Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Мұхамбетқали:
Дегенде ағайындар астаналық,
Біз бүгін жыр жастығын жастаналық.
Ортаңа екі ақының шығып отыр,
Тосыннан тәуекелді тасқа жанып.
Тентектеу ақын едім, өктем қалып,
Ұшпасын төбемізден кептер нағып.
Келдік біз құс қанатқа салып алып,
Осында ғажайып бір көктемді алып.
Ағайын, ақын сырын ұқтыңдар ма,
Тілеңдер мықтылықты мықты ұлдарға.
Жаз келді өлмегенге дегендейін,
Бір қыстан аман-есен шықтыңдар ма?
Демеймін не қуантам, не мұңайтам,
Демеймін тілдің жайын егіле айтам.
Боп жатқан қуаныштар құтты болсын,
Кездессе қайғыңа да көңіл айтам.
Отырма елдің жайын ақын айтып,
Жағайын шабыт шамын шақырайтып.
Еліміз еңбек жайын толғап жатса,
Тауларға, таулар сәлем жатыр айтып.
Әсеке, ақынсың аты үлкен тегі,
Мен едім Жезқазғанның бір тентегі.
Болдым мен астанамен амандасып,
Аман ба, шешем туған Шымкент елі.
Жігіттер маңдайлы да, пешенелі,
Қуанам тыныштыққа көшедегі.
Әсеке, Шымкенттейін ел аман ба?
Аманба, Шымкенттегі шешем елі.
Қажысақ Қаратауға сүйендік пе,
Жомарт жұрт қайдан шығар сый ел бүксе.
Қырық серкеш дайын ба, ала қайтсам,
Қайтарда соға кетсем, жиендікке.
Әселхан:
Мұқашжан, тулап шықты сазандайын,
Ал, менің бұл тентекке жазам дайын.
Бәрің де тентекпін деп мақтанасың,
Тентектің бөркі болады қазандайын.
Ағайын тағы сізге сәлем бердім,
Өкілі болғаннан соң өнерлі елдің.
Жаныма Жезқазғаннан Мұқаш шықты,
Жасырған жайынындай терең көлдің.
Екеуміз нағашылы-жиен едік,
Ішінде кездескенде кемелді елің.
Біріміз-бірімізден асып тұрмыз,
Жобалап қосуын-ай шеберлердің.
Жарқырап оңтүстікке келді көктем,
Сәбидей жаңа туған елжіреткен.
Жаныңды жадыратар самал есіп,
Балқиды тұла бойың желді лебпен.
Құлдырлап ағып жатыр өзендерім,
Әз-наурыз жағасына жұпар сепкен.
Алғашқы құстар келіп абыр-сабыр,
Жай іздеп ұя салар төңіреткен.
Шаруа иығына кетпен салып,
Жер-Ана құр қоймас деп бейнет шексең.
Мұқашжан, белгілі еді ақындығың,
Өзгеріп бұл дүние жатыр бүгін.
Бар билік ақымаққа тиген заман,
Қолдары бос қалған соң, ақылдының.
Ақынның жаны нәзік жомарт еді,
Жетті екен сенің қалай батылдығың,
Ақынға тие бермес қызмет қой,
Жиенжан, құтты болсын әкімдігің.
Жақсы әкім келе сала, елді ойлайды,
Кір жуып кіндік кескен, жерді ойлайды.
Бел буып күні-түні аттан түспей,
Қиыннан ел шығатын жолды ойлайды.
Ал енді, жаман әкім байды ойлайды,
Қарбытып асайтұғын майды ойлайды.
Қолында ақша барға көзін сүзіп,
Ішіп-жеп, жататұғын жайды ойлайды.
Шындықтан күдіктеніп сөз бағады,
Мақтаса жағымпаздар мәз болады.
Көзінен көкірегі асып кетіп,
Ештеңе көре алмайтын әз болады.
Бұл нарық екі иығын жалмап келді,
Нарықтан елге тастай салмақ келді.
Атамда аласы жоқ, бересі жоқ.
Білмеймін бізді қалай таңдап келді.
Қалтасын алаяқтар тонап алып,
Олардан азап шекті қара халық.
Қолынан келсе дағы, келмесе де,
Базарға барып жатыр домаланып.