,
Іс керек қой алдыменен, қағаз емес.
Өмірде бірде олай, бірде былай,
Екі басын тең тартқан таразы емес.
Сондықтан дер кезінде қам қылмасаң,
Қазасын өтей салар намаз емес.

Ұшталған қаламсабы қаламгердей,
Алдыңда сөз сөйлейін табанды ердей.
Кім білсін, бұл өмірден өтеміз бе,
Мемлекетке риза адам көрмей.
Түбі біздің түзелер түріміз жоқ,
Үкіметтің тізгінін саған бермей.

Оразалы:

Айналайын, Бекарыс,
Жалынды сөйле жаңылмай.
Сабылған сансыз сағымдай,
Ақыннан асыл сөз шықпас,
Отанына табынбай.
Жылп етіп аунап түсті ғой,
Суға түскен сабындай.
Жұмыр болсын сөздерің,
Күмпеленген қамырдай,
Бірікпей кетіп жүрмесін,
Ыдырап кетер қарындай.
Тәбетімді аштың айтысқа,
Қуырылған өкпе-бауырдай.
Кезек бер енді бізге де,
Жоғалған түйе секілді,
Жалғыз өзің жайылмай.

Зардап бар бұл заманда, зобалаң жоқ,
Аш болса да Алаш сөйлейді тоқ адам боп.
Тізгіні тұра берсін Елбасында,
Доғаға жармаспайық додадан кеп.
Бесіктен белің шықпай айға ұмтылып,
Ойлайсың әр кезде сен оңалам деп.
Әйтеуір ауыл байғұс шыдап отыр,
Жерге еңкейсем жемімді тере алам деп.
Елбасының ардақты жоспарымен,
Келеді екі аяқты тең алам деп.
Көтерем бас көктем кеп бір-бірінше,
Көскитіп көлденеңдеп тебе алам деп.
Осындай үміті бар халқым барда,
Қайтейін тізгінді кеп мен алам деп.
Қасқырға да қарпитын қара қалмай,
Есегін ұрлады елдің қорадан кеп.
Есегі жоқ ешкімен жерін жыртып,
Әйтеуір іргелі боп тұр ел аман боп.

Ал, жырымның байланып арқанына,
Сөзіңнің сала бердің алтауына.
Бұл күнде оқыған көп, өнерлі аз,
Қайтқалы жүр қаршығалар қайта ауылға.
Қарттың сөзін құрандай құптаған ел,
Ақшалының бас байлар дарханына.
Бас қайда, құлақ сонда болмай ма екен,
Қарттың сөзі күл болды қалталыға.
Қалталылар халқын емес қарнын ойлап,
Шана жекті шалы мен шауқанына.
Бас аман боп «барысқа»жетсек екен,
Бақай сиып тұрғанда байпағына.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз