Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (3-бөлім)

Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Соңыңнан Мұқаш сіздің ере алар ма?
Бағаны ел алдында бере алар ма?
Кезегін сөздің қазір мен берейін,
Айтыста аты шулы генералға.

Әселхан:

Татулық көрік берген даламызға,
Сөзіңе жауап қатпай қаламыз ба.
Мың алғыс алдыменен айтайыншы,
Ақылды сәлем айтқан анаңызға.

Бұл шабыт ақындарға қонбай ма екен,
Көңілі бұл жиеннің толмай ма екен.
Шоршисың «сазан» десем неге сонша,
Сазанның еркегі әлде болмай ма екен.

Кемшілік Шымкентте жоқ демеймін,
Ел жұрттың барлығы да тоқ демеймін.
Сол жұрттың арасында жүргеннен соң,
Өзім де біреуімін көп кедейдің.
Жар кешіп жалаңаяқ жүргендер көп,
Мұңымды кімге айтып өкпелеймін.
Олардың халін сұрар өкімет жоқ,
Өксігі кетер болды көпке дейін.

Бүгінге «отыз жетің» болмай сабақ,
Шаруа шенеуніктен шекті азап.
Бастары шортандардың шірігенде,
Құйрығын жем қылмай ма, майда шабақ.
Ел жайы күннен-күнге құлдырауда,
Басшылар отыр екен, қайда қарап.
Тас керең, қалқан құлақ кімге дәрі,
Ұры мен мафияға болған мазақ.
Жаманды бір сынаған екінші рет,
Сынама деп айтушы еді атам қазақ.

Жезқазған жігіттері қалайсыңдар?
Аспаннан түскендей боп қарайсыңдар.
«Алматы-Ташкенттің» көліктерін,
Жезқазған жолдарында тонайсыңдар.
Апарып жеміс-жидек сатып жүрсе,
Жабылып саудагерді сабайсыңдар.
Айтқанда Шымкенттің дастарханын,
Тағы да тілдеріңді жалайсыңдар.

Барлығы осы айтқанның шын ғой, көрген,
Таусылмас көкіректі жыр ғой керген.
Орыстың өзін жатқа қиғанменен
Қия алмай бөтелкесін жүр ғой пендең.
Қазаққа арақ ішіп бас ауырту,
Кешегі «жетпіс жылдан» із ғой келген.
Аман ба адырдағы шопандарың
Қуанып бір шишаға, бір қой берген.

Мұхамбетқали:

Әсеке, уақсың ба, ірісің бе?
Жорғаның жорғалығы жүрісінде.
Шортанға шабақ барып, таяиды – дейсің,
Жақындап көрсінші ол тірісінде.

Бұл Мұқаш жыр жалынын жоймаған ғой,
Тойларда талай-талай, тойлаған ғой.
Құланның құдық барып құлағанда,
Құрбақа құлағында ойнаған ғой.

Жезқазғанда жүріп жатыр жиендерің,
Қарт Ұлытау қажығанда сүйенгенім.
Ер жігіт үш жұртының бірі ғой деп,
Басымды сендерге де ием – дедім.

Қал қалай, нағашы жұрт сыншы елім,
Жарасып әзілдерің жүрші-дедім.
Шымкентті мақтаса ел көтеріліп,
Шымкентті жамандаса күрсінемін.

Шымкенттің сіз боласыз Әселханы,
Ататын ән-жырменен әсем таңы.
Жұртым-ау, Мұқаш үшін дайындай сал,
Кім білед, мына жерге носилканы,

Әсекең қызып кетсе, кім біледі,
Жіберіп жыр жұдырық үлгереді.
Талайдың қабырғасы Әсекеңнің,
Салмақты соққысынан күлдіреді.

Жатпасын алшысынан асық түсіп,
Талантта жатқан жоқ қой тасып түсіп,
Соққысын Әсекеңнің алғанымша,
Алайын уақытты қашып-пысып.

Жиен боп қулығымды қолданайын.
Алдында нағашымның жорғалайын.
Соққысын Әсекеңнің алғанымша,
Былай да, былай қашып қорғанайын.

Заман не боп барады, жарықтығым,
Ноқтасын кигізді ғой нарық бүгін.
Сонда да жағдайымыз жақсы дейміз,
Бөрідей білдірмейтін арықтығын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз