Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (4-бөлім)
Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 3 мин оқу
Алатау айналды ма, күміс тауға,
Нарықпен елің бүгін тыныстауда.
Ауылда теңге деген түске кіред,
Ақшаны коммерсанттар уыстауда.
Жетпіс жыл мұраға ел қуанды ғой,
Егеменді ел болып ту алды ғой.
Үкімет суын сиыр сауа білсең,
Сол сиыр арам қатқыр су алды ғой.
Ой, Мұқаш елге ойыңды бөлсең дейді,
Өлеңнен жыр маржанын терсең дейді.
Тәртібін бұл нарықтың білесің ғой,
Енді өзің, өз күніңді көрсең дейді.
Әселхан:
Жиендер мұнша босаң халық па екен?
Бұл жерде айтатұғын нарық бөтен.
Шынымен сұлап түссең сахнада,
Көтеріп иығыма салып кетем.
Мұхамбетқали:
Жиенге нағашы жол нұсқамайды,
Болады ағаш түгіл ұста қайғы.
Әсеке, «дәридайлап» отырсыз ғой,
О шиқыл, бұл шиқылға ұқсамайды.
Әселхан:
Жарамас жетектеген жігіт дауға,
Жарамас жетектеген ит те ауға.
Басынан өткізген соң, сорлы қазақ,
Үлгі қып айтып кеткен дені сауға,
Одақтың нұсқауымен, бұйрығымен,
Жетпіс жыл көзді жұмып тарттық қауға.
Сол қауға осы күні құры шығып.
Басымыз арылмастай қалды дауға.
Нұсқаумен, жетектеумен жүрген басшы,
Өзінше жол таба алмай жан таласты.
Үкімет өндіріске көңіл бөлмей,
Алданып жылтыраққа қара басты.
Тізгінді бос жіберіп қойғаннан соң,
Тайынбай ұрлық-қарлық араласты.
Халықтың жиған есіл қазынасы,
Рәсуә болып кетті-ау аяқасты.
Қол соғып ақындарға сый қылынды,
Мұқашжан, көп шығарма қитығыңды.
Сөзімді менің айтқан тыңда да отыр,
Ұқсатпа, ұқсатпасаң шиқылыңды.
Жезқазған жерің сенің қазыналы,
Кернейді дүниені сазың әлі.
Байқамай топырағына күрек салсаң,.
Жүзіне алтын тозаң жағылады.
Әкімі елге құтты жақсы дейді,
Тірлігі етіп жатқан мағыналы.
Осындай арқылы елден келгеннен соң,
Бұл Мұқаш жырдан неге жаңылады.
Құр босқа «дәридайға» баса бермей,
Жырласаң мен сияқты не қылады.
Мұхамбетқали:
Ақындар ел алдында лақбаушы еді,
Деймісің іште сырды сақтаушы еді.
Әсеке, бұл Мұқашты мақтай көрме,
Ішіме мақтау сөздер жақпаушы еді.
Жібердің сахнаны майдан қылып,
Қарайды бізге жұлдыз қайдан күліп.
Жиенді Әсекесі мақтай беріп,
Біржола алмақпысың айналдырып.
Әсеке, алтын тонға жағасыз ба?
Тұлпарға таймайтұғын тағасыз ба?
Айтысты мана өзіңіз бастап едіңіз,
Реті кеп тұр енді жабасыз ба?
Жетті ме көрерменге жырым бүгін,
Болсыншы осы бізге ырым бүгін,
Әсеке, хабар келді түсіріңіз,
Айтыстың бүгінгі күн шымылдығын.
Әсеке, осы күнді ойда сақта,
Жүректің тереңіне бойда сақта.
Бабалар айтқандайын біраз жерге,
Шаптық қой қарап отсам, ойнасақта.
Айтыста Есіл болып есілгейсің,
Демеймін халыққа көп шешілмейсің.
Жиенің осыменен қоштасады,
Кетсе егер артық сөздер кешіргейсің.
Шырқалды осы жерге жыр тәуірі.
Айтпадым ел алдында сылтау ірі.
Ағайын Астаналық қош болыңдар,
Қоштасты сендерменен Ұлытау ұлы.
Әселхан:
Ауылға барсаң жиен бас қоямыз,
Алдыңа түрлі-түрлі ас қоямыз.
Дастархан берекесі ортайған жоқ,
Болмасын жоқтық деген қаскөй аңыз.
Қонақтар Шымкентке жиі келеді,
Таймаған жомарттықтан сүйген елі.
Тік тұрып аяғынан қызмет қып,
Қонаққа қайтарында сый береді.
Нарық кеп халқымызды қаумалады,
Сонда да несібін жұрт саумалады.
Шымкент сұлулары тіккен костюм,
Назарын күллі әлемнің аударады.
Байлық қой мұның бәрі ұғынғанға,
Біртіндеп тола берер шығындар да.
Шыққан соң ел алдына ақын болып,
Шындықты айта алмасаң құның бар ма.
Жасасын елім жеткен Егемендік,
Тәуелсіз тайдырмасын тұғырды Алла!
1992 жыл.