Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мэлс пен Бекарыс айтысы (2-бөлім)

Мэлс Қосымбаев, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу

Ай, Бекарыс, Бекарыс,
Алдыңда жатқан сияқты
Айтыста мың шақырым.
Кешірмейді көрермен
Ақынның кеткен ғапылын.
Тепсінісіп келгенде,
Мықты болсын тақымың.
Бұйырған қызды аларсың
Жететін болса ақылың.
Махамбеттің ізінде
Қалған бір ұрпақ болған соң,
Семсер сөздің сабымын.
Топан жырдың астында
Көп сөйлесең, қаларсың,
Абайла, байқа, ақыным.
Саған да менің дауым жоқ,
Сұр жебедей қадалсаң.
Жанартаудай лапылдап
Өлеңіңмен жана алсаң.
Қанекең деген ұстазың
Алпысқа толар жақында,
Бір той болса, хабар сал.
Арманың бүгін жоқ шығар,
Ағаңа бірге ілесіп
Арғымақ аттай шаба алсаң.

Бекарыс:

Қырандай қияларды шолыпсың ғой,
Біздерге қорғансың ғой, қорықсың ғой.
Көркем сөздің көсемі деген сайын,
Ештеңе де ұғынбай толыпсың ғой.
Мен сенің өз қызыңды сұрағам жоқ,
Өзің бір мақал бұзғыш болыпсың ғой.

Көкейден ағыл-тегіл жыр атқасын,
Ел-халық көңіліңде тұрақтасын.
Айтысып отыр едім қызық үшін
Мына жұрт екеуімізді сынатқасын.
Сұрамаған қызыңды қызғандың-ау,
Құдай сенен бізін де сұратпасын.

Сөйлейді інің енді сенер болсаң,
Өзің біл, жыр-додаға көмер болсаң.
Ақылға келерсің-ау, Мэлс аға,
Өлеңнің қисынына көнер болсаң.
Қанекеңнің тойына шақырайын,
Қызғанған қызыңды ертіп келер болсаң.

Мэлс:

Айқайлап келіп қол соққан
Ағайын мына аламан.
Жақсы айтатын ақынды
Қас тұлпарға балаған.
Дүрсілдеп қазір кететін,
Жүрегім менің – барабан.
Мен емеспін өзіңді
Жоқ сөзді айтып талаған.
Қызыма тілің тигізбе,
Байқап тұрсаң, Бекарыс,
Осы отырған бар халық
Бір қыздан барып тараған.

Бекарыс, саған тимесін,
Бүгінгі күні қырсығым,
Жалғанға келген жарық етіп,
Өзіңдей мен де жыршымын.
Тиіспе маған, інішек,
Көлдей болар өзіңнің
Көздей тесік-жыртығың.
Өлеңнің қазір жарғызшы
Жайқалтып барып бүршігін,
Мынау байтақ қазаққа,
Естілген дүбір-дүрсілім.
Кім осал да, кім мықты,
Арасына салайық
Халық деген сыншының.
Аталы сөзге тоқтамай
Айқайлай берген адамға
Айтатын сөзің – құр шығын.

Бекарыс:

Теңеуші ем, Мэлс аға, жаныңды айға,
Сабыр сақта, ашуға салынбай да.
Сен мені кінәлі ғып отырсың-ау,
Әділеттен аттамас арың қайда?
Киесі ұрады деп қорқытпағын,
Періште де құдайға бағынбай ма.

Мен сенің періштеңнен күнді көрдім,
Періштемен ұстасқан кімді көрдің?
Періштенің әкесі, Мэлс аға,
Періштемен қоса енді ұлды болғын.
Біздерге тігіп отыр құлағын жұрт,
Мэлістен поэзия бұлағын күт.
Қоңыңыз көтеріліп қалыпты ғой,
Әсте майдай жаққан-ау мұғалімдік?

Мэлс:

Бекарыс, шабысыңды танығанмын,
Намысыңды әдейі жанығанмын.
Сен маған семізсің деп тие берме,
Әуелден уызыма жарығамын.

Таңдайды тақылдаған тіл тебеді,
Мылтығым әуел бастан білтелі еді.
Баяғы бабалардың айтуында,
Ағасы – ай, інісі – үркер еді.
Айменен үркер келіп тоғысқанда,
Аспаннан ала бұлтты бүркер еді.
Тоғысып, татуласып тарасайық,
Ақындар сөз түсінген сүйтер еді.

Бекарыс:

Ағасы, әр сөзіңді анықтайсың,
Түсіндіріп жатуға жалықпайсың.
Қоңыр әуен, келісті сөздеріңмен
Поэзия аспанында қалықтайсың,
Уызға жарып өскен ұл болсаңыз,
Ұлтыңды да уызға жарытқайсың.

1998 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз