Қонысбай мен Серік айтысы (3-бөлім)
Қонысбай Әбілов, Серік Құсанбаев · 2 мин оқу
Осы ой мені қатты қинайды ғой,
Айылын інім, тіпті, жимайды ғой.
Бассам деп қанжығаңа армандайсың,
Бұл ағаң қанжығаңа сыймады ғой.
Иесі кетіп, елдің көші қалды,
Ақылы кетіп, елдің есі қалды.
Қазақтың шыныменен малы бітсе,
Қазақтың құрбан болмай несі қалды?!
Басымнан түсірмесін жыр жасымды,
Таптым деп отырмысың құрдасымды.
Қазақты аман сақтап қалу үшін,
Берер ем мың түйеге бір басымды.
Әр сөзді ойлап сөйле, ақын інім,
Басыңа алма бәле сатып, інім.
Ағаңды Қостанаймен шатыстырма,
Мен өзі Торғайымның ақынымын.
Болса да ұлтарақтай жеріміз бар,
Секілді ат төбелі еліміз бар.
Жәнібек тархан бабам ат ойнатып,
Кезінде жау қайтарған беліміз бар.
Әліби, Амангелді кеңес құрып,
Қыдырған Ахаң, Жақаң төріміз бар.
Абайдың бабалары мекен еткен,
Ырғыз бен Торғай атты көліміз бар.
Айтысты болсам егер есіме алмас,
Мұнымды аруақтар кешіре алмас.
Есігін қанша ашып жапқанменен,
Торғайдың атын ешкім өшіре алмас.
Серік:
Несіне інің тізгін тартып қалсын,
Шаттық күй қалай көңіл шалқытпасын.
Басыңды онда шалдың, мұнда шалдың,
Бар ма еді иығыңда артық басың.
Шу, деп қал ініңе енді жетем десең,
Құйғытып жанамалап өтем десең.
Беліңді бекем байла, ақын аға,
Белгілі бір мақсатқа жетем десең.
Ешкім де дау айтпады мына сізге,
Киелі Торғайыңды мекендесең.
Торғайдың ақынымын деп соғасың,
Бар қазақтың ақыны екен десем.
Өлеңді айта алмаған алалайды,
Домбыра тарта алмаған сабалайды.
Ақымақ аузы жаман елді бұзар,
Жүрегін жақсы ағаның жаралайды.
Айылын жимады деп өкпелеме,
Інің де өз шамасын шамалайды.
Бәйгеден басы-көзі су боп озбай,
Жас жүйрік сақалыңа қарамайды.
Қонысбай:
Ақынды мына халқым хан тұтқасын,
Өлеңін ағаң қалай шалқытпасын.
Иықта болмаса да артық басым,
Серікжан, дәл өзіңнен артық басым.
Інімнің айтқан сөзі ұнамады,
Ағаны ел алдында кінәлады.
Серікжан, біле білсең, Алаш деген,
Көкше, Семей, Торғайдан құралады.
Хас тұлпар неге таймен тең болады,
Тұйғынға қалай сұңқар жем болады.
Жыланды үш жерінен кессең-дағы,
Тұлғасы кесірткеге тең болады.
Бесіктен белі шықпай мақтанғанға,
Бір ауыз қатты сөзім ем болады.
Есіктен кірмей жатып төрге ұмтылмай,
Қараған алды-артыңа жөн болады.
Құдайым берген бойға өнерменен,
Бұл ағаң осы жаста не көрмеген.
Жаспын деп масайрама, бұзау өссе,
Өгіздің көрген күнін көрер деген.
Тайлақтай бас жібі жоқ тайраңдайсың,
Тізеңнен ешкім қағып шөгермеген.
Бүркітті ашулантып алған қарға,
Ажалдан үш күн бұрын өлер деген.
Серікжан, өнбес дауды бастамалық,
Айтыста отырмыз ғой астаналық.
Қайтадан соқтығасың ағаңа кеп,
Аяқты алшаң-алшаң тастап алып.
Бақытың бар екен-ау, жолықпадың,
Найзамды жүрген кезде тасқа жанып.
Серік:
Тереңнен сөз маржанын тергендейсің,
Көзге атқан құралайды мергендейсің.
Он бес жыл айтыс дейтін аламанда,
Жүйріктің небір түрін көргендейсің.
Қызулы кеудеңізге қарағанда,
Меккеден тас көтеріп келгендейсің.
Көңілім отырсыншы шалқып бүгін,
Кетейік құба-жонға тартып бүгін.