Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қонысбай мен Серік айтысы (5-бөлім)

Қонысбай Әбілов, Серік Құсанбаев · 3 мин оқу

Әкімнің қарауында халық болар,
Қауқарсыз қаулылардан жалықты олар.
Зар илеп зейнетақы қолға тимей,
Заманға мұңын шағып зарық болар.
Жайлы ма жамбасыңа креслоңыз,
Отырған кабинетің жарық болар.

Қайсы бір ел билеген қасқаларың,
Халықтың қайтер дейсің қас-қабағын.
Қанды ауыз қорқау қасқыр шыға келер,
Сыпырсаң бетіндегі маскаларын.
Сөкті деп коллегамды өкпелеме,
Қалмады ашынғаннан басқа амалым.
Солардың құлағына жете ме екен,
Өксігі ауылдағы аш баланың?

Шабытсыз шаршы топта шалқымас ән,
Ән мен күй қазағымның салтына тән.
Көңілдің көгершінін осындайда,
Тербейді айтыс дейтін алтыбақан.
Мысалы, мен аламын үш мың теңге,
Ал сенің қандай, аға, зарплатаң?

Қонысбай:

Өзің біл қоямысың, үндемейсің,
Ағаңа жала жауып жүрмеймісің.
Сан рет айтып өттің қызметті,
Қызмет үшін мені күндеймісің?
Бұл ағаң орындығын айтыс үшін,
Екі рет өткізгенін білмеймісің?
Мен-дағы мұң зарымды төгіп айтсам,
Серікжан, жылаймысың, күлмеймісің.
Жоғары қызметте Әбіш ағам,
Халықтан қашқанынан жүр деймісің.

Сөздерім менің сендей салқын емес,
Серікжан, бүгін жүзің жарқын емес.
Оғаштау сөзге ғана құлаш ұрып,
Мағнасын түсінбейтін халқым емес.
Қызметсіз жүрген ақын бәрі әулие,
Қызмет істегендер алтын емес.

Серікжан, жұлдыздай боп ақтық білем,
Айтысқа біраз қанат қақтық білем.
Сөзбенен бір жылатып, бір күлдіріп,
Көңілін көпшіліктің таптық білем.
Айтысты жалындатып қыздырып ап,
Жалын ғып жырымызды жақтық білем.
Қазылар белгі берді, ойнасақ та
Біраз жер енді, міне, шаптық білем.

Құдайым, жақсыларды жат қылмасын,
Білемін сендей іні тап қылмасын.
Жолықтық Алатаудың баурайында,
Көңілі екеуміздің әк қылғасын.

Білесің ақыл-тұғыр болмаса егер,
Басыңда шамалы, інім, бақ тұрмасын.
Бағасын сөзіміздің халық берер,
Тартайық осыменен аттың басын.

Серік:

Бәрін де шаршы топта көрген елім,
Сол елдің батасымен көгеремін.
Өнердің ұлы көшін Керекуден
Әкеліп Алатауға шөгеремін.
Өзің біл аттың басын тартам десең,
Мен, аға, әрмен қарай жөнелемін.

Бағаңды бір адамдай білетінмін,
Сөзіңді құлағыма ілетінмін.
Мына күн – жоқтықты айтып жылай бермей,
Бір мезгіл әзілдесіп күлетін күн.
Апамыз іркес-тіркес ұл тапқасын,
Бата алмай жезде друге жүретінмін.

Жезде деп, жігін тауып сыр тартқасын,
Белгілі әзіліме мін тақпасың.
Шапқайсың шаршы топта шамаң келсе,
Тұяғың қара тасты ұнтақтасын.
Балдыздар орныменен ойнап-күлер,
Жарасып жездеменен тіл тапқасын.
Алдыңда, шүкір, бүгін бетім ашық,
Апамыз қырыққа кеп ұл тапқасын.

Ақын ба буырқанып бұрқанбаған,
Шабытты жыр қалмасын шырқалмаған.
Алтыннан қарғы тағып қоссаң дағы,
Тазының құны бақыр түлкі алмаған.
Әруағын алашымның аспандатып,
Нұрқандай ақын болсын Нұрқан балаң.

Қонысбай:

Бір қызық өзгерісті ел көрді ғой,
Жып-жылы сол жағымнан жел келді ғой.
Манадан сені неге қара басты,
Серікжан, сөзің енді жөнделді ғой.

Салмақтап оңашада ойласқанда,
Өмірім ұқсайды екен бай дастанға.
Төрт қыздан кейін бір ұл тауып беріп,
Шынында шығарды апаң айды аспанға.

Бұл ағаң нарықта да тарылған ба,
Қашанда үйден қонақ арылған ба?
Құттықтап келіп қайтсаң артық па еді,
Қарыны ақ түйенің жарылғанда?

Серік:

Ақиқат – адамзаттың жүгінері,
Сенімі сөнген күні түңіледі.
Жел сөздің желден озған желмаясы,
Жасыңнан Нұрқан атаң пірің еді.
Ұлына ұлылардың атын қою,
Қазақтың қасиетті ырымы еді.
Ендеше жиендерім жалғыз болмай,
Көбейсін Нұрқанжанның інілері.

Қонысбай:

Қуанған бөбегіме толы халық,
Шетінен шықсам ба екен қолын алып?
Бәріңді осы отырған шақырамын,
Бәріміз сүндет тойда жолығалық!

1997 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз