Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Елена айтысы (4-бөлім)

Шорабек Айдаров, Елена Әбдіхалықова · 2 мин оқу

Қай заман, мына заман, қандай заман,
Әйтеуір ауыл жақта жағдай жаман.
Бір кезде миллиард пұт астық алса,
Бұл күнде бір-ақ үзім нанды ойлаған,
Бір кезде елу миллион қойды айдаған,
Бұл күні бір қойы жоқ, таңдай қағам.
Бас-басына табылмай басқа кәсіп,
Базарға ауылдастар арба айдаған.
Арбасын ішіп алса жарға айдаған,
Арбасын ұрлап кетсе соры қайнаған.
Арбасын айдай алмай зорға айдаған,
Бұл өзі болып кетті қандай заман?

Бұл өзі қос дүниеге көпір заман,
Байға ну, ал кедейге тақыр заман.
Бейшара, ғарып-кесір, сорлылардың,
Көз жастарын көрмейтін соқыр заман.
Құлқыны үшін құдайын ұмытатын,
Кәнігі ұрыға дос – кәпір заман.
Ағайын, айтыңдаршы, айналайын,
Жақындап қалған жоқ па ақырзаман?

Елена, бұл сөздерім ұнады ма,
Әлгі бір жауап берем сұрағыңа.
Кел, екеуміз қосылып ойбайлайық,
Құдайдың жетер ме екен құлағына?!

Елена:

Қай заман, мына заман, қай-қай заман,
Іске аспас қарарлармен айғай заман.
Жанды ұқпай, жұрт қарамай бір-біріне,
Ақыны Шорабектей ойбайлаған.

Сөзіңе қосыламын мен де, Шора,
Шынымен ел жағдайы, ойбай, жаман.

Көңілімнен ағыл-тегіл жырды айтайын,
Біртіндеп айтқан сайын ұлғайтайын.
Өсірген мына мені, әлпештеген,
Ағайын, тыңдасаңыз сырды айтайын.

Сыр деген заманында ең көрікті,
Тарихта Тұран аты зор болыпты.
Адамның арымайтын азаматы,
Қорқытқа мәңгі мекен – көр болыпты.
Кешегі Абылайлар соғыстан соң,
Ес жинап, жайлаулатып ел қоныпты.
Шалқыған ару теңіз Аралымен,
Көк майса жері шұрай көл болыпты.
Қазаққа ең алғашқы астана боп,
Үш жүздің басын қосқан жер болыпты.
Бір шеті Ұлытауды қорғап-қоршап,
Бұқарбай, Жанқожадай ер болыпты.
Ошағы мәдениеттің бір шетінде,
Түркістан, Отырардай зер болыпты.

Бұл күнде осы айтқаным ертегідей,
Барады берекелі өлке жүдей.
Жанымыз сүйсінетін іс қалмады,
Елімнің қарасаңыз ертеңіне-ей.

Шындықты айтар болсам күлкілдемей,
Шырқырап, шырылдайды, шіркін, көмей.
Орыстар ордамызда ойқастады,
Ұшырып зымыранын күн-түн демей.
Тонналап мұнай шашып жатқанменен,
Жалаң бас, жалаң аяқ жұртым кедей.
Барады халық азып, тозып, босып,
Қала ма қос бүйрегің бүлкілдемей?

Жарылыстан сызат түсіп санаға кіл,
Байқоңыр дерті меңдеп арада тұр.
Қазақтың қасиетті бір мекені,
Екінші Семей болып бара жатыр.

Құр босқа ойбайламай, ақын Шора,
Осындай бір сұмдыққа араша тұр.

Шорабек:

Таң қалам, Лена, сенің қандайыңа,
Қандай сөз түсіп кетті таңдайыңа.
Ойбайламақ түгілі, байбайларсың,
Қазақтың қанық болсаң жағдайына.
Көргенде көңіл жұрты құлазиды-ай,
Отыр ғой ел мекенін біраз қимай.
Айтуға мұңым менің жетіп жатыр,
Жүрекке отырмын ғой жүк аз жимай.
Жау шаппай-ақ Жаңатас жамсап жатыр,
Ресей бомбылаған Грозныйдай.

Жағдайы Сыр бойының аянышты,
Қайталап айтпашы тек баяғы істі.
Ешкім сенің мұңыңды тыңдамайды,
Таппасаң бір құдайдан таянышты.
Елімнің емес пе еді қойыны құт,
Құт бірақ құтаймады қойы құрып.
Тұралап жатыр қазақ шаруасы,
Құяңдай белден қалған шойырылып.
Ауыр тыныс алуда ауыл бүгін,
Құлаған Құлагердей сойыл ұрып.

Қалмаса қой баласы қорамызда,
Ал, енді, елім айтшы, оңамыз ба?
Қой деген жануарды көру үшін,
Ертең біз зоопаркке барамыз ба?

1997 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз