Серік пен Оразалы айтысы (2-бөлім)
Серік Құсанбаев, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Жатса да дариядай тасып арман,
Қапыда қиылады асыл арман.
Іздеген інжу-маржан ірілерім,
Моншақтай абайсызда шашып алған.
Атадан тексіз туған ақылсыз ұл,
Қапыда Махамбеттің басын алған!
Өлең, жыр, әнменен күй құндағымыз,
Адамға соқпақ болмас құмдағы із.
Құранын құрметтеген қаршадайдан,
Құдайдың құлақ кесті құлдарымыз.
Екеуміз екі адам боп сөйлегенмен,
Тоғыссын бір арнада жырларымыз.
Жырыңды қапы қалмай жалғап жібер,
Қапыда кеткен елдің ұлдарымыз.
Оразалы:
Бекежан Төлегеннің атын алған,
Болған жоқ алда, шіркін, асыл арман.
Жасым кіші дегенмен Төлегеннен,
Ағамыз Бекежандай жатып алған.
Сөзіңнің мәнісіне түсінбедім,
Отырсың ба өткенді етіп арман.
Айтыстай додаға бір шыққан кезде,
Жөн болмас шын ақынға қапы қалған.
Ел жатыр бізді күтіп есі қалмай,
Біз болсақ, отырмайық көсіле алмай.
Қиыннан қиыстырып сөз сөйлейік,
Бит қабымен биялай тоқығандай.
Айтыстың Айманынан айырылмайық,
Аңғалдыққа салынған Көтібардай.
Балды жақсы көргенмен байқұс аю,
Ара көрсе кетеді есі қалмай.
Қытығына көп тисең бұл ініңнің,
Кетерсің бұл айтысты есіңе алмай.
Серік:
Жырың бар лапылдатып жағатұғын,
Сөзің бар қайдан болсын табатұғын.
Кез келді шаршы топта шаң көтеріп,
Көсіліп аянбастан шабатұғын.
Сөзімді «қапы» деген ұқпай қапсың,
Жөнің бар мұнан да сөз табатұғын.
Мэлс бастап бір топ ақын пайда болды,
Бір сөз айтсаң далаға лағатұғын.
Қолдаған қалың елдің ардағымыз,
Қозады қиқуласа аруағымыз.
Айналу Азияның барысына,
Болашақ бағдарымыз, арманымыз.
Сүрінбей сын сағаттан сырғып өтіп,
Шайнауда қалмаса екен бармағымыз.
Ел жетсе мұратына ештеңе емес,
Қапыда екеуміздің қалғанымыз.
«Біреудің аспандағы асылымыз,
Біреудің жұртта қалған жасығымыз».
Айналып қайта келмес аламанда,
Күркіреп тау суындай тасуымыз.
Бұл айтыс ширақтықты ұнатады,
Сондықтан, Ораз інім, асығыңыз.
Есесін бұл қазақтың қайтарса екен,
Алдымда алтын қабақ ғасырымыз.
Ағаңды сөзбен бүгін демемексің,
Сонда сен астар сөйлеп не демексің.
Айтысқа келтірмеймін деп айтасың,
Сен өзің қайдан шыққан кереметсің?
Оразалы:
Дейсің ғой, қайдан шыққан кереметсің,
Сөзіңді деп тұрғам жоқ елемеспін.
Қолға алып домбыраны шыққанымда
Әр сөздің түбін тауып шегелеппін,
Кешегі Сүйінбай мен Құлманбеттің,
Артында қалған, шіркін, көбелекпін.
Алды тақыр заманның, арты тақыр,
Айтар сөзім тілімнің ұшында тұр.
Жер қайысқан қолменен келсе-дағы,
Бір ауыз сөзден қайтқан бүкіл батыр.
Ақ сөзге ақыл қылмай, ғапыл қылған,
Серік ағам қайсының тұсында тұр?
Әр сөзімді салмақты қабыл алғай,
Тасқа тұяқ батырған тағылардай.
Мэлс бастаған деп бір сын тақтың,
Айтатын жауабың бар тағы қандай?
Тілім орып кетуші ед тиген жерін,
Қан жоса қып қамыстағы қабыландай.
Тілімнің ұшы сүйір, белі жуан,
Сондықтан шыдап баққын, ауыр алмай!
Сахнаны сағынып шыққаннан соң,
Боп тұрмын бүгін тағы жарылардай.
Қиыннан қиыстырып сөйлеші, аға,
Тіліңді әкеп тісіңе жанығандай.
Еліміз бізге қолын ұрып отыр,
Не айтад деп ақыным тынып отыр.
Ал, енді түзу жолға түскен ұлды,
Ағамыз арлы-берлі сырып отыр.
Заманды жырлашы деп мынау ағам,
Буынсыз жерден пышақ сұғып отыр.
Өзіңнің айтқан жаңа сөздеріңіз,
Сол орайға ағасы кіріп отыр.
Қазағымның заманын қалай айтам,
Айтпасам да өздері біліп отыр.
Қазағым, мына сенің заманыңның,
Бір көзі әу бастан-ақ өзі соқыр,
Бір көзін әдейі істеп жұмып отыр.