Аманжол мен Жібек айтысы (1-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Жібек Болтанова · 2 мин оқу
Аманжол:
Кеудемнен ақтарылған алтын өлең,
Ақынның біреуі едім нарқы берен.
Алдыңда басымды иіп тағзым еттім,
Ордалы ақындардың салтыменен.
Алаштың аян тұттым баталарын,
Даламның тұғыр тұттым жоталарын.
Иіген аруанадай асыл халқым,
Алдыңа келді, міне, боталарың.
Кең болсын өр қазақтың керегесі,
Ешкімнен кем болмасын кенересі.
Есігін жаңа ғасыр ашар сәтте,
Алланың аз болмасын берекесі.
«Ағайын, құтты болсын» деп айтамын,
Елімнің Тәуелсіздік мерекесі!
Айбын бар қазақ деген арыс елде,
Төзім бар қазақ деген талыс елде.
«Аллалап!» керуенді біз түзедік,
Іргелі қадам басып алыс өрге.
Әлемнің көшін бастап жерұйыққа,
Айналар күн тусыншы барыс елге.
Бұл ағаң жақсылықты байыптады,
Ақынның арзан болмас айтқаны.
Еркелеп Алатауға кеп отырған,
Армысың, Жібек сұлу, Жайықтағы.
Жігіт ем нөкер сайлап жорық құрған,
Өнердің қасиетін мол ұқтырған.
Алдыма ару ақын кеп жатқанда,
Кезім жоқ ақ тілектен торықтырған.
Мінеки, Аманжолмен бір сырласшы,
Жібек қыз, бек шағыңда толып тұрған.
Алланың ақ ниеті дұрыс екен,
Қайтадан екеуімізді жолықтырған.
Ақындар Алатауға жол қылғандай,
Керуенді салтанатын мол қылғандай.
Дегенмен, мәз-мәйрам боп мен отырмын,
Қолыма көгілдірді қондырғандай.
Мен болсам бір ағаңмын нар атандай,
Сен болсаң, ақын қызсың дара таңдай.
Томпиып отырысың қандай жақсы,
Жарыққа жаңа шыққан балапандай.
Шырақты Алатауға жақшы дедім,
Толқының толастамай ақшы дедім.
Ал, енді тізгінімді мен тартайын,
Қанатты көгілдірім қақшы дедім.
Жібек:
Әнменен, өлеңменен таңды атырған,
Думаншыл менің халқым сан ғасырдан.
Исатай, Махамбеттің ұрпағымыз,
Сойылды ат үстінен алмастырған.
Абыздар астаналық есен бе екен,
Асыл ой, ардақ сөзді жалғастырған.
Ақ басты Алатауым, ар ма екенсің,
Төрінде Алматының малдас құрған.
Қазағым ақылға бай, көсемсің ғой,
Ал енді тілге келсең, шешенсің ғой.
Айналған алты алаштың арманына,
Алматы мәңгі жұмақ мекенсің ғой.
Астана ауысқанымен Ақмолаға,
Орнында Алатауым екенсің ғой.
Көзінде қыздарының күлкі ойнаған,
Думанды жігіттері түн тойлаған.
Сәлемін алып келдім Ақ Жайықтың,
Қой бағып, түйе сауып, жылқы айдаған.
Ауылдан келген едім дауылдатқан,
Далаңнан келген едім жауындатқан.
Атамыз қазақ біздің жат адаммен
Бас қосып, бір шай ішсе бауырласқан.
Ағайын, армысыңдар, қар түскенде
Соғымды дәмететін ауылдастан.
Көңілі халқымыздың ортаймаған,
Уәдеден дос бұзылып, жар таймаған.
Екі ақын айтысқанда ортасында,
Дариға-ай, қымыз қызып, шай қайнаған.
Сол кезде ақсақалдар тақиясын
Қиықсыз қолына алып пай-пайлаған.
Жайықтан ақын қызың тағы келді,
Өлеңді айтқан кезде айқайлаған.
Армысың, Аманжолым, ардақты ағам,
Әр сөзін таразыдай салмақтаған.
Қомданып отырсың ғой екі көзің
Секілді қыран бүркіт қан қаптаған.
Менсінбей қарайсың ғой аласаға,
Өзіңе тәкаппарлық жараса ма?
Қамкөңіл мына біздің халайықты
Батырып кетеміз бе тамашаға.
Армысың Аманжолым деп айтайын,
Ел-жұртың, аман ба екен, бала-шаға?
Дүйім жұрт ел-халқыңды саялашы,
Сезімді жылы менен аямашы.
Жарыққа талпынамын балапандай,
Ал, енді күн болып сен аялашы.