Мэлс пен Бекарыс айтысы (1-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу
Мэлс:
Келгенін бүгін қарашы,
Домбыра тартқан күйімнің.
Алқалаған әлеумет,
Айтыс деп бізге бұйырдың.
Сыбағасы сол болар
Көрсетер бүгін сыйымның.
Әуелі Алла, бір құдай,
Талабымды оңда деп,
Ер Бекетке сыйындым.
Ағайын, айтыс десе бір тоймадың,
Білемін алдарыңда мың той барын.
Келеге түсетұғын кер үлектей,
Бүгінгі Бекарыстай сұр тайлағың.
Көңілі көрерменнің кең сияқты,
Қошеметтеп отырған ел сияқты,
Айтысып екеуіміз көрелікші,
Үзеңгі мен құйысқан тең сияқты.
Оңтүстіктен келгенмен, ақын інім,
Солтүстіктен соғатын жел сияқты.
Бекарыс:
Армысың, Мэлс аға батыстағы,
Әлі де туылмаған атұстары.
Біраз жыл болыпты ғой сіз айтысқа,
Арқалы ақын болып қатысқалы.
Жүгіріп Шымкенттен мен де келдім,
Айтулы ақыныңмен айтысқалы.
Мәреге ұмтыласың дәмең барда,
Сөйлейміз әділетке әлем зарда.
Тайпалаған жорғасың ғой, Мэлс аға,
Келе жатқан жоқсың ғой әрең-зорға.
Талтаңдап Мэлс ақын шыққан кезде,
Балпаңдап өлең айтпай, бәлем бар ма?
Сөзіңіз мына бізге екен үлгі,
Білемін өлең-жырда мекеніңді.
Аштың-ау азаматтық ажарыңды,
Шырай-жырмен кіргізіп шекеріңді.
Делдиген танауыңнан танып тұрмын,
Тынысы кең тұлпардан екеніңді.
Кез келді енді бізге байқасатын,
Алысып бір-біріміз айқасатын.
Сыбағам дайын шығар сіздің жақтан,
Қыз емессің күреңдеп шай тосатын.
Махамбеттің ұрпағы емес пе едің,
Қасық қаны қалғанша шайқасатын.
Жиналыпты биіктер өресі кіл,
Солардың еншісінде келесі жыр.
Атпалдай ағалармен жағаласып,
Шымкенттің шикіөкпе немесі жүр.
Сыйпап сөйлеп отырған жұрттың бәрін,
Қайдан шыққан ақылгөй демеші бұл.
Сен туғанда қуанған ел емес пе,
Сол елді қуанышқа бөлеші бір.
Мэлс:
Ал, інім, көңіліңді қайтармаймын,
Жауқазын жырларыммен жайқалғанмын.
Бәйгеге бір түскесін шегінбеймін,
Қорқақтап аттың басын тарта алмаймын.
Балпаңдап сен де отырсың қасымызда,
Келгесін туған жерге талтаңдаймын.
Бекарыс:
Сен біздің болашаққа үмітсің ғой,
Ал енді сырт көздерге күдіксің ғой.
Өлеңіңе қарасам мін таппаймын,
Ешкім суын ішпеген тұнықсың ғой.
Және ешкімнің шамына тиіспейтін,
Саясаткер болатын жігітсің ғой.
Еліңде демеу берер дүрлерің көп,
Менің де шабытымды үрледің кеп.
Өзіңменен шамалап айтыспасам,
Бері қарай бұрылатын түрлерің жоқ.
Сөздің шынын айтамын, Мэлс аға,
Өмірде ілгенің мен білгенің көп.
Әйтпесе мақтап-мақтап мына сенің,
Қызыңды алайын деп жүргенім жоқ.
Мэлс:
Кейбіреу көңіліне дық сақтайды,
Ұлттың көп мәселесі – ұқсас қайғы.
Саясаткер деп мені мұқатасың,
Ініміз бұдан басқа түк таппайды.
Билік – бит болған кезде, саясат – кит,
Биттің көлеңкесінде кит жатпайды.
Алдыңа арқыраған Мэлс келді,
Шабысын Бекарыстың тегіс көрді.
Бұл халық үміт күтіп отырған соң,
Дүние айтыспенен тегістелді.
Ал енді осы жерде көрсетейін,
Мысалы, керіскен мен келіскенді.
Үйде жатқан кінәсіз сәби ғой, ол
Аламын деп желікпе періштемді.