Оразалы мен Бекарыс айтысы (4-бөлім)
Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу
Енді әзілдесейік түзу келіп,
Атысқа аздаған бір қызу беріп.
Алпыс екі айлалы түлкідей ең,
Маржандай шашылатын жырың келіп.
Бозарып өңің кетіп бара жатыр,
Қызды ауылға жүргендей ұрын келіп
Бірақта тісқаққан сен ақын едің,
Көрмеген сара жолы сүйірленіп,
Қызыл түлкі ін қазып тұмсығымен,
Құйрығымен кетеді ізін көміп.
Асау өзен адасса ағысынан,
Тұлпар да жаңылады шабысынан.
Заманды айтып біз зарлап отырмайық,
Бақ туады қазаққа бақ ұшынан.
Қазірше заман тыныш, ел аман ғой,
Жер-ана айырылған жоқ табысынан.
Бүлінген дәл қазірше ештеңе жоқ,
Қатын өліп, қамшының сабы сынған.
Тұрса егер дәл осылай елім ерен,
Барысқа айналғасын жері кенен.
Компьютерлік заман боп бара жатыр,
Тезек қабы, ал теңдер – теңіменен.
Келесі жолы айтыста, Бекарысжан,
Пультпенен айтысамын сеніменен.
Бекарыс:
Оразды ақындардың нақ басы де,
Әділет атаулының қақпасы де.
Бозарып отырғанға қуансайшы,
Сазарып отырғаннан сақтасын де.
Үміт артып арайлы таңдарға да,
Үміт артып шықпаған тауларға да,
Оразжан, «Барыс» болам деп отырсың,
Жетерміз бір күні ол заңғарға да.
Халқымызды барысқа айналдырар,
Дәл өзіңдей жанашыр жандар ғана.
Үкіметтің басына келмеймін деп,
Тағы да жайып салдың бағдарлама,
Ақынға көп болғанмен шимай түрі,
Белгілі жамандыққа қимайтыны.
Өз басын өлең қылған кімді көрдің,
Халықтың жағдайы ғой қинайтыны.
Содан болар оны да жалпақ елдің,
Ханнан бетер қастерлеп сыйлайтыны.
Осыдан ғой ақылды патшалардың
Ақындарды қасына жинайтыны.
Айтысты жыл күткесін, ай күткесін,
Мына ісің түк бітірмей жай бітпесін.
Құдайым халқымызға бақыт берсін,
Шаңырақ шаттығына сай қып берсін.
Шетелдерге сатылып кетпейтіндей,
Жер астында сақталған байлық берсін.
Қысқарып кетпейтұғын жұмыс берсін,
Ай сайын ап тұратын айлық берсін!
Біз жаңа титтей әзіл тауып ек қой,
Біріміз бірімізге қауып ек қой.
Ораз-ау, тықыр келді, тұрайық та,
Тық десе тиетұғын тауық ек қой.
Оразалы:
Іші менен сырты бір сыралғының,
Құмырсқадан дауламас қыран құнын.
Ендеше елім еңсеңді түсірмегін,
Жабағы жүн түлетіп туар күнің.
Әрқашан айға ұмтылып өсейікші,
Біз болмасақ көтерер ұранды кім?
Беріктігі бөрідей ел едік қой,
Қорқауға қой бермейтін тұманды күн.
Сәл ғана шыдайықшы, қайран халқым,
Шеберлігі шыңдалар шыдамдының.
Ақиқат түссе қамауға,
От ойнап жүр жанарда.
Бөрілі байрақ көтеріп,
Ап шығар бір күн алаңға.
Сынық сүйем келмейді,
Көтерсең де жамауға.
Мың жерден тас түссе де,
Сөз сатылмас базарда.
Айтылған небір алтын сөз,
Ілінбей жатыр назарға.
Осымен, халқым, тұрайын,
Бекарыстай бек жігіт,
Қолыңды сенің алам да.
Айтқан бүгін ойыңды,
Халайық салар таразға.
1997 жыл.