Аманжол мен Есенқұл айтысы (1-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Есенқұл Жақыпбеков · 2 мин оқу
Есенқұл:
Армысың барлық ағайын,
Бастары тойда қосылған.
Жамбылдың жолын мен өзі,
Қуып жүрмін жасымнан.
Ғасырдан-ғасыр асырып,
Сары алтын сөзді сапырған,
Сыйынған жандай Аллаға
Сүйінбай пірін шақырған.
Селдеген судай көктемде,
Көсіле сөйлеп кеттім бе?
Көрден шығып Көріғұл,
Көз жасын сығып отырған,
Бар әлемнің Жәкесі,
Бар қазақтың тәтесі,
Айналдым Жәке атыңнан.
Армысың осы отырған, Аманжолым,
Білемін өлеңіңде сабан жоғын.
Аманжолым, Қасымның інісі едің,
Тілеймін сол Қасымның саған жолын.
Армысың, қасымдағы інішегім,
Сен өзің жаңа жолдың тынысы едің.
Жүгені жүйрік аттың өзің болсаң,
Мен-дағы сол жүгеннің күмісі едім.
Атжалмандай ағама жолықтым деп,
Көңілің болмай тұр ма інім сенің.
Тыңдаймын енді сенің өлеңіңді,
Ішінен теріп алам керегімді.
Берейін сөз кезегін інім саған,
Қойдым ба көп күттіріп кезегіңді.
Аманжол:
Алатау алтын тұғыр дара тұрған,
Төсінде Жамбыл сынды дана туған.
Армысың, үш арыстың балалары,
Алланың ақ нұрынан жаратылған.
Ақтарған ақиқатын сезімдегі,
Мен де бір ботаң едім көшіңдегі.
Тойларың құтты болсын, ардақты елім
Киелі Алатаудың төсіндегі.
Жаныма Жамбыл жыры тыныс берген,
Қанатты әр сөзінен ырыс тергем.
Ордалы Алатаудың аясында,
Бақ сынап көсілуді дұрыс көргем.
Бұқар мен Қазыбектей дана туған,
Бір сәлем арқадағы ырысты елден.
Бұл күнде Қазақстан жол алғандай,
Басына бақ-дәулеті оранғандай.
Құрлықта мекендеген талай елдің,
Қазағым қапталдасты бола алғандай.
Жәкеңнің қырғыз асқан жолбарысы
Қайтадан Алатауға оралғандай.
Алыптың ақтарылып дастандары,
Өр Жәкең шындықты айтып жасқанбады,
Қоқандап қапталына келгендердің,
Сөйлесе әу дегеннен қашқан бағы,
Жамбылым әлемге көз салып өткен,
Қырағы ақ сұңқардай асқардағы,
Түсінген адамзатқа Абай, Жамбыл
Ай менен күн секілді аспандағы.
Халқымның шаттық кіріп келбетіне,
Тұрғандай Алатау да тербетіле.
Әлемге Абайыммен ақыл айтып,
Жамбылмен жыр төгемін жер бетіне.
Жүйріктің жаны кірер жарағанда,
Топ жарып көсілсем деп нар алаңда.
Есеке, ақын ағам, аманбысың,
Менімен бақ сынасқан аламанда.
Балаңның баталы сөз меңгергені,
Ырысым өлеңіммен теңделгені.
Анамнан бұл өмірге туғанымда,
Жаратқан несібемді кем бермеді.
Есеке, көзді тігіп отырсың ғой,
Тайпақ қасқыр секілді шеңгелдегі.
Бата алып Бес Мейрамның баласынан,
Мен келдім Сарыарқаның даласынан.
Жамбылға тұғыр болған асыл халқым,
Танырсың дарынды ұлды бағасынан,
Есенқұл қасымда отыр асыл ағам,
Нәр алған Жетісудың жағасынан.
Түрі бар аумай қалған нағашыдан,
Үні бар аумай қалған бабасынан.
Ризамын шежіре жыр таратқанға,
Аузыңа алты алашты қаратқанға.
Өлтірмес дәрі іздеймін деп айтасың,
Мәңгілік жарасқан ғой Жаратқанға.
Алланың мүмкіндігі мол емес пе,
Бұл өмір қысқа күрмеу жол емес пе.
Жамбылдай кейінгіге сөзің қалса,
Мәңгілік өмір сүру сол емес пе?
Есенқұл:
Ел-жұртым өзің үшін жаралып ем,
Мен-дағы Жетісулық қазағың ем.
Қит етсе нағашымды айтатұғын,
Айпырмай, бұл қазаққа не жазып ем.
Менімен шықтым дейсің аламанға,
Ұқсайсың бауырынан жарағанға.
Қыздардың бір әдісін табушы едім,
Білмеймін, ініммен де шаба алам ба?
Інілермен отыру асқан бақыт,
Қыздармен де талай күн тапқам бақыт.
Жас қасқырлар шапса егер жаныменен,
Кәрі қасқыр шабады қапталдасып.