Әселхан мен Абаш айтысы (1-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Абаш Кәкенов · 2 мин оқу
Әселхан:
Сын сәтте күйін кешіп нар қасқаның,
Тағдырмен тірлік үшін арбасқанмын.
Күніне қанша бәле көрсек тағы,
Лаулады көкіректе тозбас жалын.
Басыма бодандықтың кебін киіп,
Өзімді кескіледі алдаспаным.
Ақыры желтоқсанда шыдай алмай,
Шеңгелдеп сары сақалға жармасқанмын.
Киелі топырағыңа қош келіпсің,
Қадамың құтты болсын қандастарым.
Өнердің бойлап Абаш ағыстарын,
Бұлбұлмен аспандағы жарысты әнің.
Жастардың сыйлығына ие болдың,
Баянды бола берсін табыстарың.
Ауылың Тарбағатай етегінде,
Бар еді күрең жорға жетегіңде.
Қытайдағы қазақтармен көршілес ең,
Сендерге бұйым емес шетеліңде.
Бауырлар Құрылтайға келмей отыр,
Жағдайын білмедің бе, кетеріңде.
Рұхсат етпепті ғой басшылары,
Білмейміз бұл жұмбақтың не екенін де.
Қаншама қандастарым тілін тістеп,
Бұйрығын жат елдіктің көтеруде.
Қинасын итті құдай иесімен,
Шеңгел де дүркірейді мекенінде.
Шығыста халқың бар ғой қайсар жаны,
Түседі осындайда ой салмағы.
Зілзала зардабынан зақымданған,
Ел жұрттың жайы қалай Зайсандағы.
Абаш:
Көңілден көктей ұшсын жыр кептері,
Құрылтайдың таусылмайтын құрметтері,
Арғы жақ,бергі жақты мен білмеймін,
Аманбысың Пайғамбардың үмбеттері.
Дегесін айтысымыз келіскенге,
Бұл Абаш оңайлықпен беріскен бе.
Ағайындар көшіп-қонып қайда кетпес,
Берлинге көшіп кеткен немістердей.
Жамандап бір-бірімізді ұтамыз ба,
Айналдырып жүре берсін жұрт аңызға.
Барымен базар деген қазақ едік,
Келгендерін, көңілге демеу тұтамыз да.
Біткен соң,жиналысты халық кетті,
Жеңешем мың құбылтып әніне салып кетті.
Алматылық ағайындар қалдыңыздар,
Қонақтарды бір жаққа алып кетті.
Несіне айтар сөзден жасқанамын,
Отырған соң жеңешем бастап әнін.
Сағынған қандас бауыр келер,келмес,
Бұл жерде халқы отыр Астананың.
Тарқамайтын өмір деген базар қандай,
Кеттіме әлде бізді назарға алмай.
Жеңеше қабағыңды түйе берме,
Төлегеннің әкесі Базарбайдай.
Жеңеше айтар сөзбен толғанасың,
Ей Абаш, жеңгеңнің қасында жолға аласың.
Жеңгемнің шабыты да келмей отыр,
Қарсы алдымызда Президент болмағасын.
Жеңеше айтқаныңды аңғарамын,
Ақын едің қазақ деген бар ғаламның.
«Апам да аң таң, мен де аң таң» – деген сөз бар,
Аз қалған жұртты көріп таң қаламын.
Құдайым айырмасын ырысыңнан,
Ақын едің көкейден жыр ұшырған.
Астанаға дұғай сәлем алып келдім,
Мекендеген өр Алтай шығысымнан.
Сұрағыңа жауапты берер едім,
Айтқаныңа жеңеше елеңдедім.
Қытайдан қазақ келмей жатыр дейсіз,
Оны қойып, Шығыстан өзім де әрең келдім.
Жеңеше айтқаныңды еселедің,
Не айтсаң да, қайның болып кешер едім.
Кеш келгеннің біреуі сіз емес пе,
Осы айтысқа асығып кеше келдің.
Әселхан:
Абашжан отыр екен шалқып бөтен,
Алып кеткен қонақтарды тәртіп бе екен.
Бұл қазақ білушы еді айтыс құнын,
Президенттің шәйі бұдан артық па екен.
Болсам да өлең сөздің батырындай,
Жыр қазан қалар кейде сапырылмай.
«Көпірден түйе таяқ жепті» – дейді,
Аяғын баспаған соң ақырындай.
Жеткізді Шымкентім рахмет,
Ауылда қалып едім шақырылмай.
Не шығар жеңіл сөзбен дауласқанда,
Айтысы құрылтайдың жалғасқанда.
Екеуі арзан сөзге айналды дер,
Бәрі бір сөз арнаймыз қандастарға.
Туған жер айрылғанда көрікті елден,
Дөңгелеп бастар ұшқан бөріктерден.
Жан алып, жан беріскен майдандарда,
Сай-сала, қан сасыған өліктерден.
Ақша іздеп,байлық іздеп, біздің қазақ,
Шетелге қашқан жоқты еріккеннен.