Манап пен Надежда айтысы (4-бөлім)
Манап Көкенов, Надежда Лушникова · 3 мин оқу
Келіп бір асханаға күйгенім бар,
Бергісіз төбелеске билерің бар.
Еліктеп Европаға ес кеткен көп,
Соны да дейсің бе елге үйреніп ал?
Сылқым қыз, сән түзеген қара бала,
Жармасқан иыққа да, жағаға да.
Би емес, би дегені шатты-бұтты,
Ша-ша-ша, чарльстон мен шала-бала.
Меніңше, бұл жөн емес қызығарлық,
Қалшылдар жын қаққандай қызып алып.
Бұл не зат, қарындасым, мен білмедім,
Жастарды жүрмейміз бе бұзып алып?
Қарасам, қалқам, құрбы қыздарыңа,
Бұлбұлдай сайрап тұрған гүл бағында.
Алды – елу, соңы – қырыққа келгенімен,
Білмейді-ау ана болып туғанын да.
Күйеуге тағдыр қосқан күйе жағып,
Күйінем сопа басы тұрғанына.
Кей күйеу есепте бар, үйінде жоқ,
Біразы баланың зар тырнағына.
Болмайды неге өзіңдей семьялы,
Ескертіп қоймадың ба бұл жағын да?
«Ер – қос ие, әйелге бала ― бақыт»,
Ел қапа ұя шырқын бұзғанына.
Баурайы Алатаудың көркем еді,
Серуендеп қайтуыңа жер кең еді.
Тауықтың кепесіндей дачаларға,
Көз түссе, көңіл шіркін өртенеді.
Курорт сал, салғыш болсаң, уа, ағайын,
Сочи мен Қырымыңды не қылайын.
«Алматы – әйбәт қала» десең-дағы,
Күйдірер, Надяжан-ау, осындайың!
Надежда:
«Қыз», «би», «сүт» араласқан және «тауық»,
Сұрақты үйдіңіз ғой Алатау ғып.
Ағасы, осы жолғы айтқаныңа,
Көрейін мен әлімше жауап тауып.
Ақынның өлең деген перзентіне,
Иіген адам түгіл, қара тас та.
Қыздарды қалай ғана кінәлайсыз,
Ойында дәнеңе жоқ жырдан басқа.
Жаңаны бір көруге адам асық,
Әркім-ақ бір өнерді қылар машық.
Ақшаға жақын кісі, шын айтасыз,
Жастықтың ауылынан тартар қашық.
Жастықтың ала берсін желік есін,
Жаңа би, «ша-ша-шаға» еліктесін.
Ракета заманының қыз-жігіті,
Билемес сіз бен біздей, әріптесім.
Қолдары, ақ сандары жарқ-жұрқ еткен,
Жөн көрсе, варьетесін дәріптесін.
Бір сұрақ кермек татып таңдайыма,
Қаттырақ тиіп кетті маңдайыма.
Гүл еді – Алатауым жасыл кілем,
Дачаны жыпырлаттық аздай мына.
Ағасы, жан-жағыңа қаран-дағы,
Еске ал, құс заводын «Тарандағы».
Қалаға етке шауып сарсылғанша,
Жақыннан ала берем барам-дағы.
Айтпадың, ақын аға, жөн емес-ті,
Шықтыңыз небір ойдан көкейкесті.
Қорамнан «қи көрмедім» демесеңіз,
Соғымға соямыз ғой төбел бесті.
Гүлденсін күннен-күнге алабыңыз,
Тудан ту жеңе берсін «Талабыңыз».
Сәлем айт, Сыр еліне берекелі,
Қашанда қыста – қызыл, жазда – қымыз!
Ал, аға, тойдан тойға кез болайық,
Көбейсін асқақтата айтпағымыз!
Манап:
Ақынға асыл қасиет жыр мен өлең,
Сайысса, әзіл тастап ілмелеген.
Сол үшін қастерлейді оларды ел,
Әу десең, айнала жұрт кимелеген.
Ақынға ел бәйгені алып берген,
Абырой-атақ, дәріп, даңқ берген.
Бұл айтыс қазағымның ата салты,
Ұрпаққа мұра болып қалып келген.
Бұл айтыс – Жамбыл, Кенен, Нартай жолы,
Құрметтеп дәріптеуде халық оны.
«Қызыл тіл ― өнер алды» деген бар ғой,
Әркімнің жете бермес оған қолы.
Сөз тастап, пікір айттым, Надя, шырақ,
Кейде жай, кейде айттық қатаңырақ.
Топта озған шын жүйріктің өзі екенсің,
Жол көрген әдеп сақтап, аға сыйлап.
Қойдық та туыстықты, көршілікті,
Табысты айтып, сынадық кемшілікті.
Көрініс көлеңкелі болса, мінеп,
Жасайық өлкемізде молшылықты.
Ақын боп, өмірге бос келу емес,
Жеңілу, мақсатымыз – жеңу емес.
Атынан облыстың келгеннен соң,
Намысты бірақ қолдан беру емес.
Біз емес ежірейіп егесетін,
Ақынбыз – шындықты айтып кеңесетін.
Ақынбыз – жырға қосқан туған елдің,
Торқалы алпыс жылдық мерекесін.
Білмейді біздің көңіл жасуыңды,
Асамыз алда талай асуыңды.
Өлеңнен өмір сәуле жарқыраған,
Шашайын, халқым, саған шашуымды!
1980 жыл.