Көкен мен Бүркіт айтысы (3-бөлім)
Көкен Шәкеев, Бүркіт Бекмағамбетов · 2 мин оқу
Хатына «бейбіт өмір» қолын қойды.
Көркейтер білім ойды, еңбек бойды.
Қазірде жұлдыз тақты Еңбек Ері,
Қарсы алды отыз жаста осы тойды.
Бірнеше орден, медаль таққан тағы,
Толықсып кемеліне келген шағы.
Мүшесі Коммунистік партияның,
Дейді ол: «Ердің бағы ― елдің бағы!».
Бүркіт:
Ұнады, Көкен аға, толғанысың,
Кей жайды баяндадың болған ісін.
Түсінбей тұрғаным тек мынау ғана,
Көрші боп қайда берген қолғабысың?
Басқа сөз ұқсастықтан жоқ па дайын?
Ойлап ем олқылыққа тоқтамайын.
Қазбалап қоймадың ғой, Көкен аға,
Мен-дағы кемшілікке тоқталайын.
Өркенді өлкеңізді гүл санадым,
Кей жайды еліңізге мін санадым.
«Көкшетау правдасы» газетінің,
Қайтемін тізе беріп «сын садағын».
Болмайды қалайша бұл таңдануға,
Көкшетау кейін кеткен мал бағуда.
Дімкәсі ірі қара толып жатыр,
Рузаев, Ленинград ауданында.
Көз ашу қиын болды сылтауыңнан,
Ештеңе табылмайды жалтарудан.
Щучье фабрикасы өнім алмас,
Сегіз құс фермасының алтауынан.
Көке аға, домбыраны қолға алып ал,
Айтайық жақсылықты, толғанып ал.
Көкшетау облысын көргенімде,
Осындай кемшіліктер болғаны бар.
Айтыста арқам қозып жайтаңдаймын,
Көрсетпей өнерімді қайта алмаймын!
Фашистен беті қайтпаған, қайсар аға,
Қаймықтырам сізді деп айта алмаймын.
Көкен:
Білемін ерлеріңді маған таныс,
Бөлініп, бөлшектеніп баспа шалыс.
Үйіңді жекеленіп шетке салма,
Келмей ме бірлікпенен жеңіс, табыс?
Ортақпыз ер ісіне тегіс жалпы,
Ерлерді «ел ұлы» дер қазақ салты.
Барлығын тізім жасап атамадым,
Болған соң түгел батыр Көкше халқы.
Не керек, ақын сөзі шын болмаса,
Әзілмен қағысайық тым болмаса.
Басыма секіресің, мін айтпасам,
Сөзіміз нәрсіз болар сын болмаса.
Сын болды өткен орақ сендер үшін,
Жинадың қар жауғанша келмей күшің.
Кей жерде алынбаған егін де бар,
Бірақ та оны айтпаймын, ішің білсін.
Біздерден қырық үш миллион кемге соқтың,
Дестені су қылып ап, жемге соқтың.
Жетіп ең Көкшетауға қай уақытта,
Емес пе арасындай жер мен көктің?
«Алматы» совхозының аты жақсы,
Механизатор кадрлар неге тапшы?
Бір емес, алпыс адам жетіспейді,
Совхоздың басшылары нені бақты?
Мақтар ма «керемет» деп тұрмысыңды,
Түзелмей салдыр-салақ құрылысыңды.
Ақша жеп «Дзержинский» совхозында,
Казарян ашып берді қылмысыңды.
Жолдастар «Тораңғылдық» тыңда дейді,
Директоры Анатолий Пунда дейді.
Бітпеген бес жыл бойы бір база бар,
«Сақалды» кәрі құрылыс мұнда дейді.
Үкімет қаулы алды тойға арнап,
Өндіріс байлық жолы талай тармақ.
Қазақстан тойына алпыс жылдық,
Әркім-ақ өз табысын алып бармақ.
Шыныңды айт, оқыдың ба қаулы жайын?
Мініңді тұнжырайсың айтқан сайын.
Халыққа коммуналдық қызметің,
Ақыным, дей алмаймын, сенің дайын.
Ауданың Сергеев пен Бескөліңде,
Тұрмыстық қызметің өскені ме?
Халыққа костюм түгіл көйлек тікпей,
«Жарасар шекпен киген» дескені ме?
Тілеймін, саған еңбек, өнер-білім,
Қабыл ал, ағаң айтқан сөздің сынын.
Торқалы тойға арнаған сөз сайысын,
Осымен тоқтатайын, Бүркіт інім.
Бүркіт:
Ақынды сыйлап өтер халқы деймін,
Халықты сыйламаған жалқы деймін.
Көп сөзді өзіңізге айта алмадым,
«Ағаны сыйлау – іні салты» деймін.
Дәуірдің ақындары айна сынды,
Айтысты нұрлы заман алға ұсынды.
Менімен жас санаспай айтыстыңыз,
Арнаймын менде сізге алғысымды!
1980 жыл.