Аманжол мен Есенқұл айтысы (3-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Есенқұл Жақыпбеков · 3 мин оқу
Мына біздің қазақта,
Кей ақындар болады,
Ерлікті мақтап жан баққан,
Бір ақындар болады,
Заманды айтып зар қаққан.
Бір ақындар болады,
Атақ пенен даңққа да,
Елден бұрын үлгерген.
Бір ақындар болады,
Ешкілерді апа деп,
Текелерді ата деп,
Көлеңкеде күн көрген.
Бір ақындар болады,
Кірмейтін жерге кіретін,
Жүрмейтін жерде жүретін,
Ағаларын ешкі деп,
Бекер босқа кіретін.
Бір ақындар болады,
Үрмейтін жерде үретін,
Осылардың сен осы,
Қай тобына кіресің.
Аманжол:
Алатау алты Алашқа тұрақ дедім,
Ағылған етегінде бұлақ дедім.
Есеке, қай ауылға шауып кеттің,
Алдыңда бас деп едім құлақ дедің.
Сөзімнің төркініне жөндеп түсін,
Мен сені ешкі емес лақ дедім.
Жырымды Жетісуда толғай кетем,
Қырандай қанатымды қомдай кетем.
Алдымнан алпыс бөгет кездессе де,
Сөзімді Алашыма жолдай кетем.
Енеден жаңа туған шала лағың,
Асқардың ортекесі болмай ма екен.
Сараңның түңлігін түрмейді інің,
Осалдың оң жағында жүрмейді інің.
Жаңағы шатып-пұтып айтқаныңның,
Өмірде ешқайсысына кірмейді інің.
Есенқұл:
Құлақты айтпай, басты айтпай, ақындықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Жамбыл мен Шашубайлар арасында,
Біздерді жақындатқан жақындықты айт.
Бұлбұлдан озып жүрген қарғаларды айт,
Ақынның озып жүрген арбаларды айт.
Аузы қисық болса да бай баласы,
Сөйлейтұғын осынау кер заманды айт.
Айтатұғын арқалы ақынсың ғой,
Соның бәрін айтпасаң үйіңе қайт.
Қайт дегенде қайқайып қайта бермей,
Түбіне осы сөздің бір барып қайт.
Аманжол шабытыңнан қайтпаймысың,
Әр нәрсені мұндайда жаттаймысың.
Есеке, Есеке деп сұңқылдамай,
Есаға деп жөн білсең айтпаймысың.
Аманжол:
Керіске белді бекем бумақпысың,
Айтқаның толқынымды тулатты шын.
Айтпасаң ауылыңа қайт деп айтасың,
Аулыңа келген ұлды қумақпысың.
Жырым бар қыран құстың қанатындай,
Болмайды көңілден сыр тартылмай.
Шабандап отырсың ғой, ау, Есенқұл,
Тезектің жауыр болған сары атындай.
Сөйледім өлеңіммен өтелгелі,
Жолыңды көрсетейін төтеңдегі.
Өзіңе Есеке деп сөз саптаса,
Ініңнің ол да болса көтергені.
Есенқұл:
Өмірің қызықпенен өтсін деймін,
Өзіңдей қонағыма тексінбеймін.
Әйгілі Балуан Шолақ атаң құсап,
Аулымда он күн жатсаң көпсінбеймін.
Сөйлесе сөздің шешені,
Жігіттердің көсемі,
Ұзынағаштың мен едім,
Жақыпбеков Есені.
Ешкі демей бұл кезде,
Қыран құсқа теңесең.
Көңілім бүгін өседі.
Еліме қонақ боп кеткен,
Біржан салдың ұрпағы,
Өзіңменен айтысқан,
Менің де бағым бес елі.
Серілер аттап жүрген атырабын,
Сарыарқа қасиетті топырағың.
Әруақ қонған ел-жұрттың баласы деп,
Өзіңді Ұзынағашқа шақырамын.
Аманжол:
Алдымнан самаладай еспейсің бе,
Теңізін қара өлеңін кешпейсің бе?
Бауырым, ауылыңа қайт деп сөйлемей,
Әуелден жөнге осылай көшпейсің бе?
Есаға жақсылыққа жар болғайсың,
Іздесем оң жағымнан бар болғайсың.
Лақ деп төмендетсем өкпелеме,
Шоқтығы көк тіреген нар болғайсың.
Құт қашып отырған жоқ қазір менен,
Ағаның айтқан сөзін мәзір дегем.
Болған соң той иесі көтересің,
Қонақтың кейбір сөзін әзілдеген.
Мен келдім лықсып аққан көңіліңізге,
Мен келдім Алатаудай беліңізге.
Ниетпен думан-тойға шақырсаңыз,
Барайын Ақжолтайлап, төріңізге!
Есенқұл:
Өмірімде болады тойларым көп,
Той жасаймын әлі де ойларым көп.
Өркеші көк тіреген мен нар болсам,
Қасымда сен жүре бер тайлағым боп.
Аманжол:
Мен келдім Жетісудың өлкесіне,
Қалың ел құшақ жаяр еркесіне.
Барайын думан-тойға, уа, халайық,
Мініп ап Есекеңнің өркешіне.
Есенқұл:
Ағаңның мінем деген өркешіне,
Арқаның көнеміз ғой еркесіне.
Мына біз той иесі болғаннан соң,
Мінсең де ағаң көнер желкесіне.
1996 жыл.