Серік пен Оразалы айтысы (1-бөлім)
Серік Құсанбаев, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Серік:
Алатау аялаған мәңгі аспанын,
Тұғыры небір жайсаң, марғасқаның.
Алла деп, атқа қонып, қолыма алдым,
Айтыстың алтын сапты алдаспанын.
Бармақтай бақ тіледі талабыма,
Ертісті ен жайлаған қандастарым.
Жайқалған жалпақ жұртым орманым ең,
Ордаңда орманым деп толғанып ем.
Айтыста пірім дедім Иса сынды,
Тең басқан төрт аяғын жорғаны мен.
Атамның асыл жырын жалғайын деп,
Қолға алып домбырамды қомданып ем.
Киелі заты қазақ Керекуден,
Сәлем ал, аты орыс болғанымен.
Өзгеше өзге күннен болып бұл күн,
Қияны қиялыммен шолып тұрмын.
Қайтарып қарымтасын қарашаның,
Жұбайым ұл тапқандай болып тұрмын.
Айтыстың алақұйын арқасында,
Ораздай отты ақынды жолықтырдым.
Ендеше сәт тілейін сапарыңа,
Қатарын жүйріктердің толықтырғын.
Оразалы:
Алашым менің, армысың,
Отырған мұнда бәрі кеп.
Мәдинеде Мұхаммед,
Түркістанда Қожахмет,
Отырарда отыз бап,
Баптардың бабы Арыстан бап,
Тілегін елдің қабыл ет.
Жігерін қыздыр, жалын ет,
Айдай жүзін жарық ет.
Бисмилла деп бастайын,
Маңғыстауда ер Бекет.
Аталы сөзден қашпайын,
Жетісуда Райымбек.
Осы біздің айтыстың,
Бата беріп, басын мүжіген
Сүйінбай мен Құлмамбет.
Арқадан келдің, ағасы,
Мәшһүр Жүсіп атамыз.
Қолдасын десең сабыр ет.
Алқалы жұртым, аман ба,
Амандық қылдым саған да.
Амандасып алғаным
Жеңілдеу болар маған да.
Қолыма алып домбыра,
Алаш деп бүгін айғайлап,
Жеткізейін біраз ғаламға.
Армысың, Серік ағам Құсанбаев.
Сізге де бала жырмен түс арнайық,
Бұрын шығып танылып қалдың елге
Сондықтан қарсы алады-ау құшақ жайып.
Байқаңыз көзсіз шыбын көзге кірер,
Түзу жерде көлденең мұқалмайық.
Сөйлейді деме қалай бала мына,
Әйтсе де оралмаймын балағыңа.
Ақындық, азаматтық егіз ұғым.
Мұны да салайын бір назарыңа.
Үлде мен бүлде киіп келіп қапсыз,
Тартылған тауардай боп таразыға.
Ірілігіңді көрейін, тірлігіңді,
Тірілеу сөз қалдыршы қазағыңа.
Сөйлеші түйе басын сыйдырғандай,
Түскі асыңды ішетін табағыңа.
Жырлашы ойдың шалын сүйендіріп,
Сүбелі сөздің аса таяғына.
Нарқы қандай сөзімнің, арты қандай,
Аңдап басып айтайын аңшылардай.
Халқымның тілегі мен лебізінен,
Алтын еріп, ақ күміс балқығандай.
Бақ пен дәулет келеді бір-ақ сәтте,
Тал түсте тағдырыңа ай туардай.
Сондықтан ағамменен шығып қалдым,
Айтыста жол болған соң тартына алмай.
Тебіндіріп шабайық тұлпарларша,
Қамшы ұрса қара саннан қан шығардай.
Ақиқат та ақ болып көрінбес ед,
Ата-бабам аңыздан аршып алмай.
Бұта шайнар бурадай кеп қалыпсың,
Қайыңды қасқа тіспен аршығандай.
Серік:
Жырың бар таудан өзен құлататын,
Жырың бар сырласыңды жылататын.
Болашақ мұғалім ғой Ораз ақын,
Көбірек сөйлегенді ұнататын.
Аңызда асылдардың аты қалған,
Түңілген жан емес ем заты нардан.
Оразжан, мына бізді айтып жатыр,
Кезінде ақындар деп қапы қалған.
Осы бір суық сөзге ой жіберсең,
Тарихы тұратындай сатылардан.
Мысалы, Бекежан да қапылыста,
Өлтіріп Төлегеннің атын алған.
Ұрпаққа ұран болып аты кеткен,
Бабалар дамыл алды ақыреттен.
Алаштың азаттығын аңсап өтті,
Хан Кене, Әлихандар, Ахметпен.
Аруағы асқар таудай бабаларым,
Бармағы шайнауда қап, қапы кеткен!