Көкен мен Бүркіт айтысы (1-бөлім)
Көкен Шәкеев, Бүркіт Бекмағамбетов · 2 мин оқу
Көкен:
Уа, халқым, асыл халқым, асқан халқым,
Табысың дариядай, жүзің жарқын!
Ассалаумағалейкүм, астанамыз,
Қабыл ал, ұмытпайын ақын салтын.
Ақынын ардақтайтын қазақ елі,
Дәнменен әнді сүйер барлық жері.
Байлығы асып-тасқан жыр сияқты,
Көрші енді, болмай ақын, болмай сері!
Игеріп жерді, енді айды құшқан,
Барлық ұлт аға-іні бір туысқан.
Шашуым – жүрегімнен шыққан жырым,
Тойына алпыс жылдық Қазақстан!
Басталар сол байлығым Алматыдан,
Үздік тұр бар облыс, басқалардан.
Табысы шетелге аян, біздер түгіл,
Мен кімнен бой тасалап жасқана алам?!
Қарасам, орталықта Қарағанды,
Аты да ерте кезден тараған-ды.
Қазағым аты шығып Байқоңырмен,
Космостық ерлігімен бағаланады.
Көп сыр бар – Жамбыл, Шымкент, Өскеменде,
Өркендер өндірісі өскен елде.
Дәл бүгін мұның бәрі жарасады,
Бір кезде түйе мініп көшкен елге.
Гурьев, Маңғыстау мен Қызылорда,
Балығы, мұнай, күріш біздің қолда.
Атасы ақ тарының Ақтөбеде,
Оралым – байлық құты қалмас жолда.
Атасам Талдықорған, Семейімді,
Еріксіз жыр кернейді көмейімді.
Белгілі Павлодар тракторы,
Тағы да айтып оны берейін-ді.
Жезқазған – Жәйремымен жарасады,
Бұған кім жас отау деп таласады?!
Болмай ма мың айналсам заманымнан,
Өсірген биік қылып аласаны!
Егерде айта қалсам егін жайын,
Дайын тұр – Целиноград, Қостанайым.
Және бар Торғайым мен Солтүстігім,
Бөлектеп Көкшетауды тастамаймын.
Астықтан зор сенімді ақтаған-ды,
Отанның ар-намысын сақтаған-ды.
Біздерді «Тың игерген шын батыр!» – деп,
Леонид Ильич өзі мақтаған-ды.
Теңселттім тың даланы табысыммен,
Егінде еңбек еттім намысыммен.
Қазағым, құттықтаймын өткен күзгі,
Асырған миллиард пұт табысыңмен!
Алпысқа абыройлы келгеніңмен,
Жазбаймын қия басып көргенімнен.
Туған жер кіндік кескен – Қазақстан,
Тағы да құттықтаймын орденіңмен!
Иесі төрт орденнің қазақстан,
Жаңылмас Қазақстан сол табыстан.
Астығың асып шықсын биыл тағы,
Біз-дағы құр қалмаспыз бұл алғыстан.
Көкшенің миллиардта күресі бар,
Жүз қырық үш миллион пұл үлесі бар.
Ақыны Солтүстіктің, ең алдымен,
Айтыспай тұрып, бізге ілесіп ал!
«Өмірдің өлең деген айнасы деп»,
Жақсыны жария етудің пайдасы көп.
Қос тойға жырдан шашу шашу үшін,
Шақырды астанамыз «қайдасың» деп?
Халыққа ұсынайық өлең гүлін,
Білгенге, өлең – өнер, өлең – білім.
Тықыршып кезек күтіп сен отырсың,
Жырлай бер, домбыра ал да, Бүркіт інім.
Бүркіт:
Мен бұрын көрмегенмін жетегіңді,
Кім білсін шарықтап бір кетерімді.
Көкшетау бізді сынап жатқан жоқ қой,
Сондықтан жырлаймын өз мекенімді.
Алтынға асыл ғасыр баланатын,
Теңейміз күн нұрына балап атын.
Туымыз, ұранымыз – бейбітшілік,
Соғыстың көрсетпесін жаманатын.
Өлеңге шаршы топта тартынбағам.
Әндетіп, той-думанда жарқылдағам.
Өйткені ақын халық ұрпағымын,
Ән мен күй, өлең-жыры сарқылмаған.