Көкен мен Бүркіт айтысы (2-бөлім)
Көкен Шәкеев, Бүркіт Бекмағамбетов · 2 мин оқу
Сөз берді, домбыраны қолға алайын,
Естілсін қоңыр даусым, ән салайын.
Алпыс жыл асқарында қазақ елі,
Жиырма өзек етіп толғанайын!
Дестелер сары мұртты алтын өрген,
Шаттанды шабытты еңбек оны өсірген.
Облыс астық алды өткен жылы
Әр гектардан он сегіз центнерден.
Ренжіп батқанына қысқа күннің,
Санаулы әр сағаты нұсқа күннің.
Шам жағып бара жатыр қыр кемесі,
Еңбек Ері – Төлебай Мұстафинның!
Елімде орасан көп ұлы ісім,
Қарқындап өрге басты құрылысым.
«Сәулет сай – дәулетіме» дегендейін,
Көкенге Қызылжардың жырын ұсын!
Қырлардан қырман көрсек көңіл толып,
Ордасы – тыңым думан ырыс қонып.
Жыл сайын сол байлықты жиған ерлер –
Ладиган, Батура мен Заяц, Ионов.
Көкен:
Мен едім көкшетаулық Көкен ақын,
Өнерге он жасынан болған жақын.
Талайлар тайқақтап ед айтысқанда,
Саған да тап осы жол кетпес хақым.
Сөз айтқан сахнада салихалы,
Семейлік білуші ме ең Қалиханды?
Көрінген күрескенде «күштілігім»,
Бас тартпан әкелсең де Дариқаңды!
Айтысқам жетісулық Әбікенмен,
Әзірге ешкімнің жоқ әлі келген.
Қалмай ма тұлпар түгі аунағанда,
Ән мен жыр келіп едім Көкше елінен.
Айтыстың өнегесін Біржан берді,
Үйретті сол айтысқа басқа елді.
Алматы өз үйімдей болып алды,
Сайысқа шықтым, міне, буып белді.
Көкшетау ежелден-ақ ақын елі,
Сонда өсті өзіміздің Ақан сері.
Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ,
Бәрінің қызық, думан жүрген жері.
Бертінде көзге түсті Шәкен ақын,
Ауылдас, туыстығы бізге жақын.
Солардан үлгі-өнеге үйренгенмін,
Кешірші, ағат кетсем батып тақым.
Әттең, сен, жасы кіші баласың ғой,
Шаңыма ілесе алмай қаласың ғой.
Бурадай шайнап салып отырар ем,
Кездессе өзім теңдес, жарасып ой.
Білемін барлық сырын Қызылжардың,
Өйткені, ақын іздеп талай бардым.
Көргенмін Ахметжан, Игібайды,
Үлгі алған інісімін мен солардың.
Көкшеге лайықты сайланғанмын,
Өзімді сан айтыста сынағанмын.
Асты алтын, үсті де алтын Көкшетаудың –
Жауабым, «ел қалай?» деп сұрағанның.
Көкшенің даласы – дән, тасы да алтын,
Көркейткен Отанымның салтанатын.
«Ерге сын – егін жинау» деп атаса,
Еселі еңбегімен өскен қарқын.
Қосылған миллиардтың есебіне,
Мөлшерді есептемей кешегіге.
Астығын Қазақстан төртке бөлсе,
Біреуі «көкшетаулық» деседі де.
Үлесі үстемелі жыл-жыл сайын,
Орындап жоспардағы ет пен майын.
Жобасын Компартиям сызып берген,
Іспенен орындауға халқым дайын!
Алпыстың елім келді асуына,
Табыспен халқым тойға асығуда.
Арқауы адамзаттың алтын астық,
Арналған осы тойдың шашуына.
Егерде, ерлер ісін берсем талдап,
Қағарсың таңдайыңды өзің таң қап.
Жыл сайын жаңа табыс, жаңа ерлер,
Айтайын мыңнан бірін асқан саңлақ.
Есілбай Қадырәлин соның бірі,
Табысы жиырма жаста болды ірі.
Орденді тракторшы жиырма бірде,
Еліміз еңбегінен білді мұны.
Жиырма екіде СССР депутаты,
Аталды құрметпенен оның аты.
ГДР мен Бирма барды жиырма үш жаста,
Өмірі көтерілген бейне саты.