Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Қуаныш айтысы (2-бөлім)

Шорабек Айдаров, Қуаныш Мақсұтов · 2 мин оқу

Қарайтын кім бар бүгін баланы аяп,
Жасыңда көп жейсің ғой қара таяқ.
Бұл іске бір ұсыныс білдірейін,
Зерделі, зерттеп жүрген данадай-ақ.
Балалар мектебіне келе берсін,
Аяқ-киім жоғына қарамай-ақ.
Иванов әдісіне сенсек қыста,
Пайдалы екен жүру жалаңаяқ.

Жағдай бар қаратпайтын еш кейінге,
Жаңалыққа мен-дағы көшпейін бе?
Балалардың жағдайын ойламайтын,
Басшыларды мен бүгін дос дейін бе?
Басқаның басы жетпей жатса егерде,
Мәселені мен былай шешпейін бе?
Көп баланың ақыры киімі жоқ,
Сабақты өтсін деймін бассейінде.

Осыдан не бар енді тұрған оғаш,
Қалайша бұл қазаққа бақ қарамас.
Бассейінде оқыса бала біткен,
Жаңалық ашудан да құр қала алмас.
Архимед «Эврика» жасар ма еді,
Ваннаға түспегенде тыржалаңаш.

Жақсы сөз ел мерейін өсіреді,
Қуаныш байқап отыр несібені.
Үстіндегі шапанын сілкіп тастап,
Бұл неге сахнада шешінеді.
Бүйте берсе жалаңаш Кейқуаттай,
Мініп ап мойнымызға көсіледі.

Өргізіп өлеңменен қандалаңды,
Қуаныш, сахнадан салма лаңды.
Осымен мен өзіңе бердім кезек,
Ал, енді билей бергін «ламбадаңды».

Қуаныш:

Мен едім қырандардың көкбарағы,
Азаматтың кемшіні көп болады.
Сонша жынды болсақ та «ламбадамен»,
Көктемде әсерленген шоқ болады.
Көңіл тойған, көз тойған бұл заманда,
Ақындар да байсалды, тоқ болады.

Балалар жалаңаяқ жүрмесін деп,
Шөңгелер табанына кірмесін деп.,
Несие берем дейді бұл үкімет,
Қиындықты өмірде көрмесін деп.

Ол қаржы қай ошақты байыта алады,
Қазақтың қай шарбақта сай табағы.
Төрт жүз доллар ақшаны алады да,
Төрт жылғы қарыздарын қайтарады.

Облысқа облысты қосып жатыр,
Ауылдың адамдары босып жатыр.
Еркектер жұмыс жоқтан үйде отыр,
Базардағы әйелін тосып жатыр.

Кеме де теңіз соқпай шайқалмайды,
Ырыстың молаяры байқалмайды.
Мен білсем төрт жүз доллар несиені,
Қазақтар үкіметке қайтармайды.

Білдің бе, неге бастым тормызымды-ай,
Тұрғанда жар құламай, ор бұзылмай.
Қуаныштың қасында Шорабектер,
Пейіштен жаңа шыққан хор қызындай.

Бауырға көп ықылас ала кепті,
Жүрегі жақсы жырға тола кепті.
«Тамашада» Құдайбергенді білетіндер,
Айтыста таниды ғой Шорабекті.

Шорабек:

Қуаныш, арқалы сен ақын болдың,
Басшыларды жамандап батыр болдың.
Комсомолда қызмет қып бір кездері,
Құдай жоқ деп атеист кәпір болдың.
Қайта құру қалыпқа қайтарған соң,
Майлы жер, мансап іздеп әкім болдың.
Әкімдіктен абырой кеткеннен соң,
Редактор боп газетке жақын қондың.
Әр төбенің басын бір шала берме,
Келмесе бар өнерден тақыр болғың.

Қуаныш:

Қуатын Шорабектің халық білген,
Тауларды қопарарын анық білген.
Сенің ұлы жаңалығың әзіл еді,
Қазақтың айтысына алып кірген.
Өзіңменен жарасқан Қуанышты,
Емеурінмен таниды халық бірден.

Шорабек:

Күн көріп келеміз ғой әзілменен.
Қалжың сөз қаша қоймас әзір менен.
Білмеймін дәл өзіңдей бір тентекке,
Қандай сый жарасады әзірлеген.
Бұл айтыста боп жатыр бір жаңалық,
Жас қуанып, кәрілер безілдеген.
Артық ұпай алуда жастар жағы,
Басқандай тұзды алтылық көзірменен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз