Бекарыс пен Оразалы айтысы (1-бөлім)
Бекарыс Шойбеков, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Бекарыс:
Бар ма екен адал жаннан өткен ұлық,
Кетпейтін өмір жолын шетке құрып.
Ақының ақтық сынға шығып қапты,
Електен өткендей-ақ тексеріліп.
Қасыма жақсы жігіт жеткен екен,
Бөктерінде кетпейтін бөктеріліп.
Аман-есен жүрсің бе, Ораз ақын,
Аузыңнан – жыр, көзіңнен – от төгіліп.
Кәдімгі ескі сөздің ұлығы деп,
Жәкеміз жүрген жердің бір ұлы деп,
Мен де сенің басыңды бағалаймын,
Ердің ері, егеудің сынығы деп.
Арының болып бүгін селден бетер,
Арыстан-Қарабастай желден бетер.
Беліңді бес ақынға будым дейсің,
Қалайша бүгін намыс ерден кетер.
Белбеуіңді бекемдеп бір байлашы,
Не бел кетер, немесе, белбеу кетер.
Оразалы:
Бел кетпес, кетпесе егер белбеу еріп,
Ал енді өлең-жырдан теңге беріп,
Қолға алып домбыраны шыққаннан соң
Көлденең сап көкпарды өңгерелік.
Өрмекші торындағы шыбындай ғып,
Тұрқыңды тастайын ба сөзбен өріп.
Өрт болсам, кетіп жүрме сен де өртеніп,
Ішінде қалың оттың дөңгеленіп.
Пернедей шығара бер сөз алуан,
Етек те жабыспайды жеңге келіп.
Ана жолы аман-сау жіберіп ем,
Тағы да кезігер деп елге келіп.
Ал енді ақылы бар сөз айтсаңшы,
Бол деп саған тұрғам жоқ Менделеев.
Тұрған жоқ мына халық сыр ұғынбай,
Шашшы енді өлеңіңмен жылуыңды-ай.
Құнды сөзді қорада тулатайық,
Құрық тимес құланның құлынындай.
Майысқанмен иіліп, сынбайтұғын
Солқылдайын Хан-Тәңірі шыбығындай.
Сөздерің арзан болып кетпесінші,
Шілденің шыбынының ызыңындай.
Бекарыс:
Оразжан, мастанбашы тоқтығыңа,
Зақым тиіп жүрмесін оқтығыңа.
Шікәмшіл ақын болып алыпсың ғой,
Шыбын қонса тоңқисың шоқтығыңа.
Демеймін сенен мықты атанармын,
Өлкеден әулиелі бата алармын.
Өртіңмен өртеймін деп өлерменім,
Алдыма көлденеңдеп жата қалдың.
Сүйінбайды жығам деп мұрттай ұшқан
Күйін кешіп жүрмеші Қатағанның.
Оқталсаң маған қарай оқтал, аға,
Шығын болып жүрмесін оқ далаға.
Өткен жолы жеңілсең қайтушы еді,
Осы жолы жеңгенше тоқтама, аға,
Оңай ма төрт ақынды шөкелету,
Арының жаман екен, атпал аға.
Бәлкім, Ораз, бұл жолы сен жеңерсің,
Дүние кезек – деген кеп қала ма.
Бірақ мүмкін қайтадан мен жеңермін,
Айтыста бәлен-түген деп бола ма?
Оразалы:
Ал ендеше жырыңмен самғағайсың,
Ағаңның ағын жырын жалғағайсың.
Топ ішінен суырылып шыға келдің,
Ағаштағы кеш піскен алмадайсың.
Жырымды ағыл-тегіл ағызайын,
Қапысыз қарсы жауап қамдағайсың.
Ана жолы алдап-сулап кетіп едің,
Бұл жолы, күдеріңді үз, алдамайсың.
Баладай ботқасына тойып алған,
Байқасам, алды-артыңды аңдамайсың.
Тұлпардың таққандай боп түсіне мін,
Білмейтін жөн-жосықты кісі ме едің.
Кешегі Сүйінбайдың тайындай боп,
Шырқырап салған жерден кісінедім.