Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (2-бөлім)
Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Жоқшылық әйелдердің иығын езіп,
Сандалып көшеде жүр, дүние кезіп.
Бір үйдің отын жаққан аяулы ана,
Киелі ошағынан кетті безіп.
Ықтайтын ызғырықтан панасы жоқ,
Жетім мен жесірлердің наласы көп.
Он бала асыраушы еді, жесір әйел,
Бүгінде бір балаға шамасы жоқ.
Білмеймін қысып кеткен тарлық неткен,
Ақырын сұраймын да, зар қып көктен.
Біреуге бауыр етін, құл қып беріп,
Анасы қайыр сұрап қаңғып кеткен.
Қол жетпес теңге деген аспандағы,
Қорлықтан құтылмайсың қашсаң дағы.
Қазақы кеме жарға тірелді ғой,
Ер қайда жол табатын сасқандағы.
Айтпауға аналардың жасын көрдім,
Жолында келеді екен басың бергің.
Ауылдың осыншалық жүдеуіне,
Кешпейтін күнәсі көп әкімдердің.
Сөйлесе орныменен ақын жақсы,
Сайланса орныменен әкім жақсы.
Халыққа қайырымсыз басшылардан,
Бір құшақ кеуіп тұрған отын жақсы.
Мұхамбетқали:
Әсеке, шамалыға шалдырмадың,
Ұшқанда құс қанатты талдырмадың.
Шаруаның бәрін өзің айтып кеттің,
Мұқашқа айтатын түк қалдырмадың.
Тағдырың көрсетпесін дар ағашты,
Айтысқа Мұқаш кештеу араласты.
Әсеке, бар жағдайды өзің айттың
Ал, Мұқаш айналдырады қара басты.
Ой, Мұқаш осы жер жақсы ортам десең,
Ұят-ау нағашыдан қорқам десең.
Әсеке ер адамды «сазан» дедің,
Тіліңіз бармады ма «шортан» десең.
Екеуміз болдық деймін түйтес егіз,
Болады егіз шаруа күйттесеңіз.
Мұқаштың жайын білмей, «жайын» дедің,
Аузыңыз бармады ма «кит» десеңіз.
Көп болады абысынның тату асы,
Болмасын осы жерде ашу басым.
Мұқашты «кит» дегенге азсынсаңыз,
Мұхиттың болар еді, «акуласы».
Қарт анам өзіңізге сәлем деді,
Мейірімін төккендей әлемдегі.
Әсеке, сөзіңді айтып, өзіңді айтып,
Сенің дүлдүлдігіңді дәлелдеді.
«Әй, балам, қызбалыққа баспа деді,
Әселхан көп ақыннан басқа деді.
Өзіңнен биіктерге секірем деп,
Сыйластық сызығынан аспа» деді.
«Бұл жайды Әселхан да білер деді,
Өзіңе жақсы тілек тілер деді.
Сен Біржан бола алмайсың дауым жоқ қой,
Әселхан, Сара деді, бір елдегі».
«Жар болсын саған балам Иең деді,
Ақынның өлең болар сүйенгені.
Сен жиен Әселханға болғаныңмен,
Өнерге бола алмайсың жиен деді».
«Әсекең осы айтыстың өрті деді,
Сахнаның Құдай берген көркі деді».
Айтқандай астананың аспанында,
Әсекең жырларымен желпінеді.
Жақсы ғой ақынға шын өлең келсе,
Ақындар өлеңімен көлемденсе.
Әкім боп қанша жүрем Құдай білер,
Ақын боп қаламын ғой, өле-өлгенше.
Жан едім шамалыға илікпеген,
Бас сыймас жерге тағы килікпеген.
Әкімді жарлықпенен тағайындайды,
Ақынды сайламайды бұйрықпенен.
Әкімдік қызмет қой қуа біткен,
Ақындық бойға анадан туа біткен.
Болғаны халық берген айырылмасам,
«Ардақты ұлсың» деген куәліктен.
Әкімдік ақындықтан мәңгі ат емес,
Қызмет бұл айтыста мандат емес.
Генерал болуға да ұмтылмаған,
Дейді «солдатты да, солдат» емес.