Шорабек пен Елена айтысы (2-бөлім)
Шорабек Айдаров, Елена Әбдіхалықова · 2 мин оқу
Жаныңа әзіл-күлкі саяланған,
Жұрт күлді өзің елге таяғаннан.
Жасыңнан момын болсаң, жасық болсаң,
Жеңгеміз тиген шығар аяғаннан.
Шорабек:
Өзіңді қандай жігіт сағынбай жүр,
Алашқа арнап жүрсің лағылдай жыр.
Әйелім мені аяп тиіп апты,
Сені аяр жігіт, бірақ, табылмай жүр.
Басыңа бақыт құсы қонған кезде,
Шалынар шаттық бірде шолған көзге.
Жападан-жалғыз жүрсің, сен қалайша,
Астананың өзі екеу болған кезде.
Өмірлік серігіңді таппадың ба,
Емексіп ешкімге жіп тақпадың ба?
Қосағыңмен қоса ағармай неғып жүрсің,
Қосылып екі облыс жатқанында.
Болмаса жанға қамқор жолдасың да,
Ғайыптан келіп біреу қолдасын ба?
Ебі жоқ еркек бүгін толып жатыр,
Жан сақтаған жарының арқасында.
Күйеуге шықпауыңның бір мәнісі,
Саудаға сап қояр деп қорқасың ба?
Мен қалай сезіміңді оятамын,
Кімнен кем түсіп жатыр қай атағың.
Жұтынып жұбыңды іздеп жүрсің бе, әлде,
Ішінен «Мерседес» пен «Тойотаның».
Десең де өз теңімді тауып, сүйем,
Өмірдің өз тартуын танып сүйем.
Өтіп кетер ме екенсің, Еленажан,
Өзіңе өткізсеңші аукцион.
Бар шығар деп жүргендер бәсін берем,
Бар нәрсе сатылуда әсіл деген.
Бәйбіше боп қалуың әбден мүмкін,
Өтсе аукцион Голландық тәсілменен.
Бұралып жүрсең саған жараспай ма,
Ақ күндік, бүрме көйлек мәсіңменен.
Айтыста сөз қозғаймыз басқа қандай,
Алаштың арманы іске аспағандай.
Нарықтың зары жұртты науқас қылып,
Айықпас ауруға бастағандай.
Уызын ұрттаймын деп отырғанда,
Қысыр қап құнажыны қашпағандай.
Нарықты бұрын қызық көруші едік,
Көзіміз болды енді тостағандай.
Дүние кетті бүгін шыр айнала,
Жоқшылықты көресің былай қара.
Жалпы жұрт қиыншылық көріп жатыр,
Қызық қуған ығай мен сығай ғана.
Елена:
Айналып өлең мен жыр сырласыма,
Шақырып қиялым жүр қыр басына.
Шамасы отырған қыз деп сөгесің,
Қарасам сөзіңіздің сұлбасына.
Жазымыштан оза алатын жан бар ма екен,
Тілейді жалғыздықты кім басына?
Өмірге елес сынды сіңіп кетем,
Жуам да тағдырымды жыр-жасыма.
Жатқанда қылшық тауып түбіттен де,
Көп болды күйеу деген үгіт менде.
Бақытты ете алмаған бір ақынын,
Обалым мына сендей жігіттерде.
Жүргенде арман күтіп, жүз күн болды,
Демегін бұл ақындар құзғын болды.
Сексен мың бойдақ қыз деп санап еді,
Бүгінде соның саны жүз мың болды.
Шорабек:
Сендейді біздің жақта би қыз дейді,
Би қыздар беттен бізге сүйгізбейді.
Жалғыздығыңды, Ленажан, менен көрме,
Бір атқа екі қамыт кигізбейді.
Болсаң да әзіл сөзге өткір мендей,
Кіршіксіз көңіл тұрсын тек кірленбей.
Жанкүйердің бірі едім мен де, Лена,
Тілеуіңді тілейтін шет жүргендей.
Тағдырдың тәлкегі бар иіп әкеп,
Жаманға жақсы бетін өптіргендей.
Бұйырып бір жаманға кете барма,
Шектен тыс азап мұңын шектіргендей.
Олай болса обал ғой ойлы қызға,
Шұлғауды гүлге жайып кептіргендей.