Аманжол мен Есенқұл айтысы (2-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Есенқұл Жақыпбеков · 2 мин оқу
Ағаңның інім бүгін жігіт шағы,
Қасқырдай жортып жүрмін ымырттағы.
Шал емес, бала да емес, басқа да емес,
Жігіттің күні құрсын қырықтағы.
Қырыққа жасым келгенде,
Не шал емес, не бала емес,
Не ол емес, бұл емес,
Айналайын, Аманжол,
Менің де күнім күн емес.
Жамбылдың тағы да бір жарағаны,
Абайды пайғамбарға балағаны.
Бірін-бірі күндеген бұл қазақта,
Бағамды Жамбылдай кім бере алады.
Аманжол, Қарағанды Карлаг болған,
Ішінде талай жайсаң зарлап болған.
Шахтаңызға Жамбылдың атын беріп,
Сонан соң ел-жұртыңа әруақ қонған.
Аманжол:
«Алла» деп Алатауда жортпақ балаң,
Ұл едім арғымағын тоқтатпаған.
Есеке, арындаған, асыл аға,
Жамбылдың үлкен орнын жоқтатпаған.
Тат басқан өтпес пышақ жүзі емеспін,
Жолында біз келеміз жүз елестің.
Арқаның жолбарыстай жігітімін,
Алдыңда бұлаңдаған қыз емеспін.
Есеке, жасқа келдің қырық деген,
Әр сөзің мөлдіреген тұнық дегем.
Өзіңдей қайқаңдаған көкжалдарды,
Біз жақта ұрып алад құрықпенен.
Алашым көтереді жортқан ұлды,
Ақжол! – деп Аманжолың топқа кірді.
Көкжалы Алатаудың өзің болсаң,
Ал, енді, мен сілтейін шоқпарымды.
Әр халық бірлік болмай ел болмаған,
Әр кезде ел намысын ер қорғаған.
Жамбылдан бақ дарыды деп айтасың,
Қазақта қасиетсіз жер болмаған.
Алатау биігіне тәжім еттім,
Мәреден бауырымды жазып өттім.
Қалайша бақ қонбаған деп айтасың,
Киелі ақ ордасын Қазыбектің.
Есенқұл, биігіңе өрлегейсің,
Шырағың жарқырасын, сөнбегейсің.
Бірлікті кие тұтқан қазақпыз ғой,
Арқаны Алатаудан бөлмегейсің.
Есенқұл:
Ағының, Аманжолжан, тамаша ақтай,
Жүрегің бай екен ғой парасатқа-ай.
Тауларды асқақтатып сөйлегенде,
Даланы да сөйлеймін аласартпай.
Бар қазақты мақтаса тойдан шығад,
Мақтамаса мұндайда ойран шығад.
Бар қазақтың баласы мықты болса,
Сонда осы жаман қазақ қайдан шығад.
Бұл қазақ сақтан шығад, ғұннан шығад,
Бұл қазақ жарқыраған күннен шығад.
Бар қазақтың баласы жақсы болса,
Ал, енді, даукес қазақ кімнен шығад.
Әр сөзің салмақты ғой қорғасындай,
Арқаның тайпаласың жорғасындай.
Аманжолдай ініміз бара жатыр,
Өгіздің асығындай қолға сыймай.
Ендеше інім қазір жарқырайды,
Арыны осындайда арқырайды.
Ағаңа шоқпарыңды жұмсасаңыз,
Аманжол, екі қолың қалтырайды.
Аманжол:
Жақсымен жақынымдай кеңесемін,
Жаманға қарсы тұрып егесемін.
Шоқпармен ұрса қолы қалтырайтын,
Мен саған нағашы жұрт емес едім.
Арқаның табан тіреп белесіне,
Көз салдым келер күннің елесіне.
Өлеңнің теңізінде тербелейін,
Мінгендей Нұх пайғамбар кемесіне.
«Өгіздің асығындай» деп сөйледің,
Тиісіп бауырыңның денесіне.
Арқада ұлы Абайдай дана туған,
Жамбылдай Жетісуда дара туған.
Қазағым, неткен ғажап, киелі елсің,
Осындай қасиетті бала туған.
Есенқұл сол жағымнан қалтақтайсың,
Шібіштің лағындай шала туған.
Арқаның маған тұғыр сар даласы,
Алаштың маған қамқор бар баласы.
Салмағы атан түйе теңселетін,
Елімнің мен боламын нар баласы.
Есенқұл:
Қазақтың ешкі дейсің бір ақынын,
Қазақтың ешкі дейсің гүл ақынын.
Аманжол, білмейсің бе, көк қошқардың,
Бейіштен басы шығып тұратынын.
Ер жігіт мақтанбайды тәніменен,
Мақтанса мақтанады жаныменен.
Қазақта бір нақыл сөз бар емес пе,
Ерді жақсы шапаннан таны деген.
Сыйлассаң сыйыңа бал құйып кетем,
Қалайша жолыңды мен қиып кетем.
Аласа болсаң егер биіктетем,
Биік болсаң басымды иіп кетем.
Мен де бір қызырлы ата ұрпағы едім,
Басыңа бақ пенен қыдыр үйіп кетем.