Қонысбай мен Серік айтысы (4-бөлім)
Қонысбай Әбілов, Серік Құсанбаев · 2 мин оқу
Ей, аға, жасың емес, көрсетсеңші,
Басыңның өлеңіңмен артықтығын.
Бұл ағам елдің қамын жеп отыр ма,
Лықылдап айтар жыры кеп отыр ма?
Ертерек жолықпадың деп айтасың,
Шынымен күнім өтті деп отыр ма?
Дүбірлет айтыс дейтін дүрмекті шын,
Шын ақын қызыл сөзді күрмепті шын.
Күнім өтті деп өкініп отырсаңыз,
Осылай өкінумен жүрмекпісің?
Дау деген осындайдан басталады,
Шалқысын аспан,төрде жастар әні.
Әр нәрсе уақытында деген сөз бар,
Шалқыттың талай әнмен астананы.
Бұл күні ағамыздың қызметі өсіп,
Бір бөлім әкімшілікте басқарады.
Торғайға күні түсер тотының да,
Сырласы болады екен сопының да.
Өкпе айтқан әпербақан әкіміңе,
«Жас Алаш» мақаласын оқыдың ба?
Айтыста көрсетейік біз ептілік,
Ініге жарасады ізеттілік.
Сарғайтып сол сабазың тілшілерге,
Есігін қойған екен күзеттіріп.
Ал бұған нанбайсың ба, нанасың ба?
Ақын ең орны бөлек Алашымда.
Тілшіге ит жүгіртіп, күстаналар,
Ондайлар сәулесі жоқ санасында.
Қамқор боп қол ұшыңды бермедің бе,
Жүрген соң сол әкімдер арасында.
Болмаса қара өлеңнің қамшысымен,
Жонынан таспа тіліп аласың ба?
Қонысбай:
Болса да жаман жолдас жаттан жақсы,
Ойым жоқ қызметпен мақтанбақшы.
Депті ғой баяғыда бір кәрі қыз,
Бай дейтін бай да емес жоқтан жақсы.
Қиналып Торғайдағы дархан халық,
Аяздай қариды ғой арқаңды анық.
Екі рет тараса да қия алмай,
Кіндіктен жүрміз әлі арқандалып.
Сырт елде жүріп сұлтан бола алмаспын,
Торғайдан кетіп қызық көре алмаспын.
Сор ақса туған жердің тозағында,
Басқа елдің жұмағына бере алмаспын.
Көрмес жан түйені де көрмес, інім,
Жақсының соңынан сөз ермес, інім.
Қашанда жөн білмейтін әкім үшін,
Ақындар еш жауабын бермес, інім.
Қашанда кең еді ғой алдың, інім,
Аяқтан бірнеше рет шалдың, інім.
Шақты екен сені бүгін қандай ара,
Дәл бүгін танымай да қалдың, інім.
Тізбелеп мәтелің мен мақалыңды,
Таң қылдың, айналайын, қатарыңды.
Сөз айттың мына жұртқа арнап төгіп,
Үстіңе киіп шығып шапаныңды.
Бірі деп санаушы едім көргендінің,
Жоқ еді бөтен істі көрген бұрын.
Толқынның кейін келген басы ғой деп,
Алушы ем сәлеміңді елден бұрын.
Қоныспен құшақтаса құлашы деп,
Тапсырма саған біреу берген бе, інім.
Көңілі жақсылардың алаң депті,
Жетеді шамалыға шамаң депті.
Әкімді мақтамайық, даттамайық,
Мақтадың сен бір рет Заманбекті.
Серік:
Білегін келсең кел деп сыбайды інің,
Айтыста жыға алмассың, жығам бүгін.
Қылыштай қиып айтар ақиқатты,
Мінезіне сай ақынның сыралғымын.
Қарғаның қара өлеңмен көзін шұқып,
Көрініп қалар дегем қырандығың.
Жасыма сен де оған «Жас Алашым»,
Бұл күнде шаш ал десе, бас аласың.
Заманнан зәбір көрген зарлы халық,
Өзіңді асқар тау деп тасаласын.
Байсалды байлар менен әкім түгіл,
Есігін Елбасының аша аласың.
Еңбегің жетпіс жылғы ұшан-теңіз,
Құдайым, күпіршілік жасамасын.
Ал, енді, қоямыз ба, ақын аға,
Сәті кеп жолығыппыз сахнада.
Ішінде көп ақынның өзің ғана,
Шені бар, шекпені бар әкім аға.