Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Елена айтысы (1-бөлім)

Шорабек Айдаров, Елена Әбдіхалықова · 2 мин оқу

Шорабек:

Айтыскер ақын деген көзсіз мерген,
Таласта таңдайлыны сөзсіз жеңген.
Көпшіліктің көңілінен шыға алмайды,
Кейбір ақын көргенін көп тізгенмен.
Көргенді көрерменім, армысыздар,
Өмірім өтсе деймін тек сіздермен.
Айтыстан соң әрқайсың такси ұстап,
Құритын болды-ау тағы бес жүз теңгең.

Ағайын, бәріңізге бақ тілеймін,
Пейілің көңіліме жақты деймін.
Қалтырап қорқып барам бірақ тағы,
Алдында Еленадай ақ дүлейдің.

Әзілсіз бұл айтыста мән жоқ деген,
Дәлелсіз айтқан сөзде дәм жоқ деген.
Сенен менің сескенер жағдайым сол,
Тышқанға мысықтан дәу аң жоқ деген.

Айта алмай сұлу қызға арманымды,
Талай-талай тістегем бармағымды.
Мен өзім қойдан жуас момын жан ем,
Білмеймін қайтіп қатын алғанымды.

Қалайша Еленадан қорықпалық,
Анау-мынау ақынға жолықпадық.
Қайда енді қашарымды білмей тұрмын,
Шалғайдан шақырумен келіп қалып.
Жыр қамқоры Жүрсіннің арқасында,
Жеттік-ау, бір айтысқа өліп-талып.

Елеусіз қалды бүгін әдебиет,
Елеусіз қалды бүгін мәдениет.
Адамның ақыл-ойын байыптатып,
Талантқа танытпаймыз неге ниет.
Әйтеуір, Әуезовке айтыс өтті-ау,
Жүр еді көптен қышып дәмелі иек.

Заманның бүгінде бір қилы шағы,
Түртсең де түк көрмеуге тырысады.
Қоғамда қозғалыс жоқ бұл күндері,
Тіл жайы жылжымай тұр, тыныш әлі.
Дүниені қозғап еді Мұхтар ойы,
Секілді Архимедтің рычагі.

Өнерсіз жұтамай ма кісі жаны,
Идеологиямыз пышырады.
Жан дүниесі адамның жадау тартса,
Қатал заман қағынып, ұшынады.
Көркем дүние көңілді демдемесе,
Басылар елім талай пысып әлі.
Діңгегі дінге сенбей бүгіндері,
Имансыз сонда неге тұшынады.
Осылай өміріміз өте берсе,
Құранның ұрып кетер құшыры әлі.
Қоғамның қос қанаты бірі сынып,
Руханият репрессияға ұшырады.

Бұл күні болып алдық базар елі,
Ақшаға ғана ауысты назар енді.
Өнердің өзегінен тебер болсаң,
Адамзат көңілінен азар еді.
Егер Мұхтар осы күні тірі болса,
Ойлы сөздің ошағын қазар еді.
Айтысты дамытушы ақын қыз деп,
Сен жайлы бір мақала жазар еді.

Айтыста сөз айтамыз басқа қалай,
Сен мені орта жолда тастамағай.
Кезек те көшіп саған бара жатыр,
Ауысқан Ақмолаға астанадай.

Елена:

Кең далам, арқа далам, тастақ далам,
Берердей ұлылықты бастап маған.
Бар ма ел өнер десе ас батпаған,
Армысың, Алатауым асқақтаған.

Көп болды арнап сәлем бермегелі,
Ақынға осы, сірә, ең керегі.
Қолыма ақ домбыра ұстап тұрып,
Көп болды Алатауды көрмегелі.

Ассалаумағалейкүм, арма, Шора,
Жыр көңіл өзіңізбен жалғаса ма?
Жан аға, зарықтырып, жабықтырып,
Жоқ әлде шалғайыма жармаса ма?
Жаныма нұр құйсаңыз ризамын,
Жарқ етіп жұлдызымыз жанбаса да.
«Алтынды тот баспайды», – дейді халық,
Көңілің шын пәк болса шаң баса ма?
Шындаса шауып түсер бір қыз едім,
Шоңқайып орта жолда қалма, Шора.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз