Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Оразалы айтысы (4-бөлім)

Серік Құсанбаев, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу

Тамыр терең бойламас талаптанбай,
Түйірсіз, түпсіз сөзге тояттанбай.
Атындай Алпамыстың адымдашы,
Күн тигізбей Гүлбаршын жаратқандай.
Шала піскен қарбыздың шопағы көп,
Таза асыл сөйлеңіз тау асқандай.
Аюды арман еткен ақ қояндай,
Бас жетпейтін жерге әкеп аяқ салмай.
Ініңнің жолын ашып шыққансыз ғой,
Қылайын тағдырыңа таң атқандай.
Ал, ағасы, ендеше қамдана бер,
Ініңінің сөздеріне қарап қалмай.

Серік:

Ойымда інім болып қалшы бүгін,
Көңілге тамып кетсін тамшы жырың,
Байқаймын, мың құбылтып мақамыңды,
Ақындықтан басымдау ма әншілігің.

Сауысқан сұңқар болмас баққанменен,
Жабы тұлпар болмайды шапқанменен.
Айтыстың абыройын көтермейді,
Оразжан, жазып алған жаттанды өлең.

Шабыттың шалқарынан жуынып айт,
Апшысын әріптестің қуырып айт.
Қайтесің жазба жырмен жұртты алдап,
Өлеңді шамаң келсе суырып айт.

Оразалы:

Аға, әрине басым емес әншілігім,
Сақаңды қолға-ақ, аға, алшы бүгін.
Теңізді толтыратын осындайда,
Мен сізге байқатайын тамшы құнын.
Тұманбай ағамыз кеп отырған соң,
Есіме түсіп кетті Шәмші бүгін.
Сондықтан аяқ асты бақ ашылып,
Ашылып отыр менің әншілігім.

Тұрғансыз ба сол жамбаспен төсектен,
Арылса біздің қазақ әсте өсөктен.
Қалайша тамаша ойлар айтады іні,
Ағалар отырып ап тартса етектен.

Ал енді қуырайын қуыр десең,
Айтылған әр сөзіме жүгірмесең.
Мен сізді сескенсін деп отырғам жоқ,
Жүгінбей-ақ қойыңыз жүгінбесең.
Ал, енді ініңізге қарсы тұрғын,
Жарып ап арыстанның түгін жесең.
Көмейіме ал енді құйыл дастан,
Жайнасын, жадырасын бүгінгі аспан.

Ағасы, арзан ойды айтпайық та,
Құмнан құрап қыл ескен қыбын тапқан.

Сөзіңіз сараң байдай боп жүрмесін,
Қозысын қимай дәметкен қуырдақтан.
Мергенмін деп мертіккен мергендер көп,
Тиынды атам деп жүріп, сиырды атқан.

Сен түгіл Абылайдың басы қатқан,
Ағасы бастап кеттің қиын дастан.
Алты айлық пенсиядай көріндің ғой,
Кемпірдің кепкен ернін қыбырлатқан.

Серік:

Төсінде дүбір салдың кең даланың,
Соңынан ерген іні, мен де ағаның.
Арыстанның түгін жарып жегенім жоқ,
Бала боп сүтін емдім мен де ананың.

Ауызға алдық біздер бабаларды,
Мына жұрт өзі біліп бағалар-ды.
Қазаққа небір асыл ұл сыйлаған,
Кемпір деп кемітесің аналарды.
Байқаймын бойыңда інім желік бар ма,
Саласың шырға тартып Серікті алға.
Ананы кемпірлер деп кемітем деп,
Байқағын, інішегім, кеміп қалма.

Оразалы:

Ашпаған гүлдей әлі қауызын да,
Ағасы, бұрылсаңшы тағылымға.
Оң сөзді теріске әкеп бұрмалама,
Мен емес әзер тұрған жаңылуға.
Ел ішінде кемпір мен ақсақал көп,
Түспей жүрсең әрқашан ауызында.
Мен емес аналарды кеміткен де,
Ағасы, айналдың-ау көріпкелге.
Әйтеуір әйтіп-бүйтіп тапқан сөз бе,
Әйтпесе, шабыт деген желіккен бе?

Ол рас, анам, атам берген бата,
Турасын көздеп тұрып мерген болса.
Бақсы да өлесің деп бетке айтады,
Жеті күн зікірден соң ем қонбаса.

Серік:

Шабытсыз алаулап мен жанбас едім,
Қашанда жорғасынан танбас елім.
Қынаптан суырғанда қылыш сөзді,
Бұлтақсыз қиып айтар алмас едім.
Ананы кемпір демей дұрыс айтсаң,
Қисайып аузы-мұрның қалмас еді.

1997 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз