Ақтан мен Көлмағамбет айтысы (1-бөлім)
Ақтан Нұрбаев, Көлмағамбет Нұрмағамбетов · 2 мин оқу
Ақтан:
Алтайдың ақиығы Ақтан едім,
Халқымның қолғанаты, мақтаны едім.
Тасқындап тау суындай таусылмайтын,
Жырлауға дариядай аққан едім.
Елімнің сөзін сөйлеп, жырын жырлап,
Жұртымның төрге төсер мақпалы едім.
Ешкімге егес сөзден есе бермей,
Қарулы қарсыласқан қақпан едім.
Сен-дағы көрсет аяқ алысыңды,
Кезекті енді сіздің жаққа бердім.
Көлмағамбет:
Айтқанда жерім жайлы, халқым жайлы,
Ініңіз іркілмейді, алқынбайды.
Байлықтың көзін тауып ғалымдарым,
Балқаш пен Қоңыраттың даңқын жайды.
Жерімде мың ғасырдың нәрі де бар,
Тасымда таптырмайтын дәрі де бар.
Ақшатау, Жамбылым мен Ақтастыда,
Космостық металдардың бәрі де бар.
Несіне, ақын аға, бәстесемін,
Сұрасаң бар металдан септесемін.
Жезқазған өзі жалғыз бір құрылық,
Жерімен жеті облыс шектесемін.
Бар бізде еліміздің ең керегі,
Бір шахтым облысыңдай кен береді.
Одақта түсті металл туын тіккен,
Жәйремім екі Алтайды өңгереді.
Ақыным, қиындайды халың әлі,
Біздерде жезден де алтын алынады.
Мырыш пен молибденнің қазынасы,
Көктіңкөл комбинаты салынады.
Сөзімді мына менің өрт пе дейсің,
Ағажан, неге атыңды ерттемейсің?
Байлығы түгесілген Алтайыңның,
Жер астын дұрыстап бір зерттемейсің.
Аузыма бүгін жұртты қаратайын,
Жүйріктей домбырамды жаратайын.
Қаныштай ғұламадан бастап тұрып,
Мен бәрін білгірлерді таратайын.
Шығады Жезқазғанның атағы әлі,
Әлемге тарап оның жатады әні.
«Жезқазған комбинаты» деген алып,
Сәтбаев есімімен аталады.
Етейін білгенімді мен жария,
Білмесең құлағың сал, сен қария.
Қаныштың басып кеткен іздерінен,
Ағады сары түсті кен дария.
Таситын дарияның кезі келді,
Тепкілеп, жүгіреді жезі жерді.
Данышпан ағам менің сан кеншіні,
Оқытып, білім нәрін өзі берді.
Жайым жоқ сенен ғалым сұрап алар,
Қазақтың мақтанышы бұл ағалар.
Машанов, Ешпанов пен Байқоңыров,
Жезқазған дәрпін жайған ғұламалар.
Ақыным, қарсыластың пенделікпен,
Тосылар тосқауылды мен де күткем.
Өскемен аты дардай болса-дағы,
Ғылымнан қалып қойдың сен неліктен?
Мен сенен, ақын аға, қалдым ба бір,
Күміс көл, тауым да өлең, шалғын да жыр.
Қос сыншы Қаратаев, Қирабаев,
Әдебиет майданының алдында жүр.
Ақтан:
Шуақты шығыс жері шұғылалы,
Өзені мен тау-тасы құбылады.
Көкорай белуардан жасыл шалғын,
Ақмарал, еркін өскен бұғылары.
Саф ауа, самал желді атырабы,
Етектей балдырғанның жапырағы.
Үзіле бұраңдаған бәйшешегі,
Мейманды күндік жерден шақырады.
Білектей саумалдығы желбіреген,
Бармақтай қарақаты мөлдіреген.
Алтайдың қойны толы жеміс-жидек,
Уыздай ауызға алсаң, үлбіреген.
Жаудырып қырқа белден қызғалдақтар,
Билейді мың тақия, жүз балдақтар.
Көк торғын, жасыл манат көрпе астынан,
Ағады сылдыр-сылдыр мұз бұлақтар.
Сыңсыған жасыл орман, ну қарағай,
Тіккендей жасыл ала ту жағалай.
Самырсын, балқарағай, қайың, терек,
Теңселеді балағын су сабалай.
Көңліне таңғы шықтан көл тұндырып,
Ашып сап омырауын желпіндіріп.
Жатады көк майсада келген қонақ,
Мойылдың бұтағына бөркін іліп.
Тәкаппар мұзтау сері өр қараған,
Шыңына шыққан жаннан шер тараған.
Өңірі өзендермен өрнектеліп,
Ақ ерке Ақбұлақпен бел ораған.
Жаңғырған аңмен, құспен далалары,
Көзге әсем тау мен тастың салалары.
Қойнында әр жотаның тұп-тұнық көл,
Сынаптай тербетілген шарадағы.