Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қонысбай мен Қатимолла айтысы (2-бөлім)

Қонысбай Әбілов, Қатимолла Бердіғалиев · 3 мин оқу

Жетісу, Арқа менен екі араны,
Жалғауға қандай құшақ жете алады.
Бабалар сойылыменен қорғап соны,
Қанымен сызып кеткен шекараны.

Жау келсе біздің күшті пайдаланған,
Сонан соң бейбіт кезде жайлап алған.
Келгенде жоңғарларың қырып-жойып,
Қорғаса сол, шіркіндерің, қайда қалған?

Күлімдеп әрбір таңым атсын деймін,
Бақытын ел достықтан тапсын деймін!
Ас ішіп, аяғымды тепкендерді,
Дәмімнің кепиеті атсын деймін!

Кінә артып отырғаным жоқ, саған бүгін,
Бермесін тағдырыңның жамандығын.
Бауырым, азсыңдар ғой білем оны,
Тілеймін аз халықтың амандығын.

Талай жай бастарыңнан өтіп жатыр,
Хабарың бізге-дағы жетіп жатыр.
Қап-қара уылдырық, қызыл балық,
Тең-тең боп Мәскеу жаққа кетіп жатыр.

Жұмсақ қой уылдырық тістеріңе,
Кіреді қызыл балық түстеріңе.
Мәскеуге жөнелтпей-ақ өзің жесең,
Жақпас деп қорқасың ба іштеріңе?

Қатимолла:

Жақсы ғой ұлағат сөз тастамаған,
Қонеке-ау, жағдайды айттың бастамадан.
Қызыл балық Мәскеу жаққа кетіп жатса,
Айыбы бізден емес астанадан.

Көрмей ме сол балықты саған берсе,
Көрмей ме қасыңдағы маған берсе.
Құдірет қолыңызда болса егер,
Қонеке, тартып алшы шамаң келсе?

Қонысбай:

Өлеңді айтқан сайын шешілесің,
Жүйріктей өрге шабар көсілесің.
Карточка кірген мынау заманада,
Халықтың шашпа бекер несібесін.

Кезінде шоқтай болып жайнап едік,
Фашисті қамшыменен айдап едік.
Соғыстан кейінгі сол жылдарда да,
Ешкімге алақанды жаймап едік.

Басқа ұрған балықтай боп қалғандаймыз,
Киініп тойынуды армандаймыз.
Батыстың шіріп жатқан байларынан,
Садақа сұрауға да арланбаймыз.

Байлығың болса егер басыбайлы,
Ешкімнің жаны шындап ашымайды.
Батыстан келіп қалған бір жәшік ет,
Халқымды неше тәулік асырайды.

Жанымда Қатимолла еріп жүр де,
Бөкендей бүлкілдетіп желіп жүр де.
Балықты мен аударып алар болсам,
Торғайға балық сұрап келіп жүрме?

Қатимолла:

Алдыңа жан салмайсың самғағанда,
Шақырып тұрғандай бір арман алда.
Ендеше қолдан келсе іс қылалық,
Не болар бұл екеуміз зарлағанда.

Мықтысың сөз шырайын табар неше,
Шақ келер тегеурінге саған неше.
Қонеке, сол байлықты сұрамаймын,
Ешқандай арманым жоқ қазақ жесе.

Қонысбай:

Өлеңді тырыспаймын қойдыруға,
Жарлылар жалғыз атын сойдыруда.
Екеуміз тойып жүрген не болады,
Халықты бет бұралық тойдыруға.

Асқар тау Алатауым сияқты олар,
Шалады биіктегі қияқты олар.
Қазақтың екі мықты ақынының,
Балыққа таласқаны ұят болар.

Пушкиндер қайталанбас тұлға шығар,
Сіздің ел ат қоюға мырза шығар.
Көше бар, оқу орны, кітапхана,
Марқұмның аруағы риза шығар.

Ештеңе шығармаймын ойдан деймін,
Оңаша қалғанда бір ойлан деймін.
Ал, енді өз Пушкиніміз – Қасым аға,
Елеусіз, ескерусіз қалған деймін.

Сөздері жақсы ақынның саздау шығар,
Мақсаты мәңгі оттай маздау шығар.
Ер Чапай туған жерге қойған белгі,
Сендегі ескерткіштен аздау шығар.

Қатимолла:

Мағұлмат беріп біздер халыққа көп,
Сірә да біраз жайды анықтап ек.
Қояйық таласпасақ, таласпай-ақ,
Беріп жатқан біздерге балық та жоқ.

Айтайын жауабыңды ептеп енді,
Қонеке, біліп отырсың жетпегенді.
Пушкин мен Чапаевқа ескерткіш бар,
Құрманғазы, Махамбет шеттеген-ді.

Ақынсың сөзің ұшқыр, ойың дайын,
Көп істің білесің ғой, өзің жайын.
Бойлауық жылқыдайын бойлай бермей,
Жөн сөзді ел алдында мойындайын.

Қонысбай:

Ақтардың ұтқыр ойдың біразының,
Көңіліңе келмесінші жыр-әзілім.
Азғана қазағыма қалқан болдың,
Бауырым, Қатимолла, разымын.

Айтысып жырдың екі саңлағы,
Ойлары көгенінен жамырады.
Тарталық ат тізгінін енді біз де,
Атаның риза болсын аруағы.

Біздей-ақ бір ақын жүк арқаласын,
Дәл қазір кеңігендей арқа-басым.
Халқым-ау, қуаныштан айырмасын,
Мәңгілік тойларыңыз тарқамасын!

Қанық қой мына халық атағыңа,
Мен-дағы тілектеспін сапарыңа.
Ендігі халық ақыны менше сенсің,
Тезірек қосылғайсың қатарыма!

1992 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз