Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аманжол мен Жібек айтысы (2-бөлім)

Аманжол Әлтаев, Жібек Болтанова · 2 мин оқу

Аманжол:

Қыз едің қырдағы елдің ырысындай,
Жақсы ақын әз Алаштың тынысындай.
Жібек қыз, жанарыңнан айналайын,
Жарық еткен Махамбеттің қылышындай!

Толқындап кемеріме сыймай тұрмын,
Әзірге айылымды жимай тұрмын.
Қырандай көз қанталап кетсе-дағы,
Бүруге сені, қалқам, қимай тұрмын.

Жақсы ақын қарт Бұқардай кең толғайды,
Перзентін тұғыр болып ел қолдайды.
Алашқа жақсы сөзді тарту етсең,
Ауылдың соғымынан кем болмайды.

Сауықты ағаң енді құратындай,
Керуенін саған қарай бұратындай.
Ал енді «Аллажарлап!» – мен шабайын,
Кешегі Ақандардың құла атындай.
Өзіңді Жібек сұлу көрген сәтте,
Қырық күн аш жүрсе де тұратындай.

Жарқ еткен жөні бөлек ақ алмастың,
Шабытсыз арғымақтай шаба алмаспын.
Жер шарын жеті айналып шықсам-дағы,
Шаһарды Алматыдай таба алмаспын.

Болсын деп жақсылықтың бастамасы,
Арқаға көшті елдің астанасы.
Арқаға астанамыз көшкенімен,
Алматы – алты Алаштың бас қаласы.

Сөзіміз, Жібек сұлу, теңіз болсын,
Арқаға – Алатаудан бек із болсын.
Әлемді сәулетімен таңқалдырған,
Алматы Астанамен егіз болсын.

Қырандай ағаң қанат қомдап еді,
Аласа ұлы өнерде болмап еді.
Жайықтың Жібегіне сәлем айт деп.,
Сарыарқа сағынышын жолдап еді.

Жібек:

Төселген шарпысуға ақындардай,
Отырмын алдыңда әзір батылданбай.
Қолыңа бұл айтыста қондыратын,
Сарадай сұңқылдаған тотың қандай?
Жылынып жүрегім де бара жатыр,
Біржанның өзі келіп отырғандай.

Тәңірдің түзу түсіп бүгін ісі,
Төгілсін кестедей боп жыр үлгісі.
Белгілі аспандағы ақиыққа,
Жердегі ақ түлкінің жүгірісі.
Ұтылып арзан сөзден қалмас деймін,
Мәншүк пен Әлияның сіңілісі.

Аңшыдай саят шығып құс салатын,
Келеміз ақындықтың ұстап атын.
Қанша шешен болса да Жиреншені
Қарашаш хан алдында құтқаратын.

Кімдер бар көктем келсе жасармаған,
Дүрсілін жүрегінің баса алмаған.
Кемеңгер, данышпан боп Аязби де
Әйелдің ақылынан аса алмаған.

Келеміз біз жастықтың желіменен,
Жастық та жарасады теңіменен.
Көргенде Ақжүністей аруларды,
Ер мінез Ер Тарғын да еміренген.

Нарқыздар жауға шапса қайтпас еді,
Аңыз қылып ел бекер айтпас еді.
Қыздарға табынбаса Мұқағали,
Арызын Фаризаға айтпас еді.

Аманжол:

Айналдым қарындасым, көрегенім,
Тілеймін кең болғанын керегенің.
Қарындас, өзіңе сай болсын деймін,
Өмірде таңдап тапқан Төлегенің.

Мен көрдім бұлбұл құсты ормандағы,
Тотының табылмайды тордан бағы.
Жібек қыз, өзіңменен толықсыншы,
Кешегі қыз Жібектің армандары.

Жетісу хан түсетін жер емес пе?
Іргелі қазақ деген ел емес пе?
Қарашаш, Меңдісұлу болсаң-дағы,
Қалқам-ау, ердің аты ер емес пе!

Ризамын қарындасым, толғамыңа,
Өмірде айналайын қорғаныңа.
Ағаңның алдын кесіп не қыласың,
Соңымнан ере білсең болғаны да.

Жалғашы аналардың ізгі арманын,
Тілеймін ел үміті қыз болғанын.
«Аман бол қайда жүрсең» – деп тілеймін,
Алаңсыз бүршік жарған қызғалдағым.

Жібек:

Мен бүгін Жайық болып тасынамын,
Ағажан, әзіл сөзге жасымағын.
Қарындас қылығынан қымсынбасаң,
Еркелеп, мойыныңа асыламын.

Айтыстың әліппесін жаттағанмен,
Үмітін анашымның ақтағанмен,
Қыз бала оң жақта көп отыра ма
Бал беріп, балапандай баптағанмен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз