Оразалы мен Бекарыс айтысы (1-бөлім)
Оразалы Досбосынов, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу
Оразалы:
Көрсеткен көк тұйғындай іреңділік,
Ал сөйлеші ендеше, күрең жігіт.
Дүбірді естіп тұлпардай кеп қалдың ба,
Тыпыршып тұра алмастан жүгенді үзіп.
Табаның мықты болса тас уатшы,
Аттай баптап айтысқа жіберді жұрт.
Тас уат дегеніме жар жағалап,
Абайсыз ақсап қалма тізеңді ұрып.
Тұлпар болсаң көрейін жайдақ шауып,
Екі өкпеңді кетпесін үзеңгі ұрып.
Айтқыштық атам қазақта үлкен өнер,
Қарқынды сөз қамырдан күлшенелер.
Қалт етпей халық отыр деген оймен,
Біздерге ой асылын кім шегелер.
Ал, енді адымдай шап тұлпар болсаң,
Мен емес үрейленіп үрке берер.
Желдей үрлеп желкеңнен жетелейін,
Желкендей көтеріле білсең егер.
Бекарыс:
Сөзімді бісмілләдан бастап едім,
Бұйырса жырдан шашу шашпақ едім.
Айтыңыздың алғашқы күндерінде,
Осылай қарай қадам басқан едім.
Сәлемін Оңтүстіктің жеткізейін,
Аман ба, Алатауым, қасқа белім.
Бір жылды арттарына тастаса да,
Алматым әлі күнге жас па дедім.
Армысың отыз күндей ораза боп,
Ауызын айтыспенен ашқан елім.
Бір сәлем осы отырған қауымыңа,
Бір сәлем Ораз деген бауырыма.
Қолдаумен қолпаш беріп жұртым отыр,
Сән қоссақ дегендей-ақ сауығыма.
Тыпыршып тыншың бітіп қалған шығар,
Кезіксек деп қара өлең дауылына.
Байқаймын, айттап келіп отырсыңдар,
Айтыскер ақындардың ауылына.
Ағайын, айттарыңыз құтты болсын,
Алдымен саулығыңыз мықты болсын!
Барыс жылы босанған жеңгелердің,
Ұлдарының жүрегі түкті болсын.
Саған да айтатыным, Ораз аға,
Үйдегі жеңешеміз жүкті болсын.
Барыс жылы бар ісің оңға басып,
Халықтың қуанышы жұпты болсын.
Алты жыл уызына жарытпаған,
Үкіметтің сиыры сүтті болсын.
Осы күнгі адамның ойы базар,
Аудартпайды ақынның жайы назар.
Мәделі, Майлы менен Құлыншақтан,
Тыңдаған елдің кедей, байы ғазал.
Әселхан, Қаныбек пен Тәушендерім,
Өлеңімен кіргізген тойыңа ажар.
Солардың жолын қуып келеміз ғой,
Тұлпары озған елдің тайы да озар.
Жарасар шаңбозыңды шабытты етсең,
Бір басқа жөні бөлек бағытқа өтсең.
Шақырсаң аруағыңды шақыра бер,
Көрерміз қаңбақ құрлы қағып кетсең.
Бір құдайдан көрерміз тілімізді,
Кәлимаға келтірмей алып кетсең.
Оразжан, додалы айтыс талай болар,
Ақынға үмітпенен қарайды олар.
Аруақтанған сөзіңді айтып жатсың,
Тышқанды қорқытуға жарайды олар.
Бекарысты келдің де Бекжан дедің,
Ақын адам сөзіне абай болар.
Мысалы сенің атың Ораз екен,
Оразды қораз десем қалай болар?
Оразалы:
Бос сөзге бой алдырып бұрмаланбай,
Құнды ойды жіпке тізгін қылқаламдай.
Құлақтардың құрышын қандырайын,
Ақынның Құлагері тулағандай.
Тыңдаушыңды алмағын жалықтырып,
Сыны мен сыры бөлек сырлы адамдай.
Ал, енді асыл сөзді сен ағытшы,
Меккеден Мұхаммедті тыңдағандай.
Жүзге дейін санап шық сабыр болар,
Халге түссең сөзіме жынданардай.
Шауып түсер сөз айтқын шамаң келсе,
Шалғысын шалдың өзі шыңдағандай.
Баладайын балбырап отырсың ғой,
Ш-ға тілі жаңа кеп ширағандай.
Таудан биік, теңізден терең сөйле,
Сынапты сыпырындыдан жинағандай.