Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әсия мен Бекарыс айтысы (3-бөлім)

Әсия Беркенова, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу

Алтыннан да ардақты затыңыз бар,
Әрине, ұрсуға да хақыңыз бар.
Баста десең бастайын бір бәлені,
Әйтеуір еркек деген атымыз бар.

Жан едің өнер жолын ұштап жүрген,
Әрдайым елге қажет істі ап жүрген.
Үйдегі әкемізден айналайын,
Өмірдің түзу жолын нұсқап жүрген.
Әсиядай апамды әлі күнге,
Қызғалдақ бойжеткендей ұстап жүрген.

Алдыңда еркелесем балаң құсап,
Ақ ниет танытарсың анам құсап.
Біраз жерге барарсың деп ойлаймыз,
Алдыңа алаңғасыр балаңды сап.
Жадырап, жайраң қағып қойсаңызшы,
Кәдімгі тойға келген адам құсап.

Сөйлейін ел алдында еркін жандай,
Болмасын көкірекке шер тұнғандай.
Апамызға әзілдеп айта салсам,
Жауабы келеді екен бертін қандай.
Қырықтың қырқасына шықсаң-дағы,
Әлі де қыз Жібектей көркің қандай,
Сызылып сыр алдырмай отырсыз ғой,
Біреуге беріп қойған сертің бардай.

Әсия:

Баламның төгілгенде асыл жыры,
Жапырақ жайды міне жасыл гүлі.
Апаңды қыздай қылып ұстай алған,
Ауылдағы ағаңның асылдығы.

Маржанын сұлу сөздің терер едім,
Шуағын шабыт күннің көрер едім.
Дәл мендей ұстай алсаң келіншекті,
Бір қызын Қостанайдың берер едім.

Айтысқа төрін берер біз емес пе?
Суық сөз жан тоңдырар сыз емес пе?
Несіне қыз дегенді қимай тұрсың,
Кемпірдің шыққан тегі қыз емес пе?

Ізетті іле білсе үгіт пайда,
Санасы сан айтсаң да ұмытпайды.
Қыздардың ерке-қыңыр қылығына,
Жігерін жани білер жігіт қайда.

Жаманға ешкім жақсы қимас жанды,
Онсыз да қыңыр сөзің қиғаштанды.
Жымиып оқ атқаннан өмірде мен,
Қалаймын суық түспен сыйласқанды.

Беймаза отырсың-ау жайға қалып,
Пейілің болып отыр айдан анық.
Дәл саған оңай болса мен осында,
Көрейін қызығыңды пайдаланып.

Қыз болсам білгін саған назым барын,
Ор болып дәл алдыңа қазылғанын.
Орамын өтімді ойдың таба алмасаң,
Көрерсің пешенеге жазылғанын.

Бекарыс:

Дедің-ау қыз қуаныш жүз емес пе?
Адамның шыққан жері қыз емес пе?
Адамның шыққан жері қыз болғанмен,
Бірақта бізсіз өмір күз емес пе.
Мысалы, қаншама ащы болғанменен,
Астың дәмін кіргізер тұз емес пе?

Болсам да дұрыс балаң, зиятты інің,
Қиуы келер бір күн қияқтының.
Орамалды үйіме кіріп келер,
Әзірге ол жағынан ұяттымын.
Адам бол деген елдің тілегімен,
Адам боп келе жатқан сияқтымын.

Апажан, балаңды кеп басынбайсың,
Демеймін өнеріме бас ұрғайсың.
Егер де жақсы күйеу бола алсам мен,
Бір қызды береріңді жасырмайсың,
Сомадай басымызды көріп тұрсың,
Ертерек сол қызыңды асырғайсың.

Әсия:

Білген соң мән-жайыңды бұрындардан,
Күтіп ем тәтті балдай шырынды алдан.
Жүйкені жұқартады-ау кермек дәмі,
Сөздерің сүзбедейін сығымдалған.

Тартса егер еліміздің тұз-дәмі ұдай,
Жақындар Қазығұрттың құздарыда-ай.
Өзі іздеп еш жігітке келмеуші еді,
Арқаның кеуде керген қыздарыда-ай.

Көңілің сірә балам қаяумысың,
Құлауға мына тақтан таяумысың.
Қызыңды асыр дейсің саған қарай,
Қыз алар атың да жоқ жаяумысың.

Жырыңа қосқан кеше белің, қайда,
Аяулы Отырардай жерің қайда?
Бір атты міңгізбесе келін алар,
Киелі Қазығұрттай елің кайда?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз