Абаш пен Құдайберді айтысы
Абаш Кәкенов, Құдайберді Мырзабеков · 2 мин оқу
Абаш:
Ақын едік көкіректен жыр ұсынған,
Жыр ұсынған халыққа нұр ұсынған.
Бергеніңе құдайым тәуба дейміз,
Айырмасын халықты ырысыңнан.
Салайын сахнада сауық-сайран,
Тиер ме екен халыққа менің пайдам.
Алатаудың бауырындағы ел аман ба,
Деп сұрады қытайдағы қалың найман.
Халықты көтереміз төбемізге,
Ақындық берген құдай өремізге.
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік,
Құдаш деген қасымда төремізге.
Құдайберді:
Армысың, ақын қалам, батыр қалам,
Көркіңе көзайым боп жатыр ғалам.
Арқаға астананы аттандырып,
Бастың ба болашаққа батыл қадам?
Кеткендер қайта қашып келмесе екен,
Тоңғанда сары аяздан сақылдаған.
Өзіңсің тұсауымды кескен менің,
Арқаңда оза шауып, төске өрледім.
Түгіне кілеміңнің тайғанақтап,
Сүрініп кеткенімді ескермедің.
Ассалаумағалейкүм, ағайындар,
Бұл бала – біздің бала дескендерің.
Халықтың өнеріне жаратқандай,
Жігітім, өнер қонбас талаптанбай.
Айтысқа бүгін көптеу жиылыпсың,
Ақындар айлық әкеп таратқандай.
Мәз болып отырарсыз қолың соғып,
Шеберге жыртығыңды жаматқандай.
Сөйлейік осындайда тасынып-ай,
Қалмайық бұл заманға басылып-ай.
Ізденіп талпынбасаң күн болмайды,
Ештеңе жатқан жоқ қой шашылып-ай.
Көкшетау да жабылып қалса-дағы,
Сөйлейік мұнда келіп ашылып-ай.
Дегенде Абаш ақын, Абаш ақын,
Бұл өзі көп ақыннан тамаша ақын.
Қызбенен салсаң-дағы қымсынбайтын,
Кемпірмен салсаң-дағы жарасатын.
Ініңмін мен қасыңа еріп жүрген,
Дүбірде үзеңгілес жанасатын.
Ал енді өлеңіңді жырлай бергін,
Бәйгең бұл осы жерде таласатын.
Өзіңмен таласпаймын төр үшін-ай,
Жатыр ғой Шығыс жақта қонысың-ай.
Шақырылмай келген қонақ жаудан жаман,
Деуші еді ұлы халық орысым-ай.
Өзіңе Семей жақты қосып алып,
Бермейсің Көкшетауға қол ұшыңды-ай.
Өзіңді мықтылармен шендестіріп,
Сөйлейтін болып апсың елге ысқырып.
Бұл күнде сен отырсың шалқақ қағып,
Абайды, Әуезовты жерлес қылып.
Жүрмін деп мақтанасың қайыншылап,
Көрейін ағайынның жайын сұрап.
Ол жақта жағдай қатты қиын болып,
Құдекеңнен келдің бе қайыр сұрап.
Абаш:
Айтатын сөздеріңді тосып алдық,
Не айтса да Құдекең қосылайық.
Үй ішіне үй тіксе отау деген,
Қызғанасың ба, Семейді қосып алдық.
Өлеңің ары қарай дауылдасын,
Ол жағына басыңыз ауырмасын.
Сахнаға сайран салып шыға келдік,
Мұхамеджан ініміз ауырғасын.
Биіктен елім мені көріп еді,
Айтыс деген өмірдегі өрім еді.
Мұхамеджан ініме мың рахмет,
Ағасына орны менен төрін берді.
Құдайберді:
Мен де жауап табайын шошығанша,
Бұл Абаш ақындардың досы болса.
Өскемен қайта айналып берер ме екен,
Семей сені өзіне қосып алса?
Ақындар елге сөзін арнап жатыр,
Кейбіреу айтқан сөзін жалдап жатыр.
Кешегі Абылайдың елі еді деп,
Қариялар қазанын таңдап жатыр.
Үкімет сол шалдардан қорыққасын,
Қайтадан қосамыз деп алдап жатыр.
Абаш:
Тіршілігін халық та жалғай жатыр,
Біздің ел астанадан шалғай жатыр.
Халықтың халі мүшкіл дей алмаймыз,
Балалар бірақ мектепке бармай жатыр.
Сөзіңнің ұйқасы жоқ құрағанмен,
Кеңескелі отырсың бір ағаңмен.
Жоқ-жоқ деп айтуға да ұяласың,
Кім береді қолыңдағыны сұрағанмен.
Құдайберді:
Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы,
Өрт шалып, отқа күйді алқалары.
Бастарын бұзақының үйітер ме еді,
Мұрнынан қайнағандай маңқалары.
Шынымен нарық деген осы ма деп,
Қарттары біздің жақтың зар қағады.
1997 жыл.