Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсия мен Бекарыс айтысы (1-бөлім)

Әсия Беркенова, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу

Әсия:

Сарқылмай елім барда тұрар сабаң,
Наурыз да келді бүгін жыл аңсаған.
Аналар ақ жаулықты, құрбы, жеңге,
Армысың, ағайындар, жыр аңсаған.

Алматым, аман ба екен әр отауым,
Ақындар жырға қосқан дара тауым.
Астана Ақмолаға көшсе-дағы,
Қадірі хан тағындай Алатауым.

Алдында әз халқымның сыр ақтарам,
Нәр берген шабытыма бұлақтаған.
Орыстың ортасынан ойып шығып,
Ақ туын Қостанайдың құлатпағам.

Ақынмын ардың жүгін арқалаған,
Сабасын сұлу сөздің сарқа да алам.
Алашым айтыс десе асын қойып,
Думаның өлең-жырсыз тарқамаған.

Қыз едім нәр алатын түз гүлінен,
Тегеурін төзім жібін үзді білем.
Шашамын жырдан шашу баршаңызға,
Ұстаса шабыт тұлпар тізгінінен.

Ақын ба айтыс жолын нық баспаған,
Көңілін жақсы жанның жықпас та адам.
Бекарыс, бағаң бөлек бір ұлсың ғой,
Өзің де, өнерің де ұқсаспаған.

Жігітсің сабыр кілтін иеленген,
Сөзің бар жібек оймен жүйелеген.
Салмақты сөзді айтайық сайысқанда,
Келген соң Түркістандай киелі елден.

Бекарыс:

Ал, бізді Алла қолдап, бақ қарасын,
Әлеумет бере жатар нақ бағасын.
Балам деп Әсия апам толғанғанда,
Егіліп кетуге де шақ қаласың.
Сіздерге қыдыр дарып, бақ қарасын,
Сондықтан ақ сырыңды ақтарасың.
Армысың, астаналық қадірменді ел,
Көрген талай бақ пенен тақ таласын.
Айтыс айтыс бола ма, айтыңдаршы,
Аруақтар аунап түсіп жатпағасын.

Өлеңі келе жатқан тегі үзілмей,
Кәдімгі ұлы Каспий теңізіндей.
Армысың, Әсиядай апам менің,
Лебізі өз анамның лебізіндей.
Сіз кейде мына маған көрінесіз,
Әселхан апамыздың егізіндей.

Өмірдің неше түрлі құбылысын,
Армандап отырса деп біліп ішім.
Қияға қанат қаққан бір ұлың ем,
Ұяда көргенімді ілу үшін.

Апасы кеп баласын жебеуші ме ед,
Сол кезде періштелер демеуші ме ед.
Азуы алты қарыс апам менің,
Бармақтай мына бізді елеуші ме ед.
Дегенмен жұмыс жасап көрейікші,
Әркім өз бұйырғанын жемеуші ме ед.
Өмірде көресіңді көріп алмай,
Көрге де кіре алмайсың демеуші ме ед.

Әсия:

Шын жүйрік шапқан сайын желдетеді,
Шын ақын шабыт қысса селдетеді.
Каспийдің жағасында тумасам да,
Толқыны тобығымнан тербетеді.

Айтыста қос аққудай сәніміз бір,
Айтылар өз халқына әніміз бір.
Егіз боп тумасақ та Әселханмен,
Өнерде рух пенен жанымыз бір.

Шабытым келген кезде тия алмаспын,
Тізгінді тұлпар кессе қия алмаспын.
Азулы апаңнан сен қорықпағын,
Жұтуға сен шабақты қия алмаспын.

Шабыты шалшықпенен шектеспедім,
Кем айтса кемшілікпен шеттеспедім.
Баулитын бөлтірікті бөрі болар,
Бір оқпен атып әсте кектеспедім.

Сұлу сөз қатпарларын қазып бүгін,
Кеңітті көңілімнің жазықтығын.
Арқаның ақпанындай ажарыңнан,
Көрсетші сен жаныңның нәзіктігін.

Қалыбын бұл апаңның аңдай біліп,
Салмағын сұлу сөздің талғай біліп.
Сайыссам саған бүгін бұрыс емес,
Көрсетем көп алдында балдай қылық.

Айтысар жөнің бар ғой әдейі іздеп,
Серілік бұдан қалған әдемі із деп.
Балаға жараспайды жеңіл сөйлеу,
Сыйластық сыбағадан дәмені үзбек.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз