Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Елена айтысы (3-бөлім)

Шорабек Айдаров, Елена Әбдіхалықова · 2 мин оқу

Жақсы қыз жұрт алдында сызылады,
Сыпайы қызға әркім-ақ қызығады.
Әдептілік әрнеден сақтайтынын,
Басқалар білмесе де қыз ұғады.
Абай бол өзіңе өзің, Еленажан,
Жел тимей жүре берсін жүзің әлі.
Қыз деген әлі шикі қызыл ет қой,
Қалдырсаң бетін ашық бұзылады.

Бүгінгі мінездерің жат секілді,
Сен маған сырын білмес ат секілді.
Қыздың сыры құпия, жұмбағы көп,
Қағазға сүтпен жазған хат секілді.

Сырыңды алдырғанша бір мысқалдай,
Болайын бүгін мен де нұр құшқандай.
Құпиясын шашпайды қыз дегенің,
Қазіргі ашылмайтын қылмыстардай.

Терең ғой текті қыздың ұғымы да,
Болады жұртшылыққа жұғымы да.
Ешкімге ішкі сырын алдырмайтын,
Шпион секілді ғой, құдды, бұл да.
Рәтбек, Әкежанмен бірге сен де,
Істесең білмес едік КГБ-да.

Айналған мемлекеттің маяғына,
Премьердің ісі жөнге саяды ма?
Әкежанды көріп едік әкеміздей,
Мәскеуден келген кезде баяғыда.
Сол әкеміз қазақты аяды ма,
Аяса шетел жаққа таяды ма?
Артық жеп қоймаса егер арғымағым,
Ақсар ма еді жем түсіп аяғына.
Қазынасын ортайтқан Қазақстан,
Сүйеніп қала берді таяғына.

Мұндағы бітпей қойды-ау мешіт тегі,
Дақпыртын көп болып ед есіткелі.
Бұл күндері мектепке барып-кеп жүр,
Сол кезде жатқан бала бесіктегі.
Қайран елдің қаржысы қайда кетті,
Жинаған жылдар бойы несіптері.
Қанша қаржы құйса да қампаймайтын,
Қалтасы мүфтиіңнің тесік пе еді.

Айтайын болсақ егер заман жайлы,
Көңілім мына жайтқа алаңдайды.
Ата-анасы жұмыссыз жүргендердің
Балалары мектепке бара алмайды.
Өйткені өтеу үшін қажеттерін,
Азды-көпті ақшаны таба алмайды.
Баламызды әлпештеп баға алмасақ,
Құдайым мына бізді неге алмайды.

Елена:

Жақсы жан қызды нәзік гүлге теңер,
Шореке, сен де соны үлгі ете бер.
Обалым болса менің тап өзіме,
Қасіретін қалған қыздың кім көтерер?

Сөйлеген бұл әншейін амалым де,
Айтыста таусылған ба шара мүлде.
Ұлтының келешегін ойламаған,
«Күніндей қорғансыздың» заманың де.

Келтіріп шабытымды шарықтатып,
Салғанмен әсем әнді қалықтатып,
Жүректен әл берсем де, жан берсем де,
Пайдасы тиер емес халыққа түк.
Өсиет, қасиетке қарайлатпай,
Барады ел жанына нарық батып.

Айтыста семсер де асқақ, қалқан да асқақ,
Жақсы ғой шын шабыт ап шалқарласпақ.
Рәтбек қажыменен айтысуды,
Бүгінде берді бізге Қалтай бастап.

Зұлымдық әлде елді қоршады ма,
Тақалдық надандықтың зор шағына.
Қалтасы қайдан толсын күштілердің,
Түскен соң тиын-тебен жемсауына.

Шорабек:

Замана сан өзгеріп, жалт беріп жүр,
Жалт бергенін мұндағы халық көріп жүр.
Заманның азғандығы сол емес пе,
Біздерге бойдақ қыздар тап беріп жүр.
Жігіттерге кінәні арта берме,
Қай елдің қызы байға қарық боп жүр.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз