Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қонысбай мен Қатимолла айтысы (1-бөлім)

Қонысбай Әбілов, Қатимолла Бердіғалиев · 3 мин оқу

Қонысбай:

Армысың, қазағыма мақтан халқым,
Батырды Қабанбайдай тапқан халқым.
Ас беріп алты Алаштың баласына,
Аунатып аруақты жатқан халқым.

Жырлары ақындардың лағыл болсын,
Басыңнан ұшпайтұғын бағың болсын.
Құдайдан қайтсын деймін еңбектерің,
Иншалла,тілектерің қабыл болсын.

Екі күн жюри болып отыр едім,
Айтыскер ақындардың өкілі едім.
Шыдамай сахнаға шығып кеттім,
Кешірім бәріңізден өтінемін?!

Сахна еркелейтін үйім екен,
Халықтың ықыласы – сыйым екен.
Қолтығы құрғамаған жүйрік едім,
Отыру жюри болып қиын екен.

Армысың, қасиетті Қатимолла,
Аға боп қалдың сен де ақындарға.
Жасқанып жерді жарған атағыңнан,
Жаныңа менен басқа жақындар ма?

Ауызға атың бірден ілінгендей,
Ең алғаш есілгенде жырың желдей.
Торғайда жатып-ақ мен қуанып ем,
Атақты Мұхит атам тірілгендей.

Алыстан айналдым мен сырласыңа,
Мен куә сен бөгеліп тұрмасыңа.
Әнші қып, ақын қылып жомарт құдай,
Аямай бере салған бір басыңа.

Сендегі сөз де бөлек, өлең бөлек,
Ішінде жүз ақынның төбең бөлек.
Келіп ем қолтығыңнан демегелі,
Қысылсаң шылбырымды берем бе деп.

Соңыңнан қаптай еріп халық жүрер,
Ақынның жұлдызы да жанып жүрер.
Қолға алып домбыраңды Қатимолла,
Әніңе асқақтатып салып жібер.

Қатимолла:

Жан едім талай жерде той бастаған,
Ән бастап, жыр бастаған, ой бастаған.
Ассалаумағалейкум, қалың елім,
Қарамай бұл қаңтарға той жасаған!

Көңілге зор қуаныш толады да,
Игі істің бір басшысы болады да.
Бабасын қастерлеген асын беріп,
Көп рахмет «Қазақ тілі» қоғамына.

Арылып басымыздан азапты күн,
Келгендей жарқырап таң, азатты күн.
Мінекей, осы жолы көрсеткендей,
Баласы үлкен атам қазақтығын.

Шаттығып кеудемізден жыр шығып тұр,
Кеудеде жүрек, шіркін, бұлқынып тұр.
Мән берген осындай бір ұлы тойға,
Рахмет төрағаңыз Тұрсыновқа!

Айтыста жақсы болсын қарсыласың,
Сөзіңнің айыратын парқы, нарқын.
Ойдағы тілегімді айтып кетті,
Алдымда Қонысбайдай маршал ақын.

Қонеке, сөзіңізде мән бар еді-ау,
Тыңдайтын өзіңізді ел бар еді-ау.
Әуелден жүре бермей арамызда,
Ішінде әділқазы нең бар еді-ау.

Белгілі-ау ойдан сөзді ұшырарың,
Тыңдатып көрерменге ұсынарың.
Мен өзім кеше, сірә, байқағанмын,
Мүйізіңіз қарағайдай қышығанын.

Сөйлесең сөз қалады-ау, ән қалады,
Шарықтап домбыраңнан сән қалады.
Ал, енді кезегіңді бердім, Қонеке,
Қанеки, шырқап жібер самға-дағы.

Қонысбай:

Сен мені, Қатимолла, «маршал» дедің,
Алда да осылайша «жар сал» дедің.
Болашақ маршалдардың бірі өзі,
Халқым-ау, қолың соғып, қарсы ал, дедім!

Талай топ мен өзім де жарған едім,
Бәйгеге ақ боз ат та алған едім.
Жюриге зәбір көрген ақындарға,
Араша түсем бе деп барған едім.

Сондықтан жеңіл әзіл жарамайды-ай,
Бұл халық қызық көрмей тарамайды-ай.
Мүйізде нең бар еді, Қатимолла,
Өзіңнің мүйізің де қарағайдай.

Бұрынғы аталардың толғамымен,
Салмақты сөз айтпақ боп толғанып ем.
Ойда көп қала бермес бұралқы сөз,
Күлуге қанша жақсы болғанымен.

Қорғаған жанын сала аталарым,
Білмеймін қалай тыныш жата аларын.
Қарадай қайқы қылыш жалаңдатып,
Обкомнан шығыпты ғой атаманың.

Түрі бар ештеңеден тайынбайтын,
Жайы жоқ бірлік жайын уайымдайтын.
Штабқа айналған ба обкомдарың,
Баевтай атамандар дайындайтын.

Қарадай елдің басы қалған дауға,
Халықты шақырғайсың алданбауға.
Баевтар Оралымды бөліп алып,
Ресейге қосылуды армандауда.

Қонысбай:

Айтыссақ, біз сыйласып ұғыс болар,
Халыққа беретұғын бір іс болар.
Қонеке, бұл сөзіңнің жөні бар-ды,
Дұрысты дұрыс деген дұрыс болар.

Мынау ел өз жөндерін біледі де,
Көш, сірә, өз жөнімен жүреді де.
Бірер топ не жасайды бұл халыққа,
Қалатын, үретін ит те үреді де,
Оралым Ресейге кетеді деп,
Қонеке, сірә, түсіңе кіреді ме?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз