Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қонысбай мен Серік айтысы (2-бөлім)

Қонысбай Әбілов, Серік Құсанбаев · 2 мин оқу

Торғайым көрген талай шайқасыңды,
Мұқату оңай емес қайта асылды.
Қонаев кеткеннен соң жабылып қап,
Колбиннен құтылғанда қайта ашылды.

Жығылған күреске шын тоймайды екен,
Аламын десе құдай қоймайды екен.
Басына үкіметтің кім келсе де,
Торғайды ашып-жауып ойнайды екен.

Білмеймін қандай мақсат көздейді екен,
Жүрегің қиянатқа төзбейді екен.
Мысыққа ойын болып көрінгенмен,
Тышқанға өлімтігін сезбей ме екен.

Ауылда бұл күндері мал қалмады,
Адамдар суға кеткен тал қармады.
Жарық жоқ, жағатұғын көмір де жоқ,
Шыдайтын адамдарда хал қалмады.

Төзбеген қиындыққа қарамай-ақ,
Кетемін жазығы жоқ баланы аяп.
Көлдетіп көздің жасын үйде отырар,
Бара алмай мектебіне жалаңаяқ.

Үміттер білте шамдай өшіп жатыр,
Бағасы нан мен тұздың өсіп жатыр.
Елдегі алтын діңгек қариялар,
Ала алмай пенсиясын көшіп жатыр.

Жастарға жүрмек енді өкпеңіз де,
Түсті олар қарттар көшіп кеткен ізге.
Түйені дауыл келіп шайқағанда,
Дейді ғой ешкілерді көктен ізде.

Ауылды сақтап қалу басты арманым,
Тілеймін шұғыл шара басталғанын.
Уәзірлік елді ойлайтын астанадан,
Салыпты мәрмәр тастан баспалдағын.

Көз жұмбай соның бәрін біле тұрып,
Уақытша кеңсеге де кіре тұрып,
Мал сатып неге алмаған мәрмәр емес,
Басқышпен тақтайланған жүре тұрып.

Жүргенді құлақ естіп, көз көрмей ме,
Мұнымен үкіметке сөз келмей ме?
Орыны қосындының ауысқанмен,
Шынымен қосындысы өзгермей ме?

Қадамың құтты болсын, Нұрлан аға,
Жеткізші қазағымды бір қараға.
Ауылдың шаңырағын түзетсеңіз,
Жолыңа боп кетер ем құрбан аға!

Серік:

Жырың бар шаршы топта ақтарғандай,
Атың бар асқар таудай мақтанғандай.
Ініңіз шортан ғой деп қорыққан жоқ,
Қанжығам майланды деп шаттанғандай.

Көңілін көрерменнің нұрландырып,
Сөйлейсің ойдан орып, қырдан қырып.
Түсінбей қалдым, аға, премьерге,
Басыңды жібердің бе құрбан қылып.

Нұрландай премьерлер жетеді ғой,
Мынау құт бастан сырғып өтеді ғой.
Әрине, жақсы ниет-жарым ырыс,
Ол-дағы ертең тақтан кетеді ғой.

Бағушы ек қабақ пенен қасыңызды,
Алыпсың ағарттырып шашыңызды.
Шынымен шалар болсаң, ағатай-ау,
Ел үшін шалмайсыз ба басыңызды?

Амалың қалмапты ғой аһ ұрмастай,
Жырымыз жараспайды жақындаспай.
Торғайды Қостанайға қоса сапты,
Үкімет өзіңменен ақылдаспай.

Өзің біл сөксең-дағы сотқарыңды,
Тастайды ертең санап отқа кімді?
Жыр айтып, терең толғап бүгін кеште,
Қайтайық бір серпілтіп көп қауымды.
Әкежан қол қойғанда қаулысына,
Білмепті-ау өзіңіздің жоқтарыңды.

Қонысбай:

Бүркітке торғай тойса шабады екен,
Ешкі емер айдаһарды шағады екен.
Мысықтың құйрығымен тышқан ойнап,
Құдайын өстіп жүріп табады екен.

Әкені десек тағы түсі игі екен,
Саған да алақаны ысиды екен.
Баланы түлен түртіп таяқ жерде,
Көздері бір күн бұрын қышиды екен.

Отырмыз әр сөзіңді байқап інім,
Жасырмай ойдағыны айтар інім.
Ағаңа өзің келіп соқтығардай,
Азғырды сені қандай шайтан, інім?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз